Бүгінде бағаналы ордамыз, Бас қаламыз орныққан Қараөткел мен Күйгенжардың арасы ежелден-ақ ата-бабаларымызға құтты қоныс, қасиетті мекен болғаны бұлтартпас тарихи жәдігерлермен дәлелденіп келеді. Бұған дейін қаланың оңтүстік-батыс ендігінен Бозоқ атты қалашықтың орны табылған-тын. Зерттеушілер бұл шаһар-кентті VIII ғасырдың үлесіне жатқызса, оған жалғас ХІ-ХІІ ғасырларға тән сәулет өнері Бытығай (Ботағай) кесенесі жүз шақырым қашықтықта мен мұндалап тұр. Демек елорда өңірі сонау ежелден келе жатқан өркениет бесігі.
Осы орайда, жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі іспеттес елорда іргесінен тағы бір көне мәдениеттің ұшығы шықты. Нақтырақ айтсақ, Астанадан көмірлі қала Қарағандыға қарай шыға беріс күрежолдың бойында орналасқан Күйгенжар кентінің дәл іргесінен сақтар қорғаны табылды. Бұрындары үйген топырақ сияқты обаланып жататын қоянжон қорымдарға аса мән беріле қоймаған-тын. Соңғы жылдары елорда ендігі Ұлы Далаға тереңдеген сайын сахараның небір сыры ашылып жатыр.
Осының нәтижесі болар, 2005 жылы жоғарыдағы қорымға алғаш рет экспедициялық қазба жұмысы жүргізіліп, барлау барысында археологтар ерте кезде қорғанның тоналғанын анықтады. Бірақ ешқандай заттық немесе деректік дүние табылмаған соң қазба жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Бірақ осы іс барысында таспен жабылған қорғанның биіктігі – 4, көлденеңі – 60 метр екені нақтыланып, жабынға пайдаланған тастар Нұра өзені бойынан алынғаны анықталған еді.
Жоғарыдағы уақытша байырқалаған жұмыс «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі апта бұрын қайтадан қолға алынды. Аталмыш қорғанға қазба жұмысын жүргізуші Кемел Ақышев атындағы «Есіл» археологиялық экспедициясының жетекшісі Марал Хабдулинаның айтуынша, қорымды зерттеу-барлау жұмыстарын Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы үйлестіріп отыр. Сонымен қатар бұл істі атқарып шығуға университет ұстаздары, докторант, магистрант, студенті бар барлығы 17 адам қатысуда. Бұлар екі аптадан бері тынымсыз еңбек етіп, нәтижесінде қорғанның жоғарғы қабатындағы қабірлерді ашқан.
Бірінші қабірден оң қолында неке жүзігі бар әйел адамның қаңқа сүйегі табылса, басқаларынан сүйектен жасалған белгісіз зат және әшекей бұйымдар қатарына жататын қола сырға, күміс жіп, айна және белдіктің тоғасы секілді дүниелер шығыпты.
Таңданарлық жағдай, қорғаннан табылған жеті адамның қаңқа-сүйегінің бастары құбылаға қаратылып, мұсылман дәстүрімен жерленген. Қорымнан табылған сүйектер сараптама жасату үшін Италияға жіберіліпті. Ондағы мамандар қаңқалардың қай кезеңге жататынын зерттеп, жақын арада нақты жауап беруі тиіс.
«Мұндағы қорғанның хронологиясы шамамен 2 мың жылды қамтиды. Бұл – сақ мәдениетінің кезеңі және ол ерте темір дәуіріне жатады» дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің оқытушысы Данияр Тілеуқабылов.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»