(Қазақстан халқына Жолдауынан).
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен және Ресей Үкіметінің Төрағасы Владимир Путинмен кездесулер өткізді. Ресейлік әріптесімен Завидовадағы, қала сыртындағы резиденцияда болған әңгіме кезінде экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қатысты екі жақты қарым-қатынас мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Солардың арасында Жеңістің алдағы 65 жылдығы тақырыбы да сөз болды. Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге 9 Мамырды мерекелеуге қатысуға шақыруы үшін Дмитрий Медведевке алғыс айтты. Ол Екінші жаһандық соғыстың қорытындыларын ешқандай да тарихи қайта қарау болмауға тиіс деп мәлімдеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Ресей Президентімен осы жолғы кездесу секілді бейресми байланыс кейде ресми кездесуден маңыздырақ екенін атап өтті. Дмитрий Медведев өз кезегінде ЕҚЫҰ Саммитін биылғы жылы Қазақстанда өткізу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына қолдау білдірді. – Қазақстанға Ұйымға табысты төрағалық тілегім келеді. Бұл көп қажыр-қайратты талап ететін айтарлықтай елеулі жұмыс. Біз сіздің республикаға барынша көмектесуге әзірміз және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайынбыз. Алда біз өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын бірқатар форумдар бар. Өткен жылы болған сынақтар, өкінішке орай, әлі сақталып отыр. Мен қылмысты да, есірткіні де, Ауғанстан және Пәкстан проблемаларын қоса алғанда ішкі өңірлік сипаты бар бірқатар проблемаларды да айтып отырмын. Тұтастай алғанда, барлық осы мәселелер бойынша бізде достық үнқатысу жүріп жатыр, – деп атап өтті Ресей көшбасшысы. Сонымен қатар Завидоводағы кездесуде экономикалық ынтымақтастық мәселелері де талқыланды. Ресей Президентінің сөзіне қарағанда, экономикалық та, гуманитарлық та салаларда екі жақты өзара ықпалдастық жолдарын белгілеу қажет. Атап айтқанда, бірқатар экономикалық үдерістерді жандандыру туралы ойласу, бизнестің дамуына көмектесу қажет, деп санайды Дмитрий Медведев. Нұрсұлтан Назарбаев өз кезегінде Қазақстан биылғы жылға үлкен үмітпен қарайтынын жеткізді. Алда болатын ЕурАзЭҚ мемлекеттерінің басшылары деңгейіндегі кездесу туралы айта келіп, Қазақстан көшбасшысы біздің тараптың оны өткізу мерзімі жөніндегі ұсынысты мұқият қарауға әзір екенін білдірді. ЕҚЫҰ Саммитіне қатысты Қазақстан Президенті бұл форум осы заманғы қауіпсіздіктің де, экономиканың да, адамдық өлшемдердің де жай-күйін бағалау үшін де болуға тиіс екенін атап көрсетті. Мәскеуде болған кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Ново-Огарево резиденциясында Ресей Премьері Владимир Путинмен де кездесті. Тараптар мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту, әлеуметтік даму және Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің Кеден одағы қызметінің мәселелерін талқылады. – Біз бүгін Виктор Федорович Януковичті президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтауымызға болады деп ойлаймын. Мұны бүгін ОСК ресми түрде жариялапты. Келіңіз, телефон соғып, оны құттықтайық, – деді Владимир Путин. Мемлекетіміздің басшысы Виктор Януковичпен телефон арқылы сөйлескенде біздің елдеріміздің арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынас пен жемісті ынтымақтастық алдағы кезде де Қазақстан мен Украина халықтарының игілігі үшін белсенді дами беретініне сенім білдірді. Ресей Үкіметінің Төрағасы Қазақстан басшысымен әңгіме барысында посткеңестік кеңістікте Украинаның қатысуымен интеграция үдерісінің жеделдейтініне үміт артатынын атап өтті. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев біртұтас экономикалық кеңістік құру идеясының әу баста нақ осы Ново-Огаревода 2004 жылы Ресей, Қазақстан, Беларусь және Украина көшбасшыларының қатысуымен талқыланғанын еске салды. Сол кезде тіпті тиісті меморандумға қол қойылған болатын. Мемлекетіміздің басшысы посткеңестік кеңістіктегі интеграция бастамаларына барынша қолдау білдіретінін атап көрсетті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мәселелерін сөз еткен Владимир Путин Ұйым биылғы жылы еуропалық қауіпсіздік мәселелерін шешудің әмбебап алаңына айналатынына сенім артатынын атап көрсетті. – Біз Қазақстан төрағалығымен ЕҚЫҰ шын мәнінде өзінің әмбебап сипатына ие болып, ол құрылған кезде мақсат еткен мәселелермен айналысады деген сенімдеміз. Бұл қауіпсіздік мәселелерін талқылау және, әлбетте, посткеңестік кеңістікте ғана емес, сонымен бірге бүкіл континентте демократияны нығайту жөніндегі жақсы алаң болады, – деп қорытты ойын Ресей Премьері. Суреттер Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз қызметінен және Ресей Үкіметінің сайтынан алынды.
•
16 Ақпан, 2010
АСТАНА – МӘСКЕУ: ТҰРАҚТЫ БАЙЛАНЫС ӘРДАЙЫМ БАР
1030 рет
көрсетілді