Қостанай өңіріне екі күндік сапармен келген Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кеңес өткізді.
Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту өңірлік бағдарламасының болашағы және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы талқыланды. Кеңесте Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев агроөнеркәсіп бағдарламасының өзгерістері туралы баяндап берді және оның тұжырымдамасы ұсынылды.
Экономиканың қай саласы болсын, өндірілген өнім өтпесе даму ілгері баспайды, кері кетеді. Бұл ауыл шаруашылығында қатты білінеді. Бүгінде осы саланың дамуына сыртқы нарықтың ықпалы аз емес. Бұрнағы жылдарға қарағанда, бидайдың сыртқы нарықта өтуі саябырлады. Біраз уақыт бұрын Қазақстаннан сыртқа 2 миллион тонна астық сатылса, 2015-2016 жылдары бұл 420 мың тоннаға, өткен жылы 11 мың тоннаға дейін қысқарды.
Арман Евниев сыртқы нарықта Қазақстан Қытай, Ресей, Өзбекстан сияқты ішкі кең ауқымды реформалар жүргізіп отырған елдердің үш бұрышты нарығының арасында тұрғандықтан, бәсекелестікке үлкен мән беру керектігін айтты. Сондықтан аталған бағдарламада еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдерді экспорттауды 2,5 есеге арттыру міндеті қойылған. Бағдарлама әлемдік нарықта пайда болатын жаңалықтарды есепке ала отырып, аграрлық секторға кешенді және жүйелі түрде көзқарас ұсынады және жобалық басқару арқылы жүзеге асырылады.
– Әлемде барлығы тез өзгеріп барады. Сондықтан бұрынғы қалыптасқан, таптаурын болған көзқарасты өзгертуіміз керек. Жаңа ұстаным егін мен мал шаруашылығына көп өзгеріс әкеледі. Оған уақыт ағымы мәжбүр етеді. Мысалы, жылына 20 миллион тоннадай астық жинап аламыз, оның 12 миллион тоннасы ішкі нарыққа жұмсалады. Ал қалған 8 миллион тоннаны экспортқа шығару оңай шаруа емес. Бұрынғы дәстүрлі, қалыптасқан сыртқы нарық тарылып кеткен немесе есігін жапқан деуге болады. Егер астық өтпесе, оны өндірудің қажеті қанша? Міне, сондықтан бүгінде бұрынғы аяңмен жүруге болмайды, – деді Ө. Шөкеев.
Кездесуде егінмен қатар мал шаруашылығын, оның ішінде ет өндіруді дамыту, экспортқа шығару жөнінде жергілікті шаруашылық жетекшілерінің пікірі тыңдалды. Жайылымды тиімді пайдалану, мал азығын дайындау және фермерлік шаруашылықтарды дамыту мәселелері сөз болды. Өңірлік салалық бағдарламалар негізінде алдағы 10 жыл ішінде 3000 отбасылық фермалар құрылып, ірі қараның саны енді 150 мың бастан артады деп жоспарланып отыр. Қой саны 300 мыңға жетуі тиіс.
Өмірзақ Естайұлы етті тек ірі серіктестіктер, компаниялар емес, негізінен фермерлік шағын отбасылық шаруашылықтар өндіретін жағдай жасалуы керек деген тұжырымын айтты. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына 500 түзету енгізіліп, Парламентке жіберілді. Бұл осы жылдың аяғына қарай қабылданатын болады.
Ө.Шөкеев бастаған жұмыс тобы облыстағы сүт өндіретін «Олжа-Садчиковское» ЖШС мен элиталық тұқым сорттарын өндірумен, сатумен айналысатын «Заречное» тәжірибе шаруашылығын және Индустриялық аймақты аралады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ