• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
02 Тамыз, 2018

Үздік әлеуметтік жобалар анықталды

529 рет
көрсетілді

Ағымдағы жылдан бастап елімізде «Нұр Отан» партиясының бастамасымен Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамымен бірлесе «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы қолға алынған болатын. Аталған байқау сәуір айында жарияланып, жобаның іріктеу кезеңі аймақтарда бастау алған еді. Тараз қаласында осы ісшараның аймақтық кезеңінің іріктеу салтанаты болып өтті.

Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық және Тараз қалалық филиалдарының басшылығы мен қызметкерлері, мемлекеттік орган­дардың өкілдері, үкіметтік емес ұйым­дар өкілдері мен жоба авторлары, бастауыш партия ұйымдарының төр­ағалары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен «Жас Отан» жастар қанатының мү­шелері мен белсенділері қатысты. Жи­ында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары, комиссия төрағасы Мұрат­хан Шүкеев сөз алып, өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғаларға көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге ба­ғытталған бастамашыл әлеуметтік жо­баларды қолдау байқаудың басты мақ­саты екенін, аталған байқау арқылы елі­мізде іске асырылатын үздік бастама­шыл әлеуметтік жобаларды анық­тап, ұсынылған әлеуметтік жобаларда қолданылған үздік тәжірибелерді ке­ңінен таратып, өзекті әлеуметтік мә­селе­лер­ді шешуде мемлекеттің, аза­мат­тық қоғамның, бизнестің және азаматтардың күшін біріктіру мақсат екенін атап өтті. Сондай-ақ аталған байқаудың өңірлік кезеңінің өтуіне демеушілік жасаған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровке алғыс білдірді. Өз сө­зінде Жамбыл облысы әкімінің бірінші орын­басары Бекболат Орынбеков өңірде бү­гінде 43 мың мүмкіндігі шектеулі аза­маттың бар екенін, оларға лайықты қол­дау көрсетіліп келе жатқанын, бұл мақ­сатқа өткен жылы 45 миллион теңге қарастырылса, биыл 29 жобаға облыс­тық бюджеттен 271 миллион теңге бө­лі­ніп отырғанын жеткізді. Бұдан кейін «Қазақстанның үздік жобасы-2014» бай­қауының жеңімпазы, «Амазонка» қай­ырымдылық қорының жетекшісі Анжелика Сарьян сөз алып, қолдауы үшін тиісті азаматтарға алғыс айтты.

Байқаудың ережесі бойынша жо­ба авторлары «Әлеуметтік пробле­м­аларды шешудегі ақпараттық ілге­рі­ле­ту», «Әлеуметтік салада ерік­тілер қозғалысын дамыту», «Тең мүмкін­дік­термен қам­тамасыз ету», «Мүге­дектігі бар тұл­ға­­ларды қоса алғанда, азаматтарды жұ­мыспен қамту­ға ықпал жасау» жә­не өзге де бағыттар бойынша Тараз қа­ласы мен аудандардан өз жобаларын ұсынып, облыстық кезеңге жолдама алған болатын. Атап айтар болсақ, Тараз қаласынан 4, Шу ауданынан 3, Қордай және Меркі аудандарынан 2 жобадан, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Талас және Сарысу аудандарынан 1 жобадан барлығы 16 жоба ұсынылған. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды «Тараз қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақбөпе Қаленова жеңіп алды. Аталған бірлестіктің «Жүректен – жүрекке» жобасы бойынша дайындаған бейнеролигі көпшілікке көрсетілді. Бұдан соң көп­шілік «Айналайын» балалар мен жасөспірімдер орталығы» жастар клубы» қоғамдық бірлестігі» ЮНЕСКО-клубының «Этно Арт Фест» жобасы бойынша дайындаған бейнероликті тамашалады. Нәтижесінде аталған клуб төрайымы Айгүл Разақова екінші орынмен марапатталды. «Қазақстанның үздік жобалары» республикалық байқауының облыстық кезеңіне белсенді қатысқаны үшін үшінші орынды Жамбыл облыстық «Онкологтар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Батыров иеленді. Көпшілік назарына аталған бірлестіктің «Уақтылы диагностика – денсаулық кепілі» жобасы бойынша дайындаған бейнеролигі ұсынылды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыс етілді.

  Бұдан кейін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауының облыстық кезеңіне белсене қатысқаны үшін Тараз қаласынан «Жандану» мүгедектер қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Зайтжан Юлда­шев, Меркі ауданынан «Парыз-Меркі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Қажығалиева, Шу ауданынан «МАР-НҰР компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Ғалия Әбітаева, Қордай ауданынан «Парыз» мүгедектерге қолдау көрсету» қоғамдық бірлесігінің төрайымы Баян Қарамолдаева және Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ аудандарынан өзге де қоғамдық бірлестіктер төрағаларын марапаттап, оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Байқау барысында Гүлдерайым Нұрмолдаева, Нұрбол Дүйсенқұл, Ақтөре Асқар, Нұрай Ғани­қызы сияқты өнерпаздар әннен шашу шашты. Ал іріктеу кезеңінде үздік деп танылған жеңімпаз жобалар комиссия шешімімен алдағы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін байқаудың республикалық кезеңіне жолданды.

 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы