Каспий маңы мемлекеттерінің Ақтаудағы саммиті әлемдік ақпарат құралдарының жіті назарында болды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Ақтау саммитінен хабар таратуға қазақстандық 150-ден астам тілшімен қатар, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан елдерінің ірі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері көптеп жиналған. 200-ден аса шетелдік журналист ресми тіркеуден өткен. Олардың қатарында Еуропа мен араб елдерінің, АҚШ-тың, Қытайдың беделді телеарналары, ақпарат агенттігі өкілдері бар.
Британдық BBC телеарнасы да Каспий жағалауындағы тарихи саммитті елеусіз қалдырмады.
«Көптеген жылдарға созылған келіссөздерден соң Каспий маңы мемлекеттері Каспий теңізінің – әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының мәртебесін анықтап алды. Бұл даңқы Парсы шығанағынан кем түспейтін аймақтағы мұнай мен газды іздестіру, өндіру мен тасымалдауды жеңілдетеді. Каспий Иранның теңіздегі бекіре мен мұнайға бай жалғыз көршісі – КСРО ыдыраған соң бөліске түсе бастап еді. Тараптар Каспийді көл немесе теңіз мәртебесімен қарауда ортақ келісімге келе алмай жүрген болатын. Енді қол қойылған құжаттың мәні бойынша, көл-теңіз принциптері айқындалып, көршілердің келіспеушіліктері бұрынғыдай бесжақты емес, екіжақты тұрғыда шешілмек», деп хабарлады әлемдегі айтулы телеарналардың бірі.
Ресейлік «РИА Новости» агенттігі Ақтауда мемлекеттер басшылары қол қойған конвенцияның 1996 жылдан бері әбден талқыланып, сараланғандығын жазды. Агенттік Ресей президенті В.Путиннің қауіпсіздікке байланысты сөздерін келтіре отырып, саяси сарапшылардың да пікіріне жүгінген.
«РИА Новостиге» ТМД Институтының Орталық Азия және Қазақстан бөлімінің меңгерушісі Андрей Грозиннің айтуынша, «Каспий бестігін» құрайтын мемлекеттер теңіздік бөліністі межелеп, қойнауын анықтап, еркін экономикалық аймақ, балық аулау аймағын құра отырып, нәтижесінде «өте бірегей құжатты» бекітті», деп жазады.
Ақтау саммитінен әзербайжандық бұқаралық ақпарат құралдары да хабар таратып, жаңалықтарын сәт сайын жаңартып отырды.
Мәселен AZE.az порталы да саяси сарапшылардың пікірлеріне жүгіне отырып, терең талдамалық материалдар беріп отырды. Әрине бұл порталдың Ақтау саммитіндегі ортақ мәміле Әзербайжанның өлшеусіз еңбегі арқылы жүзеге асты деуі де көкейге қонады. Бірақ ондағы сарапшылар пікірі мынаған саяды.
«Бүгінде Каспийдің мәртебесіне байланысты алып-қашпа әңгімелер бәсеңдеп, теңіз жағалауындағы мемлекеттер ұлттық және ортақ мүдделерінің тепе-теңдігін қалыптастырған тұста Каспийді бөлу бірқатар қиындық туғызғандығын еске алмай болмас. Бұл ретте теңіз ресурстары болғанымен, оларды игеруге құқықтық негіз қалыптаспай, оның үстіне мемлекеттердің өрлігі мен бәсекелестігі ұшынып тұрғанда Шығыс-Қытай теңізінің күйін кешуі мүмкін еді. Бұлшық етін білемдеп, қоқан-лоққы көрсетумен мәселе шешілмес-ті. Алайда Каспий маңы мемлекеттері құнды мүдделерін бөліске сала тұра, теңіздегі кикілжіңге жол берген жоқ. Енді Ақтау саммитінен соң Каспий қарыштап дамитын, қауіпсіздігі бекем аймаққа айналуы тиіс», дейді AZE.az порталы пікірін жариялаған саяси сарапшы Сергей Строкань.
Ал Түрікменстанның parahat.info басылымы ел президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің Ақтауға келген сәтінен бастап, әрбір жаңалықты тиянақты жариялап отырды. Оның ішінде Түрікменстанның сыртқы саясатында Каспий теңізінің мәні жоғары екендігін атап өткен.
Портал «1996 жылы Ашхабадта Каспий маңы мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтіп, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын Конвенцияны жасақтаудың келісім тетіктерінің ұйымдастыру-құқықтық формасы бекітілген еді», дей келе Ақтау саммитін түйіндеген Г.Бердімұхамедовтің: «Бұл кездесу Каспий маңы мемлекеттерінің қарым-қатынастарының сәулетін түзеудегі маңызды кезең болды» деген сөздерін келтіре кеткен.
Өз кезегінде ParsToday агенттігі де Ақтау саммитін назардан тыс қалдырмады. Агенттік Ақтаудағы саммитке Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханидің қатысып жатқандығын хабарлай келе, Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Бахрам Касемидің пікірін жариялады.
Онда СІМ өкілі: «Қазақстандағы саммиттің басты жетістігі ретінде шетелдік өзге мемлекеттердің Каспийде әскери не азаматтық жүзулеріне, әскери база салуына жол берілмеуін, Каспий маңы мемлекеттеріне шабуылдау үшін теңіз аймағындағы мемлекеттердің әуе, су және құрғақтағы кеңістігін пайдалануға жол берілмейтіндігін айтуға болады» деген.
Әлем назарын аударған Ақтау саммиті түймедейді түйедей қылып, талай көршіні араздастырған, ұсақ-түйектің өзін ғаламат дауға, қатар қоныстанған елдерді бітіспес жауға айналдырған бүгінгі заманда бейбіт келісім, ортақ шешім қабылданған бірегей жиын ретінде тарих қойнауына еніп барады. Бұл жөнінде әлі де ойлар айтылып, пікірлер жазылып, сан алуан жиындар өтеріне күмән жоқ. Демек Ақтау саммиті оқулықтарға да еніп, әлемдік дипломатияның озық үлгісі ретінде жаңа тарихтың жарқын белесіне айналатындығына күмән жоқ.
Дайындаған
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»