«Зерен» демалыс орталығында «Digital-ұрпақ» республикалық жастардың жазғы білім лагері ашылды. Білім лагері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес бастамасын талқылаудың, іске асырудың алаңы болмақ.
Алға қойған мақсат-мұрат орасан зор. Ең бастысы, бүгінгі жастарға мемлекетіміз бен қоғамымызда болып жатқан оң өзгерістердің қайнаған ортасынан табылып, болашақ иелері өздері екендігін ұғындыру қажет. Алға сүйрейтін алапат күш те солар.
Жиынға қатысқан Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев пен Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинованың ашылу салтанатындағы лебізінен осындай асқаралы ой өрілді.
Және алдағы уақытта дәл бүгінгідей жастар жиындарын өткізуді, сөйтіп, жастар арасындағы толайым табыстарды насихаттап, кіл жүйрікті өзге замандастарына үлгі ету, олардың ақыл-кеңестерін, тәжірибелерін таратуды дәстүрге айналдыру қажет деген орынды ұсынысқа Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қолдау көрсетіп, әр жыл сайын Зеренді баурайы жастар зердесінің ұстаханасына айналатынын атап өтті.
«Казконтент» акционерлік қоғамының төрағасы Евгений Кочетов та жасампаз болашақтың иелері қандай болу керектігін қолмен қойғандай етіп тәптіштеп айтып берді.
Жігерлері жалын атқан жастардың бой түзейтін, ой түзейтін темірқазық-нысаналары болуы шарт. Бір жақсы жері, бүгінгі жиынға ондай жастар да көптеп қатысып отыр екен. Бірнеше жобалардың, жаңашыл идеялар авторларының есімдері аталып, қол жеткізген табыстары өнеге өзегіне айналды. Алдағы күндері олар жиынға қатысушы жастармен егжей-тегжейлі пікір алмасып, бағыт-бағдар береді.
Ал, үздік жобаларға жиынға ұйытқы болып отырған министрліктер тарапынан қолдау көрсетіледі. Бүгінгі бас қосудың ұтымды тұсы да осы. Ақыл-ой, қабілет-қарымдарының арқасында қазірдің өзінде біршама табыстарға қол жеткізген дарынды жастар өздерінің қатарларын толықтыра түспек. Айналып келгенде бұл – мәңгілік елдің көксеген мұратын мәнді ететін ұмтылыс.
Мемлекетіміз бен қоғамымыздың көптеген салаларында жаңғыру жүріп жатыр. Жас жігер мол біліммен астасқанда ғана бәсекеге қабілетті болатынымыз анық. Бүгінгі күні біз дамыған елдермен бой таластыру үшін білімді ұлт қатарынан табылуы керек екенін түсіндік. Міне, осы арада интеллектуалдық қабілеті зор, белсенді де жігерлі жастарға сенім артылады.
Жастардың жазғы білім лагеріндегі жұмыс үстіміздегі жылдың тамыз айының 12-і мен 26-ы аралығында өткізіледі деп жоспарлануда. Жұмыс үш тақырып бойынша ұйымдастырылмақ. Айталық, бірінші ауысым бірнеше тақырыпты қамтитын болады. Оның ішінде ең басты тақырып «Digital-ұрпақ» болса, екінші ауысым «Жаңғыру трендтері», үшінші ауысым «Бизнес сиқыры» деп аталады.
Лагердің қатысушылары еліміздің әр қиырындағы жастар ұйымдарының көшбасшыларымен және ісін дөңгелетіп отырған жас толқын арасынан шыққан кәсіпкерлермен кездеседі. Оның үстіне «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушылары да бұл жұмыстан тыс қалмайды. Әр ауысымда жүз адамнан қамтылмақ.
Алдағы міндет – жастар саясатын жетілдіріп, жаңа технологияларды оқып-үйрену, тәжірибе алмасу болып отыр. Осы орайдағы тиімді тетіктерді жастардың әлеуетін дамытуға жұмылдыру көзделуде. Семинарлар мен тренингтер өткізіліп, тақырыптық жобалар әзірленіп, идеяларды іріктеу ұйымдастырылмақ.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
Зеренді ауданы