Жамбыл облысы бойынша археологиялық және қайта қалпына келтіру жұмыстары бүгінгі таңда ортағасырлық Тараз қалашығы, Талас ауданындағы төменгі палеолит кезеңіне жататын Бүйрекбастау тұрағы, ортағасырлық Құлан қалашығы, Жуалы ауданы Теріс ауылындағы ортағасырлық «Баркуаб» қалашығы сияқты тарихи орындарда жүріп жатыр. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев Әулиеата өңірінде болып, Талас ауданы Тамды ауылындағы Бүйрекбастау және Құлан қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарымен танысты.
Сапар барысында жауапты хатшы Талас ауданы Тамды ауылынан өткен жылы бірлескен Қазақ – Жапон ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында ашылған, төменгі палеолит кезеңіне жататын тас дәуірінің тас құралдары шоғыры жиналған Бүйрекбастау тұрағында болды. Экспедиция жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағанбетовтің биыл Бүйрекбастау тұрағына жүргізіп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысты.
Палеолит кезеңі – ежелгі тас дәуірі болып есептеледі. Тарихи дерек бойынша, Қазақстанның Оңтүстік бөлігін адамдар тас ғасырының ерте палеолит дәуірінде мекендеген. Бұл адамзат тарихы дамуының басты кезеңі болып саналып, біздің заманымызға дейінгі 1 миллионнан 140 мың жыл арасын қамтиды. Осы өңірді адамдардың тас ғасырынан бастап мекендегеніне сол дәуір ескерткіштері – тұрақтар, шеберханалар мен Қаратау жоталары аймағынан табылған тас құралдар – шапқылар мен өзектастар дәлел. Соңғы мәлімет бойынша, елімізде 500-ден астам палеолиттік ескерткіш орындары анықталған. Тарихшылардың нақтылауы бойынша ең ежелгі ескерткіштер Қаратау жотасында, мұндағы Тәңірқазған, Бөріқазған, Шабақты, Қызылтау, Қызыләуіт және тағы да басқа тұрақтар материалдары ерте ашель дәуіріне жатады. Осындай тұрақтарды 1958 жылы тарихшы-археолог Хасан Алпысбаев ашып зерттеген болса, бүгінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағанбетов зерттеуде. Нәтижесінде Талас ауданы, Қызылтау мекенінен палеолиттік тас тұрақтардың көлемді кешені анықталды. Осындай шоғырланған тұрақтардың ішінен өткен жылы Жәкен Таймағанбетовтің басшылығымен төменгі палеолит дәуіріне жататын Талас ауданы, Тамды ауылынан ерекше маңызы бар тас құралдардың шоғыры жиналған Бүйрекбастау тұрағы табылды. Бұл тұрақтардың жасы шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 30 мың жыл деп есептелуде.
Келесі кезекте Қуатжан Уәлиев ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген ортағасырлық «Құлан» қалашығына ат басын тіреді. Құлан қалашығы бүгінгі Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылының маңында орналасқан. Зерттеушілер Луговое қаласын бipауыздан Жетісудың ортағасырлық белгілі қаласы Құланмен теңестіреді. Құлан қалашығы туралы алғаш рет VІІ ғасырдың бірінші жартысына жататын жазба деректерде кездеседі. Қала территориясына жасалған алғашқы археологиялық қазба жұмыстары 1936 жылы Жетicy археологиялық экспедициясының жетекшісі Александр Бернштамның бастамасымен жүргізілген. Қазба жұмыстарының нəтижесінде алғашқы отырықшы қоныстардың Луговое төңірегінде біздің заманымыздың бірінші ғасырларында пайда болғандығы анықталған.
Ал 2015-2017 жылдар аралығында «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының» мамандарымен Құлан қалашығында зерттеу жұмыстары цитадельдің солтүстік-батыс бөлігінде жалғасын тапты. Қазба жұмыстары тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақовтың жетекшілігімен жүргізілген болатын. Қазба жұмыстары 2015 жылғы маусымда анықталған үшінші бөлмені толық ашудан басталды. Нәтижесінде VII-VIII ғасырларға жататын сарай бөлмелері ашылды. Қазбадан шыққан материалдар көрсеткендей, бөлмелерді адамдар IX-X ғасырларда қарлұқтық кезеңде де пайдаланғандығы және бөлменің ішкі бөліктеріне жөндеу барысында өзгерістер жасалғаны анық көрінеді.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»