• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Тамыз, 2018

Жакартада белдесетін грек-рим күресі шеберлері белгілі болды

779 рет
көрсетілді

Индонезияның астанасы Жакартада алауы тұтанатын жазғы Азия ойындарында Қазақстан грек-рим күресі шеберлерінің қандай құрамда белдесетіні анықталды.   

Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсенов айтулы жарыста алты балуанға сенім артып отыр. Олардың барлығы да дүбірлі додаларда жүлде алып жүрген сақа спортшылар. Мәселен, алыптармен айқасатын Нұрмахан Тыналиев (130 кило) әлем чемпионатында үш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Азия ойындары мен Азия чемпионатын екі реттен ұтты. Алмат Кебісбаев (67 кило) – әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Азия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері. Мейрамбек Айнағұлов (60 кило) – былтыр Парижде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Одан бөлек ол екі рет құрлық біріншілігінде жүлде алды. Асқат Ділмұхамедов (77 кило) – былтырғы жылғы Азия чемпионы және сол жарыста ол екі мәрте қола медальді еншіледі. Ерұлан Ысқақов (97 кило) – Азия чемпионы, Азия ойындары мен құрлық біріншілігінің жүлдегері. Азамат Құстыбаев (87 кило) – Азия чемпионатының қола жүлдегері.

Байқасаңыздар, Жакартаға аттанатын балуандарымыздың барлығы да талай дүрмекте ысылған саңлақтар. Қазіргі кезде олар Таразда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Бас бапкердің айтуынша, ұлттық құрама сапындағы жігіттердің барлығының да жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндіктері бар. Соңғы даярлықтарын пысықтағаннан кейін еліміздің грек-рим күресі шеберлері Индонезияға аттанады.

Соңғы үш Азия ойындарының нәтижесіне зер салсақ, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы әркез табысты өнер көрсеткенін байқаймыз. 2006 жылы Дохада жалғыз Роман Мелешиннің бас жүлдесін қанағат тұттық. 2010 жылы Нұрмахан Тыналиев Қазақ елінің әнұранын Гуанжоу көгінде шырқатса, Дархан Баяхметов пен Әсет Мәмбетов күміс алды. Ал Марат Кәрішалов пен Алхазур Өздиев қола жүлдені иеленді. 2014 жылы Инчхонда Нұрмахан Тыналиев қарсылас шыдатпай, тағы да алтын тұғырға көтерілсе, Алмат Кебісбаев, Досжан Қартықов және Ерұлан Ысқақов сынды сайыпқырандар үшінші сатыға жайғасты. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ