Әр адамның басы ауырып, балтыры сыздағанда сыйынары да, сүйенері де жедел жәрдем көмегі. Ал кеше біз бұған дейін кездеспеген оқиғаларға тап болдық. Осы салада жиырма жылдай еңбек етсем де алғаш рет «жедел жәрдем» автокөліктерін тоқтатып, қиратқанды бірінші рет көрдім. Сондай жолмен үш автокөлік істен шықты. Сонда да біз бір күнде 120-дан астам адамға жедел жәрдем көрсеттік. Соның 52-і орталық алаңдағы оқиғалар салдарынан жарақат алғандар болды. Қолдан келгенді аямадық. 27 адамды облыс орталығына жібердік. Солардың бәрі дерлік 18-25 аралығындағы жастар. Сөйтіп жүргенде түнгі 12.00-сағатта шақырылған жерге бара алмайтындай жағдай туды. Автокөлік жолдарына кедергілер қойылды. Бізді асыға күткен адамдарға аяғымыз жетпеді. Бәрінен де, басқа-басқа, өзіміздің бауырларымызға кезінде көмек көрсете алмағанымыз өкінішті-ақ болды. Бүгін, шүкір, жол ашылды. Қажет адамдарға көмек көрсетіле бастады. Бір-бірімізге қамқор болайықшы, бауырларым.
Тимур ӘЛҚУАТОВ, Жаңаөзен қалалық «Жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері.