Биылғы халықаралық армия ойындарындағы өзгерістерді, сайыстардың алғашқы нәтижелерін білу мақсатында Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Әділбек АЛДАБЕРГЕНОВКЕ хабарласып, бірер сауалымызға жауап алған едік.
– Әділбек Қалибекұлы, биыл Армия ойындарының бағдарламасына байқаулардың жаңа түрлері енгізіліп, оларды өткізу географиясы кеңейтілгенін көріп отырмыз. Ойындарға қатысушы елдердің саны да артқан. Енді бұл шараның маңызы туралы тарқатып айтып берсеңіз.
– Армия ойындары – халықаралық дәрежедегі теңдессіз шара. Жыл сайын ұйымдастырылатын аталмыш шара әскери қызметшілердің тәжірибе алмасып, біліктіліктерін жетілдіріп қана қоймай, халықаралық деңгейдегі әскери ынтымақтастықты да нығайта түседі. Оның үстіне осы бірегей шараның әлемдік спорттық додалардан еш кемдігі жоқ.
Байқау жыл сайын көптеген мемлекеттердің қызығушылықтарын туғызып, әскери ойындар халықаралық әскери ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың жаңа нышанына, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың кепіліне айналды. Әр жыл сайын сайысқа түсу процесі жетілдірілуде.
Биыл бұл жарыста «Астана», «Оңтүстік», «Батыс» «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері өнер көрсетуге лайықты деп танылды. Олар қазір Ресейдің («Танк биатлоны», «Әскери барлау үздіктері», «Авиадартс», «Қару шебері», «Эльбрус сақинасы», «Әскери-медициналық эстафета», «Далалық ас үй», «Адал дос», «Күзет сақшысы», «Жол патрулі», «Автоброньды танкті техника шеберлері», «Қауіпсіз орта», «Десанттық взвод», «Ашық су», «Инженерлік формула», «Рембат», «Әскери ралли»), Қазақстанның («Сұңқардың аңшылығы», «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Сенімді айла-тәсіл»), Әзербайжанның («Теңіз кубогы»), Арменияның («Достастық жауынгері»), Беларусьтің («Мерген шебі»), Иранның («Тереңдік) және Қытайдың («Теңіз десанты», «Суворов қысымы», «Ашық аспан», «Қауіпсіз бағдар») аумақтарында бақ сынап жатыр.
– Ойынға қатысушыларды іріктеу, дайындық шаралары қалай өтті?
– Қазақстан Қарулы Күштерінің командалары Армия халықаралық ойындары-2018 сайысының байқауларына қатысу үшін дайындықты ерте бастап, шеберліктерін барынша шыңдады. Сөйтіп бас-аяғы 300-ге жуық әскери қызметші жарысқа қатысатын мемлекеттер аумағына діттеген уақытта жетті.
Жалпы АрХО қатысушылары күрделі көп деңгейлі іріктеуден өтті. Бірнеше ай бойы түрлер мен әскер тектерінің, «Астана», «Оңтүстік», «Батыс», «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының үздік әскери қызметшілері іріктелді. Олар Қарулы Күштердің намысын қорғап жатқандығын толық түйсінеді. Ал еліміздің аумағында «АрХО-2018» шеңберінде «Артиллериялық оқ ату шеберлері», әскери байланысшылардың «Сенімді айла-тәсіл» байқауы және ұшқышсыз ұшу аппараттарының «Сұңқардың аңшылығы» сайысы өтуде.
Өз кезегінде қару-жарақ, әскери техникалардың да жарамдылығына маңыз берілді. Мәселен, қазақстандық әскери ұшқыштар Ресей Федерациясының аумағында өткізіліп жатқан «Авиадартс – 2018» байқауына қатысу үшін 4++ үлгісіндегі СУ-30СМ майдандық және армиялық авиацияның ұшу аппараттарын тасымалдауды жүзеге асырды. Оған қоса «Авиадартс – 2018» байқауына қатысу үшін үздік ұшу және инженерлік-авиациялық құрам іріктелген болатын.
– Халықаралық ойындар ережесінде, оның тізімінде біздің әскерилер үшін үйреншікті емес сайыстар бар ма?
– Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүктеген міндеттер бойынша қазір біздің әскерилер кез келген қиындықты еңсеруге дайын. Мұздай қаруланған біздің әскер далалық, судағы және таудағы жағдайларға тез бейімделіп, ұтқыр шешім қабылдай алатындығымен де ерекшеленеді. Оған өткен жылдардағы нәтижелер дәлел бола алады.
Мәселен, биыл «Эльбрус сақинасы» байқауы Кабардин-Балқар жерінде өтуде. Ол жерде әскери қызметшілер алдымен таулы жерге бейімделу курсынан өткізілді. Сонан соң керек-жарақты дайындау, қаруды ретке келтіру және атыста сынауға мүмкіндік берілді.
Бұл жұмыстарға Қорғаныс министрлігі Таулы дайындық орталығының бастығы полковник Аман Каймульдинов жетекшілік етуде. Жоспар бойынша жарыс үш кезеңде өтеді. Бірінші кезең скалодромдағы жеке өрмелеуді, таулы жердегі бағдарлауды, скалодромда тізбектегі өрмелеуді, таулы кедергілер жолағы мен топ құрамында таудағы оқ атуды қамтиды. Екінші кезең барысында қатысушыларға өзен арқылы параллельді және аспалы өткелден өтуді орындау, тастақты учаскені еңсеру, марш жүгіруді орындай отырып, Ми-8 тікұшағынан десанттауды, көтерілу мен түсуге мұз учаскесін бұзып өту, сондай-ақ жаралыны тасымалдау қажет. Үшінші кезеңде конкурсанттарға берілген маршрут бойынша қарумен және керек-жарақпен марш жүгіруді орындауға және Эльбрус тауының батыс шыңына (биіктігі – 5642 метр) шығуға тура келеді.
Біз осы күрделі байқаудың өзінде елеулі табысқа жететіндігімізге сенімдімін. Біздің жауынгерлердің ата-бабадан мирасқа қалған рухы мен жігері мол. Бұл – әскери машық пен тәжірибеден де жоғары қасиеттер.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»