Халық санының артуы Қазақстан сияқты жер көлемі үлкен, халық саны аз мемлекеттерге ежелден маңызды мәселелердің бірі болып келеді.
Барға қанағат десек те, халық санын арттыруды ынталандыруда мемлекет тарапынан жасалатын шаралардың өтімдірек, ықпалдырақ болғаны керек-ақ екені көзге ұрады. Соның ішінде жөргекпұлға төленетін жәрдемақы көлемін арттыра түсу керек сияқты. Қазір оның көлемі алғашқы үш балаға 38 айлық есептік көрсеткіш көлемінде. АЕК-тің биылғы мөлшері 2405 теңге десек, оның жалпы көлемі 91390 теңге болып отыр. Бала санын арттыруды ынталандыру үшін жасалған шара ретінде төртінші баладан бастап туғандардың бәріне төленетін жөргекпұл көлемі 63 АЕК-ке арттырылған. Бұл – 151515 теңге деген сөз. Осы сомалардың өзі Президенттің 2017 жылы осы жәрдемақыларды 20 пайызға арттыру туралы берген тапсырмасына сәйкес өсті. Ананың түрлі материалдық және моральдық, соның ішінде баланы күту, түрлі киімдер мен тамақтар алу шығындарының да артып бара жатқанын ескерсек, бұл сомалардың әлі де бәлендей ықпалды емес екенін көруге болады.
Дүниенің бәрі салыстырмалы түрде танылады ғой. Біз де аса бай мемлекет емес, жан басына шаққандағы байлығы өзімізбен қарайлас Ресейдің осы бағыттағы шығындарын біздікімен салыстырып көрелік.
2007 жылы Ресей Федерациясы шын мәнісіндегі осы елдің қуаты мықты, ресурсы мол екенін көрсетіп, екінші баладан бастап, одан әрі бала санын көбейткен отбасыларға арнап «Ана капиталы» (материнский капитал) деген бағдарлама қабылдады. Осы бағдарлама бойынша 2007 жылы 2 баласы бар әрбір отбасының есепшотына 250 мың рубль аударылды. Ал келесі жылдардан бұл сома өсіріліп отырды. Мәселен 2008 жылы ол – 276 мың, 2009 – 312 мың рубль т.с.с. Тек 2015 жылдан бастап қана өсірілмей 453026 рубль көлемінде қалып келеді. Бірақ жыл сайынғы инфляция деңгейіне орай «Ана капиталы» индекстеліп отырады. Осы дүмпудің арқасында Ресей Федерациясындағы бала туу көлемі күрт артып, 1990 жылғы деңгейге жетті.
Алайда... «Ана капиталы» отбасына қалаған уақытында берілмейді, оны тек отбасының кейбір шығындары үшін ғана алуға болады. Мәселен үй салуға немесе сатып алуға, тұрғын үй несиесін жабуға, бала оқытуға және т.б. Сонымен бірге бұл ақшаны капиталдан атына ақша түскен әйел өмірінде тек бір-ақ рет ала алады. Қалған ақы зейнетақы қорына аударылып, зейнеткерлік жасында бөлініп төленеді. Зейін қойып қараған адамға бұл ақының материалдық құндылығынан гөрі ынталандыру жағы басымдау болған сияқты. Осы мақсатын ол артығымен орындап, бала тууды қатты арттырғанын жоғарыда айттық. Бірақ шындыққа жүгінетін болсақ, бұдан Ресей Федерациясы халық санының өсуі соңғы жылдары артқан жоқ, керісінше, кеміп бара жатыр. Мәселен Росстаттың 2017 жылғы мәліметіне қарағанда, осы жылғы халық саны өлгендердің артуы себепті 135 мыңға азайған...
Ал енді біздің кейбір отандастарымыздың Ресейдегі «Ана капиталын» желдей естіріп, жарнамалап жүргенін де көріп жүрміз. Жақында Инстаграмм желісінде бір әріптесіміз осыны қатты жалаулатты. «Менің танысым дүниеге келген үшінші баласы үшін 450 000 рубль көлемінде «ана капиталын» алды, бұл біздің ақшаға шаққанда шамамен 2 250 000 теңге. Оның үстіне Ресейде 10 сотық жер телімі немесе оның қаржылық баламасы беріледі. Екінші бала үшін 270 000 рубль көлеміндегі бір реттік жәрдемақы төленеді. Ал мемлекеттік қызметшілерге жеңілдетілген ипотека да қарастырылған.
Міне, жағдай осы, Қазақстанның аналары. Мен айтып отырған әйел Челябіде тұрады, бұл – Қостанайға таяқ тастам жер... Бірақ біздің олармен айырмамыз жер мен көктей...» дейді ол.
Әрине, «Ана капиталы» туралы сөз басқа, оның жайын біз жоғарыда жаздық. Бірақ енді бір реттік жәрдемақы (разовое пособие) 270 мың рубль дегені шындыққа жанаспайды. Өйткені бір реттік жәрдемақының негізі 8 мың рубль, бірақ ол инфляция көлеміне сәйкес индекстеліп отырады. Сонда 2017 жылдың қаңтарында босанған әйелдер 15512 рубль, ақпан айындағылар 16350 рубль ғана алған. Теңгеге шақсақ, қаңтарда 77500, ақпанда 82 мың теңгедей. Демек, біздікімен салыстырғанда тіпті аздау. Сондықтан мәселенің мәнісіне бармай жалаулату артықтау екені сөзсіз...
Бұл арада біздегі төленетін бір реттік жәрдемақы көлемі ананы толық қанағаттандырады деуден аулақпыз. Тіпті аз екенін айтқымыз келеді. Егер салыстырмалы түрде айтқанда, бай ел екеніміз рас болса, тым болмаса өзіміздің ежелгі әріптесіміз Беларусь елінің деңгейіне жетуіміз керек-ақ. Ал оларда бір реттік жәрдемақы бірінші балаға 2136, ал екінші және одан кейінгі балаларға 2991 беларусь рублі көлемінде төленеді. Бір беларусь рублі 175 теңге, сонда алғашқы сома 374 мың, соңғысы 523 мыңның маңайында. Міне бұл қомақты қолдау екені сөзсіз. Осыған жетсек бізде алтын құрсақты аналардың арта берері сөзсіз болар еді.
Биыл Қазақстан халқы 18 млн 400 мыңның үстіне шығады деп болжануда. Әрине, жаман емес, оның үстіне жалпы халық санында қазақтардың үлесі де артып келеді. Оның сырттан төнген қатерді азайтып, қауіпсіздік пен тыныштықты арттыруға қосатын үлесі зор. Сонымен қатар басқа этностардың қазақ мәдениетін, тілін, дәстүрін үйренуіне де ықпалы арта түсері сөзсіз.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»