• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
10 Тамыз, 2018

Шалдың баласы

2274 рет
көрсетілді

Қазақ менталитетінің өзіне тән тағы бір ерекшелігін айқындап, бекзат болмысын ажарлап әмбе сақтап келе жатқан әдет-ғұрыптарының бірі отбасындағы үлкен баланы, әсіресе ұлдың тұңғышын ата-әжесінің бауырына салу дер едік. Ол атасының баласы болып өседі. Шалдың баласы құдайдың еркесі, оны ешкім бетінен қақпайды. 

Ағайын-туған, ауыл-аймақта оған батып ешкім әсте қатты сөз айтпайды. Әйтсе атасы ашу шақырмақ. Шалдың көңіліне келмесін дейді. Десе де сол шалдың баласы ақылды тентек, келе-келе байсалды да байыпты жігіт болып өседі.

Ұлттың иманы, діні, ежелгі салт-дәстүрлері аяқ асты етілген кеңестік қызыл идеология заманында нақ осы «шалдың баласы» институты халықтық асыл қасиеттерімізді еш дабыр-дабырасыз, үн-түнсіз, үйішілік тәрбиемен-ақ сақтап қалуға, ұмыттырмауға, күресінге тастамауға септігін тигізді. Өйткені коммунистік ұранның делбесін қағып, соған өзінің де делебесі қозыңқырап жүрген әкенің емес, атасының тәрбиесінде көбірек болған бала ата салтынан ажырамады. Атасының күнделікті үйретуімен үлкендерге сәлем берді, дәм қайырғанда «Аллаһу-акбарын» айтып бет сипады, отырған-тұрғанда «бисмилләдан» жазбады, үйге келген үлкендердің қолына су құйып, сүлгі әперіп, алғыс-бата алудың не екенін біліп өсті. Шалдың бауырындағы балаға ізгілік пен иман табиғи тіршілікпен кішкентайынан біте қайнасып дарыды. Бұлай етуге әке-шешенің дәрмені де, қолы да жетпеген, уақыты да болмаған кеңес заманында шалдардың тәрбиесі маңызды болды дейтініміз содан. 

«Шалдың баласы» қай кезде болмасын өзекті де өрелі тақырып. Бұл мәнзелді мәселе қазақ ақын-жазушыларының талай шығармаларына арқау да болып келеді. Белгілі ақын Светқали Нұржан осы аттас ғақия толғауында ата тәрбиесінің атпал қасиеттерін, ұрпақ жүрегінде маздатқан отын тұрмыстық күйбеңнен әлдеқайда биік, ұлттық болмыс дәрежесіне көтере, зор тебіреніспен жырлайды. Ал жазушы Қанат Әбілқайырдың «Атасының баласы» атты этнографиялық сипаттағы әңгімесінен осынау қазақи тәрбие бастауының тұнығынан қызыға қанып ішкендей боламыз: 

«– Мұқыштай, әй Мұқыштай! Аталарыңмен амандас...

Үйден жүгіре шыққан бес жасар Мұқыштай атасының достарына үлкен кісілердей «Ассалаумағаләйкүм!» деп маңғаздана қолын ұсынды.

– Уаға-ләй-күм-уас-салам! Бұл қай бала?

– Атамның баласымын!»...

Қазақ салты үшін қандай ғажап, қандай жарасымды сурет! Шалдың баласы өмір өрлерінде, тіршілік түйткілдерінде сүрінбейді. Шай ішіліп болып, «әумин» деп қол жайғанда шалдар «сен қайыр, мен қайыр» десіп бөгеліп қалып, атасынан үйренген батаны саңқылдап Мұқыштай беріп жібереді: «Дастарханың тоқ болсын, уайым-қайғың жоқ болсын, бақ-дәулет берсін бастарыңа, ғұмыр берсін жастарыңа, бәле-жала, жын-шайтан, жоламасын қастарыңа. Әумин. Аллаһуакбар!»

Мұқыштай одан соң шалдардың қолдарына су құйып, баталарын алады. Айтқызбай істейді, әдеп-ізеттен жаңылмайды, сөзден де тосылмайды. Иә, атасының баласы осындай болмақ керек.

Тұңғыш баланың атасының қолында өсуі қазақта ежелден, ерте кездерден бар жосын. Ұлы ақынымыз Абайдың тұңғышы Ақылбайды да әкесі Құнанбай бауырына салып, кенже ұлы ретінде тәрбиелеп, ерке етіп өсірген, өзі құда түсіп үйлендірген, басқа балаларына қалай енші берсе, оған да солай енші бөліп, бөлек отау қылып шығарған. Сөйтіп, атасы барлық әкелік міндет-парызды өзі атқарған. Өз әкесі Абайды аға деп атап, ақындығынан бөлек, әнқұмар, сал-серілікке жақын болды. Абайдың көзі тірісінде «Ақыл аға» атануы Ақылбайдай асқан ақпейіл, аңқылдаған жанның, бір жағынан қажы атасының баласы болғандығынан болса керек.

Заман өзгерді, қоғам өзгерді, қазақ та басқашаланды. Бірақ халқымыз әлде де атасының баласы, «шалдың баласы» институтын өлтірмей, өшірмей сақтап келеді. Әрине, бұл институттың әлеуеті бұрынғыдай тым әсерлі емес, әлсіреген жайы бар. Баяғы ауылдың аталары азайды. Аталардың басым көпшілігінің өзі урбанданып, қалаларға ауысты. Жаһандану ықпалымен қазақи салттарымыздың сипаттары сан қилы өзгерістерге ұшырай бастады. Соның өзінде де ата тәрбиесін алып жатқан асылтек ата балалары аз емес.

Қазақтың қара шалдарының тәрбиесі ұлтымыздың жас өскін ұрпағына қазіргі кезімізде әсіресе қажет. Атасының балаларынан талай айтулы азаматтар шыққанын естен шығармайық. Шалдың баласы болу ата-ана тәрбиесін жоққа шығармайды, толықтырады, толыққанды етеді. Шалдың балаларына Алланың нұры жаусын! 

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»