• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2018

Астанада шетелдік журналистер марапатталды

459 рет
көрсетілді

Астанада «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты бесінші халықаралық байқауы мәресіне жетіп, үздік шыққан жеңімпаз журналистер марапатталды.

Марапаттау рәсіміне Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Қазақстан Бас редакторлар клубының президенті Ерлан Бекхожин және байқау серіктестері мен жеңімпаз журналистер елдерінің Астанадағы дипломатиялық өкілдері қатысты. Жыл сайын өтетін байқауға шетелдік бақ өкілдері қатысуы артып келеді. Биыл 20-дан астам елден 80-нен астам өтінім келіп түсіп, олардың арасынан бес құрлық өкілдері жеңімпаз атанды. Олар өз жұмыстарында қазақстандық болмыстың түрлі аспектілерін ашып көрсетіп, шығармашылық және объективті тұрғыда баяндауға тырысқан. Жалпы байқау ұйымдастырылған жылдар ішінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің Қазақстанның мәдениетіне, экономикасы мен халқының өміріне деген қызығушылығы артқанын байқауға болады. Оңтүстік және Солтүстік Америка, Еуропа, ТМД және Балтық елдері, Таяу Шығыс және Африка, Азия, Австралия және Океания елдері болып жіктелген өңірлерден келіп түскен жұмыстар арасынан таңдалған бес жеңімпаз бас жүлде – Қазақстанға келуге жолдаманы жеңіп алды. Рәсім барысында сөз алған Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, тек Астана тақырыбы бойынша шетелдік басылымдарда 300-ге жуық мақала жарияланған. «Биыл Астананың 20 жылдық мерейтойы туралы шетелдік баспасөз беттерінде 300-ге жуық мақала жарық көрді. Олардың басым бөлігі Астанаға арнайы сапарлап келген журналистердің эксклюзив мақалалары», деді министр жеңімпаздарды марапаттау барысында. Одан бөлек, байқауға ресейлік, грузиялық, әзербайжан журналистерінің үздік мақалалары келіп түсті. Өкінішке орай, барлығын бірдей марапаттай алмаймыз, дегенмен шетелдік баспасөздерде жарық көрген әрбір мақала үлкен еңбектің жемісі, әрі біз үшін өте бағалы. Сондықтан, бұл байқау өз жалғасын табады деп ойлаймын».

ТМД және Балтық елдері авторларының арасынан 2017-2018 жылдар ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған мақалалар сериясында екі ел қарым-қатынасын белсенді жариялағаны үшін Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің (ӨзА) тілшісі Ұлықбек Шоназаров жеңімпаз атанды. Ал Еуропа журналистері арасынан британдық Джилли Пикаптың Қазақстанға саяхаты туралы «Country and Townhouse» журналында жарық көрген «One Steppe Beyond» атты мақаласы арқылы үздіктер қатарынан табылды. Америкалық Александр Липовцев пен Стефан Рабимовтың «Forbes» журналына шыққан «Қазақстанның бес ғажайыбы: Орталық Азияда неліктен сән туризмі жедел дамуда» атты мақаласы Америка құрлығының журналистері арасындағы ең үздік мақала болып танылды. Ал Таяу Шығыс пен Африка елдерінің журналистері арасынан Қазақстанның дамуына, сыртқы саясатына және Астананың 20 жылдығына арналған сапалы материалдар сериясы үшін иорданиялық Айман Абдельхафез аз-Забен жеңімпаз атанды. «Business Central Asia» журналында жарияланған үндістандық Индервир Сингхтің «Astana: the capital has it's own charms and pleasures» атты жарияланымы Азия, Аустралия және Океания елдерінен келіп түскен мақалалар арасынан қара үзіп шықты. Онда қаланың өсуі туралы статистикалық мағлұматтар келтіріле Астананың сәулеті суреттеліп, қаладағы ғимараттар мен құрылымдардың қысқаша тарихы жазылған. Жеңімпаз атанған бес журналист Астана, Алматы қалаларына және Бурабай курорттық-демалыс аймағына сапарлап және Қазақстанның мәдени-тарихи нысандарымен танысып, Қазақстанның лауазымды тұлғаларымен, сарапшылармен, журналистермен, мәдениет, спорт, туризм саласының өкілдерімен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды.

Венера Түгелбай,

«Егемен Қазақстан»