Ақтауда Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет қана емес, теңіздің геосаяси және өзге де қолайлылығына қызығушылықпен қарап, оған қатысты жағдайды қадағалауды ұмыт қалдырмайтын алыс-жақын елдердің назарын аударған Бесінші Каспий саммиті аяқталды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысқан айтулы шара өзара татулық, жоғары түсіністік деңгейінде өтті. Ең бастысы, Ақтау саммиті бес мемлекет арасындағы көп жылдан бергі келіссөздердің нәтижесі сынды тарихи құжат – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылуымен ерекшеленді.
Әлем елдерінің құлағы түрік болуы да, бес бірдей мемлекеттің басшылары жиылып, кеңес құруы да тегіннен тегін емес, мәселенің барынша маңызды екендігін аңғартады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесін жиырма жылдан астам уақыт талқылаған тараптар өзара терең дипломатиялық қарым-қатынаста, ортақ су айдынының қауіпсіздігі мен қазынасын, табиғи болмысын сақтаудың маңыздылығын жете ұғынып, Саммитке тың дайындықпен, тиянақты пікірмен келді. Бұл жетістіктер – бұған дейін өткен төрт Саммит пен бірнеше екіжақты, үшжақты кездесудің, «Каспий бестігі» мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің бірнеше рет кездесіп, мәнді мәселеден мәнерлі мәмілеге қол жеткізуге дейінгі жетілу баспалдағынан өтуінің жемісі.
Тәуелсіздік алғалы бері ашылған алғашқы теңіз портының тұсауын күні кеше кескен Ақтау бүгін тағы бір айтулы тарихи оқиға орталығына айналды. Еліміздегі облыс орталықтары арасында тұңғыш рет бес бірдей мемлекет басшыларын төріне тоғыстырған Маңғыстаудың мерейі биік. Аса ауқымды мәселені өзек еткен алқалы жиын Ақтауда жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мемлекеттер басшыларын қарсы алу рәсімінен соң, Нұрсұлтан Назарбаев және Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысына қатысты.
Бесінші Каспий Саммитінің пленарлық отырысында алғашқы болып сөз алған Н.Назарбаев: «Мен сіздерді Каспий теңізі жағалауында қарсы алғаныма қуаныштымын. Біздің кездесуіміз Каспий теңізінің халықаралық күнімен сәйкес келіп отыр және бұл тарихи шешімдер қабылданатын күн», дей келе, жиында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау және көпжылдық жұмыс барысының нәтижесін шығару, Каспий теңізінің ресурстары мен аймақтық халықаралық тақырып сынды мәселелердің қаралатынын хабарлады.
Елбасы бұған дейін өткен Каспий саммиттерінің рөліне ерекше тоқталып, олардың келіссөз үдерісіне қажетті саяси серпіліс әкелгенін және қайшы ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілгенін және Каспий өңірі тарихының бірегейлігін әрі мәдениетінің алуан түрлілігін, мұнда адам ресурстарының мол екенін және бай табиғи қор шоғырланғанын, сонымен қатар теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отырғанын атап өтті.
– Бүгінде Каспий маңы елдерінің әлеуеті зор және қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздегі тұрғындардың жалпы саны – 240 миллион. Осының бәрі Каспийге қатысты мәселелер кешенін бірлесіп шешу қажеттігін туғызды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Конвенцияның Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттейтін негізгі жан-жақты құжат болып саналатынын айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды болдырмау, әскери қызметтер мәселелеріне айрықша назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға қатысушы елдер қызметтерінің негізін қалайтын қағидаттарға ерекше тоқталып, соның ішінде Каспий теңізі аймағын бейбітшілік, тату көршілік және достық өңіріне айналдыру қажеттігін, оны бейбіт мақсатта пайдаланып, елдердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу керектігін, сондай-ақ Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштер болмауға тиіс екенін айтты.
Мемлекет басшысы Конвенцияның Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор мүмкіндік беретініне тоқталып, осы бағыттағы бірқатар қосымша шараларды атап өтті.
– Каспий теңізінің саяси тұрғыдан тұрақсыз аймаққа жақындығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауын талап етеді. Осыған орай әскери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бесжақты келісім жасауды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестициялық ықпалдастықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Конвенция мен қол қойылатын құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы көлік-транзит қуатын арттыру үшін тариф саясатын жетілдіріп, Конвенцияға қатысушы елдердегі тасымалдау жағдайын жақсартуды ұсынды.
– Каспий теңізінің керемет экологиялық жүйесін сақтау үшін биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жүргізу жөнінде арнайы құжат қабылдау қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Конвенцияға және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою Каспий маңы мемлекеттерінің достық қарым-қатынастарын көрсететінін, сондай-ақ бірлесіп тығыз ынтымақтастық орнатып, Каспий теңізіне ұқыптылықпен қарау керектігін айтты.
– Мен әріптестеріме – барлық елдің басшыларына, сондай-ақ Конвенцияны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жетпес едік. Ақтау саммитінің қорытындылары арқылы Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымызды ілгерілетуге үлес қосылатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бес мемлекеттің мүддесі толық ескеріліп, ортақ мәмілеге қол жеткізген Конвенцияға қол қою көптен күткен тарихи сәт, тарихи шешім болатын. Сондықтан бес мемлекет көшбасшыларының бәтуаластық және барлық тараптардың мүдделерін өзара есепке алу негізінде тұжырымдалған базалық халықаралық шартқа – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды. Каспий теңізінің жаңа құқықтық режімін танытатын Конвенцияны тиімді орындау және Каспийдегі ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілеріне шолу жасау мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар тетігін құру туралы шешім қабылдады. Алғашқы консультациялар Конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.
Сөз алған Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Каспий теңізіне қатысты жасалып жатқан жұмыстар жайында баяндап, теңіздің мәртебесін анықтаудың кезегі жеткен мәселе екендігін алға тартса, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Президенті Владимир Путин және Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Каспий теңізінің өзі ғана емес мәселелерінің де, қауіпсіздігінің де ортақтығын, сондықтан оны жағалай мекен еткен көршілердің өзара достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, теңізге қатысты мәселелерді күрделілігіне қарамай шешуге қол жеткізе алғандығын ризашылықпен атап өтті және Ақтау саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырып, қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған қазақстандықтарға, Маңғыстау жұртшылығына, Елбасына алғыстарын жеткізді.
* * *
Саммиттің пленарлық отырысы қорытындыланған соң Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы журналистер алдында сөйлеген сөзінде Бесінші Каспий саммитінің Каспий теңізінің халықаралық күні қарсаңында өтуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Біз әріптестерімізбен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі көп жылғы жұмыстарды қорытындыладық. Көпжақты тәжірибелік іс-қимылдарды ілгерілетуге қатысты жұмыстардың жағдайы мен кейінгі атқарылатын шараларды талқыладық. Сауда, экономика, көлік және қауіпсіздік салаларына байланысты маңызды келісімдерге қол қойдық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жүргізілген келісімдердің табыстылығына тоқталып, Конвенцияны дайындау процесінде барлық ел Каспий өңірінің саяси тұрақтылығы мен дамуын, сондай-ақ оның табиғи байлығының қорғалып, көбейтілуін қамтамасыз ету мүддесін көздегенін айтты.
– Көп жылғы сіңірген еңбектің шарықтау шегі бүгін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қоюмен аяқталды. Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев брифингке қатысқан журналистерге Конвенцияның Каспий жағасындағы елдердің ынтымақтастығы үшін барлық бағыттар бойынша тиімді заңды база қалыптастыратынын және әрбір тараптың қызметі үшін негізге алынатын ұстанымдарды анықтайтынын айтты.
– Атап айтқанда, Каспий теңізін бейбітшілік, тату көршілік және достық аймағына айналдыру, оны бейбіт мақсатта пайдалану, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштерді болдырмау мәселелері қамтылған. Біз аумақтық су көлемін 15 теңіз миль етіп бекіттік. Осыған орай оның сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суға он мильдік балық аулау аймағы жалғасады. Әрбір мемлекет балық аулау кәсібінде ерекше құқыққа ие болады.
Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады. Басқа теңізге және әлемдік мұхитқа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Әрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады. Сондықтан теңіз түбі арқылы магистральды құбырлар мен кабельдерді жүргізу экологиялық талаптарды сақтағанда ғана мүмкін болатыны қарастырылған, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті осы ұстанымдардың сақталуы Каспий жағасындағы елдердің көлік инфрақұрылымының дамуына, Каспий өңірінің транзиттік әлеуетінің артуына сондай-ақ Каспийдің экологиялық жүйесі мен биологиялық ресурстарының керемет популяциясының қорғалуына септігін тигізетінін атап өтті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізі бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар қосымша шараларды, соның ішінде, әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шаралары жөнінде бесжақты арнайы келісімнің қорытындысы, Каспий жағасындағы елдердің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын, әсіресе инвестициялық ынтымақтастық және энергетикалық саладағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелерді жандандыру, саясат тарифін жетілдіру және тасымалдау жағдайын жақсарту, сондай-ақ биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жөнінде құжат қабылдауды ұсынды.
Соңында Мемлекет басшысы Ақтау саммиті Каспий маңы елдері ауқымды міндеттерді бірлесіп шеше алатынын тағы бір рет көрсеткенін айтып, қабылданған халықаралық шарттар мен қол жеткізілген уағдаластықтар «Каспий бестігінің» әлеуетін толықтай ашуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ саммит қорытындысы бойынша Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов мәлімдеме жасады.
* * *
Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция;
2. Каспий теңізінде терроризмге қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
3. Каспий теңізінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
4. Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім;
5. Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
6. Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісім;
7. Шекара ведомстволарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама.
Ортақ айдынның әскери қауіпсіздігі, қазынасының қорғалуы – оның жағалауындағы мемлекеттердің барлығына қажетті, барлығы үшін маңызды мәселе. Жеке мүддені сақтап, ортақ мүддеге мақсат-мұраттарын тоғыстыра алған тараптар киелі Маңғыстаудан маңызды мәселеде мәнді мәмілеге келіп тарасты. Жалпы, Ақтау саммитіне шетелдік һәм отандық журналистерді қосқанда барлығы 400-ге жуық БАҚ өкілдері тіркелді.
Жиын аясында Каспий маңы мемлекеттерінің алтыншы саммитін Түрікменстанда өткізу ұсынылды. Бұл ұсынысты Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов ортаға тастады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы