Оқу-тәрбие үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды пайдаланудың маңызы зор. Оқушы шығармашылығын үздіксіз жетілдіріп отыру үшін ұстаз ізденіс үстінде болуы міндетті. Міне, осы мақсатта сыныбымыздың шағын комплектілі болуына байланысты оқытудың тиімді әдістерін пайдалану, үйрену және тәжірибе алмасу қажет.
Сабақ соңында, әсіресе «Екі жұлдыз, бір ұсыныс» арқылы бағалау топтық жұмыстарды тыңдауға, айтылған ойға келісетінін, не келіспейтінін білдіріп оқушыны сыни көзқараспен қарауға баулиды. Өзара бағалау мен өзін өзі бағалау оқушының, мұғалімнің бойындағы кемшілікті жоюға бірден-бір жол екенін ұқтым. Өзін өзі бағалау мен өзара бағалау нәтижесінде оқушылардың тоқсандық білім сапасының алға жылжығанын байқадым.
Сабақ барысында берілген тапсырманы өмірмен байланыстыруға ұмтылыс жасаған кейбір оқушыларды көргенде «мына тапсырманы мына топқа бергенде қалай болар еді» деп ойландырып тастайтын да жайттар кездесіп тұрады. Тіпті топтасып, сабақты мақалдатып өз ойларымен қорытындылай бастады. Ұсыныстарын да білдіріп жатады.
Әр жұмысқа дұрыс мақсат қоя білсек, іс-әрекетіміздің алға жылжитыны анық. Топпен жасаған сабақ өте жеңіл. Оқушылар тыс қалмай, бір-бірін жетелейді. Сыныбымызда кейде тақырыптар біріктіруге сай келмей жатады. Себебі, сыныптары әртүрлі. Бірақ соған қарамастан сынып бойынша тиімді әдістер тауып жатамыз. Осылай жұмысымыз жүйелі түрде жүргізілсе үлгерімі төмен оқушының саны азаяды деп ойлаймын. Қай іске кірісерде де адам оны орындаудан бұрын, жүзеге асырудың жолдарын ойластырады. Мұғалім күнделікті сабақтарға нақты мақсат қойып, оны орындау үшін ұтымды әдістерді таңдауы керек.
Әдіс – балаға берілетін түрлі ұғымдар мен тұжырымдарды көкірегіне қондырудың ең тиімді жолы.
Анар ЖОЛМЫРЗАЕВА,
Қарашеңгел бастауыш мектебінің мұғалімі