«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Жамбыл» сыйлығының иегері Мәлік Отарбаевтың «Бір қайыры бар дүние» кітабының тұсакесері өтті.
Қазақ әдебиетін шетелдерде насихаттауды шығармашылығына берік ұстаным кеткен Мәлік Отарбаев бүгінде еліміз ғана емес түркі дүниесіне белгілі қаламгер. Көпшілік елей бермейтін қоғамдағы түйткілді мәселелерді қамтып, адами құндылықтар, руханият мазмұнындағы эсселері мен шағын әңгімелерін автор Астананың 20 жылдығына тарту кеткен «Бір қайыры бар дүние» кітабына арқау етіпті. Кітапты жарыққа шығарған – «Аннұр» баспасы.
Зиялы қауым өкілдері бас қосқан рухани іс-шараны ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы жүргізіп, Мәлік Отарбаевтың қазақ қаламгерлерінің шығармаларын түркі дүниесіне танытудағы еңбектеріне тоқталды.
Ал Ұлттық кітапхананың директоры Ж.Сейдуманов жазушыға шығармашылық табыстар тілей отырып, алдағы уақытта осы руханият шаңырағында қазақ жазушылары алаңының ашылатындығы жайындағы қуанышты хабарды жеткізді.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін алғашқы болып сегіз жасар Мұстафа бастады. Балдырғанның әкесі жас жазушыға кезінде есімін өзіңіз қойыңыз деп қолқалаған екен. Д.Ысқақ, Б.Шаханұлы, ана тіліміздің жанашыры А.Осман, қоғам қайраткері Ш.Беркімбаева сынды қайраткерлеріміз кітаптың лентасын қиып, жазушының шығармашылығына телегей табыстар тіледі.
Автордың жаңа туындысына орай пікірін білдірген ақын Рафаэль Ниязбеков «Бір қайыры бар дүние» кітабында жарық көрген ықшамды дүниелерде үлкен философия, мән-мағына жатқандығына тоқталды. Күнделікті тіршілікте кез келген адам елей бермейтін құнды сөздерді қаламына арқау еткен Мәлік Отарбаевтың бұл да бір ерекше қыры деп, атап өтті аға қаламгер.
«Мәліктің шығармашылығына зор құрметпен қараймын. Әрбір сөзін мазмұнды тіркестермен өріп, бес-алты сөйлемнің ішіне құнды дүниені сыйғыза білген шеберлігіне тәнті бола отырып, білікті, білімді, зерделі жазушы екендігін байқаймыз», деп бағасын берген жазушы А.Ашири автордың «Баянды бақ» пьесасы тұрғысында да аз-кем пікірін білдірді.
Ал ақын ағамыз Темірхан Медетбек кейінгі жылдары өнімді жұмыс істеп жүрген Мәлік Отарбаевтың әдебиетте өзіндік орны, үні бар тұлға екендігін атап өтті. «Шағын әңгімелерімен адам бойындағы ізгі қасиеттерді, айта отырып, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды, керек емес мінез-құлықтарды да сынайды. Сонымен бірге адам мен адамның жарасымдылығын да әңгімелеріне арқау етіп жүрген ойлы азамат», – деді Т.Медетбек.
Берік Шаханұлы жазушының азаматтығымен қатар кәсіби саладағы іскерлігіне тоқталды. Прозада, драматургиямен қатар аударма саласындағы шығармалары арқылы қазақ пен түркі жұртын мәдени тұрғыдан байланыстырып жүргенгендігі құптарлық іс деп, Мәліктей жан-жақты азаматтарымыз көп болса екен деген тілегін білдірді.
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Әділғазы Қайырбеков қазақ-түркі әдебиетінің қайнарынан қанып ішкен жас жазушының әлемдік әдебиет тәжірибесіндегі дәстүрді өз шығармашылығына арқау етіп, оқырманға жеткізуі үлкен жетістік деп бағасын берді.
Ал ақын-жазушы Нұржан Қуантайұлы үш тілді еркін меңгерген жазушының түркілер тарихын жақсы меңгергендігін жеткізді. «Бір қайыры бар дүние» эсселер жинағында шығыстың көне сарындарын, Осман заманын, мұсылмандық кезеңдерді қазіргі уақытпен салыстыра отырып, ой түйіндейді. Мұндай қадамға екінің бірі бара бермейді. Мәлік Отарбаев бұл салада бес аспап маман», деп атап өтті.
Ғалым-ұстаз Шәмша Беркімбаева Мәлік Отарбаев шығармаларымен «Алматы ақшамы», «Егемен Қазақстан» газеттері арқылы да танысып отыратындығын жеткізді. «Аз сөзбен көп ойды білдіретін жазушы болады-ау деп ойладым. Маған қолтаңбасы ұнайды. Дұрыстап зер салсақ, әр сөзі афоризм. Осы орайда қазақ халқының даналық мектебін жалғастыратындар бар екен ғой» деп ой түйдім деген пікірін білдірді.
Жаңа кітаптың тұсакесеріне Н.Қапалбекұлы, Н.Ақыш, Н.Ораз, т.б. елімізге белгілі ақын-жазушылар қатысып, Мәлік Отарбаевтың ел руханиятын өрістету жолында әлі де маңызды да мазмұнды істер атқаратынына сенім артты.
Басқосу соңында Мәлік Отарбаев аға буын өкілдеріне алғысын білдірді. «Сіздер ел Тәуелсіздігінің қалыптасуының кәуісі болып, тұғырының бекуіне атсалыстыңыздар. Ал біз жастар соның жемісін көріп отырмыз. Әрине алғашқы жылдарда көптеген қиындықтар болды. Арқа төсінде Астана бой көтерді. Әлемге мәшһүр болды. Еселі еңбектің арқасында сол қиындықтар артта қалды. Сондықтан да кітабымды «Бір қайыры бар дүние» деп атадым. Халқымыздың қалаулы тұлғасы Шерхан атамызбен кездесуімде де «Бір кем дүниеге» кітабына қатысты пікірлесіп, ғасыр шежіресі турасында көптеген мазмұнды әңгімелерге қанықтым. Сіздердей тұлғалардың батасын алу мен үшін үлкен ғанибет. Ал кітапты оқырман қалай қабылдайды, ол уақыттың еншісінде, деп атап өтті Мәлік Отарбаев.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ