Қалай айтсақ та, экономикалық және әлеуметтік даму ешқашан тоқтап қалған емес. Әлем елдері секілді еліміз де барлық салада кейде қарқынды, кейде баяу дамып келеді. Ал цифрлы дамудың серпіні де, сипаты да басқаша болып отырғанын дамыған елдер тәжірибесінен көреміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «цифрлы технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияны өркендетуге тиіс екенімізді» міндеттеді. Өткен жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы индустрияны өркендетуді ғана емес, экономиканы кешенді және қарқынды дамытуды көздейді.
Осы мәселелерді облыста шешу үшін алдымен жедел жұмыс тобын құрып, күн сайын ұйымдастырылған «ақыл шабуылына» барлық қызығушылар мен мүдделілер тартылды. Сондай шұғыл жұмыстың арқасында өңірдегі цифрландырудың жол картасы жасалды. Оған мемлекеттік бағдарламаның барлық бағыты бойынша 77 жоба белгіленген еді, соңырақ тағы 17 жоба енгізілді.
Оның арасында облысымызда ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларында қанатқақты саналатын маңызды жобалар бар. Цифрландыру ісі еліміз, әсіресе өңір үшін дамудың жаңа сатысы болғандықтан, дамыған елдердің озық тәжірибелерімен таныстық, шетелдік сарапшыларды шақырттық. Бұл бағдарлама ІТ мамандарының, ғалымдардың қатысуымен ғана жүзеге аспайды. Сондықтан жалпы жұртшылық үшін ақпараттық-түсіндіру және компьютерлік сауаттылықты көтеру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде цифрландырудың жол картасына ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, көлік, шағын және орта бизнес, әлеуметтік және «Смарт Сити» бойынша кірген 94 жобаның 40-ы өмірге жолдама алды. Әрине, басым көпшілігі ауыл шаруашылығының еншісіне тиеді. Ал қалған 54 жоба жыл аяғына дейін жүзеге асырылады.
Цифрландыру бойынша негізгі күш егін шаруашылығына озық технологиялар енгізуге, мал шаруашылығында «ақылды» фермалар ұйымдастыруға бағытталған. Енгізілген цифрлы технологиялардан күтер нәтиже көп. Бастысы 3,5 миллиард теңгеге түскен осы жұмыстарды қанатқақты шаруашылықтар өз қаржысына атқарып келеді. Қостанай облысы егіс алқабының көлемділігімен де ерекшеленеді. Саладағы цифрландыру ісі ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеуден басталды.
Нақты егін шаруашылығы технологияларын енгізу С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті ғалымдарымен тығыз байланыс жасай отырып, облыстағы қанатқақты «Трояна» және «Садчиков» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде басталды. Бүгінде бұл шаруашылықтарда агрохимиялық жұмыстар бойынша алқаптарды зерттеу жұмыстары аяқталды, минералдық тыңайтқыштарды салуды саралау картограммасы жасалды, көптеген жұмыстарды қатар жүргізу үшін техника паркін жаңғырту да қолға алынған.
Мал шаруашылығында «Ақылды ет фермасы», «Ақылды сүт фермасы», құс шаруашылығында «Ақылды құс фабрикасы» жобасы сәтімен басталды. «Ақылды ет фермасы» жобасы облыстағы ірі әрі бұрыннан технологиялық дайындығы бар «Қазақстан ет одағының» мүшесі және «Қостанай облысы ет кластері» жобасының операторы «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізіледі. Мұнда 8800 бас ірі қара бар. Цифрландыру жобаларының арқасында шаруашылықта ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылады.
Мамандар осы құралмен фотосурет түсіру арқылы мал азығына егілген шөптердің пісуін бақылауға, жетілу картасын жасауға және уақтылы агротехникалық шаралар жүргізуге мүмкіндік алды. Цифрландыру элементтерін енгізгенде мал жемінің құрамын бақылау, жем салу, дер уақытында таразыға тартып, салмақ қоспайтын тиімсіз малды қатардан шығарып тастау жұмыстары қадағаланады. Ал «Ақылды сүт фермасы» жобасы бойынша «Садчиков» серіктестігінің тәжірибесі жеткілікті.
Мұнда 770 сауын сиыр бағылады. Биылғы сәуір айында автоматтандырылған SmaXtec жүйесі енгізілді. Бұл арқылы мамандар сиырдың физиологиялық жағдайы мен аналықтардың өнімділігін бақылайды. Осы озық технология шаруашылықта әр сауын сиырдан сауылатын сүттің мөлшерін 6 тоннадан 7 тоннаға дейін көбейтуге, әр 100 сиырдан алынатын бұзау санын 70-тен 90-ға дейін өсіруге мүмкіндік береді.
Рудный қаласындағы «Жас қанат-2006» құс фабрикасындағы жұмыстың 90 проценті цифрландырылды. Сатылап жүргізілген озық технологияның енгізілуі кәсіпорынды өнім өндірудің жаңа сатысына көтерді. Кәсіпорында 2006 жылы 7 миллион жұмыртқа өндірілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 250 миллионға дейін жетті. Жыл соңында облыстағы смарт технологиялар енгізілген 6 қанатқақты агрофирманың экономикалық тиімділігі 1,5 миллиард теңге болады.
Осы шаруашылықтардың базасында басқа фермерлер үшін үздік технологияны үйрететін оқу орталығы ашылмақ. Облыстағы 3,5 мың агроқұрылым арасынан «ақылды технологияларды» енгізуге ынта білдірген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің барлығы осы орталықтардан білмегенін үйренеді. Кейінірек бұл тәжірибенің ауқымын кеңейте береміз.
Жаңа істі тосырқамай тезірек жүзеге асыруда ғалымдар мен ауыл шаруашылығы мамандарының, кәсіпкерлер, шаруашылық жетекшілерінің ынтымағы көп мәселені шешеді. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде құрылған «Парасат» цифрлы хабы жаңа технологияларды тартудың, саланы дамытуға көлденең тұратын кедергілерді ысырып тастайтын инновациялық шешімдерге ізденіс жасаудың орталығына айналмақ.
Жалпы облыстағы агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың экономикалық тиімділігі жыл бойына 20 млрд теңгеден асып жығылады немесе ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 5 процентке артатынына мамандар сенімді.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыстар ауыл шаруашылығында ғана емес, білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және қаланы басқару салаларында да тиімділігін көрсетіп үлгерді. Облыстағы мектептер түгелдей компьютермен және мультимедиялық құралдар-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Мектептердің барлығы кең жолақты интернетке қосылған. Дегенмен мектептердің Wi-Fi желісіне қосылуы ерекше назарда болады. Білім ошақтарында электронды журнал мен «Күнделік», «BilimLand» платформасының енгізілуі бойынша облысымыз республикада екінші орында тұр. Бұл ата-ананың да, мұғалімнің де алтын уақытын үнемдейді. Электронды журнал мен «Күнделікте» баланың үлгерімі, тәртібі алақандағыдай көз алдында жазылып тұрады.
Жыл аяғына дейін балабақшаларға ата-аналардың кезекке тұруы, өтініш беруі автоматтандырылмақ. Ата-ана үйде отырып, сәбиін орналастыруға өтініш беріп, кезегін бақылайтын болады. Бұл мәселеде тазалық, ашықтық, әділеттілік салтанат құратынына кәмілміз.
Облыстың денсаулық сақтау саласында 37 цифрландыру жобасы жүзеге асырылды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің барлығы компьютермен жабдықталды. Интернетке қалалар мен аудан орталықтарындағы мекемелер де 100 процент қосылған. Ал ауылдық жерлерде бұл жөнінен әлі кемшіліктер бар, интернетке қосылғандар бар-жоғы 22,8 процентті құрайды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 93 процентке жеткіземіз.
Ал қалған 7 процент тым шалғайдағы және 20-30 адам ғана тұрып жатқан елді мекендерге тән. Оларды да алдағы уақытта интернетке қосу ісі жалғасын табады. Облыста медицина құжаттарын қағазсыз жүргізу ісі біртіндеп енгізіліп келеді. Медициналық құжаттаманың 121 оқу-есеп формасының 21 түрі цифрландырылды. Жыл аяғында оның саны 84-ке жетеді. Адамдарды мобильдік қосымшалармен қамту ісі бірден артты. Цифрландырудың арқасында осы салада 2 млрд теңге немесе бюджет қаржысы 15,3 процент үнемделген.
Қостанайлықтар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, көлікте, қаланың санитарлық қызметінде енгізілген «ақылды» қызметтердің басын құрайтын Smart City жобасының лебін сезініп қалды. Осы жұмыстар жүргізілгелі қаланың тазалығын қамтамасыз етуде көлік пайдалануға кететін қаржы 25 процентке дейін үнемделген.
Көшені жарықтандыруда, бағдаршаммен қамтамасыз етуде цифрлы технологиялар барынша пайдаланылуда. Қостанай қалалық әкімдігінде құрылған «109» нөмірлі бірыңғай диспетчерлік қызметі жолаушы тасымалдайтын көліктерді, санитарлық қызметті, бағдаршам, барлық коммуналдық қызмет жұмыстарын қадағалайды. Өйткені осы орталық қала тұрғындарының өтініштері мен арыздарын қабылдайды, маңызды мәселелер де сол бойынша шешімін табатын болады.
Smart Kostanay мобильдік қосымшасында жоспарланған 45 сервистің 23-і қазірдің өзінде жұмыс істейді. Бұл қала әкімдігі мен тұрғындар арасындағы көпір деуге болады. Қалалықтар үйден шықпай отырып тек қызмет ақысын төлеп қана қоймай, атқарушы билік жоспарлаған мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын айтып отырады. Жаңадан салынып жатқан «Юбилейный» шағын ауданында 22 үйге коммуналдық қызмет көрсеткіштерін беріп отыратын жалпы және жеке приборларды, «ақылды» шамдар, бағдаршамдар, аулаларға бақылау камераларын қамтыған қондырғылар орнатылады.
Мұндай «ақылды» тұрғын аудандар құру жылына бюджеттің 110 млн теңге қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді екен. Цифрландыру адамдардың әлеуметтік тұрмысын көтеріп қана қоймайды, ең бастысы қай салада болсын қаржыны үнемдейді, бюджетке түсетін түсімнің артуына ықпал етеді. Әрине, үнемделген қаржы халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсалары сөзсіз.
Мейіржан МЫРЗАЛИЕВ,
Қостанай облысы әкімінің орынбасары
ҚОСТАНАЙ