Қоғамның аз қамтылған мүшелері қай кезде де қолдауға зәру. Сонымен қатар ауылды абаттандыру, тұрғындарға көмек көрсету сияқты демеушілік жұмыстар да нағыз Атымтай жомарттың қолынан келетін дүние болса керек. Бүгінде Әулиеата өңірінде көпшілікке көмек қолын созып, тұрғындар тілегіне құлақ асып жүрген азаматтар баршылық.
Жуырда Т.Рысқұлов аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінде «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі өтті. Осы уақытқа дейін Жарлысу ауылына балабақша, интернат, мешіт, аллея, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік нысандар салып берген жергілікті «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев «Жыл меценаты» аталымына лайық деп танылды.
Ал Көкдөнен ауылындағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына көмек көрсетіп, сондай-ақ ауылға мешіт салып, сол ауыл мешітіне, ауылдық мәдениет үйіне демеушілік жасап, ауыл ақсақалдарын Астана және Алматы қалаларының көрікті жерлерін аралатуға қолдау көрсеткен Азаматхан Әміртаев «Туған өлке» аталымының иегері атанды.
Сонымен қатар Абай ауылындағы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге өз есебінен демеушілік жасаған, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға жыл сайын 300 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіп келе жатқан «Сүйін» шаруа қожалығының басшысы Әлихан Бәрменқұлов, Қорағаты ауылындағы аз қамтылған отбасылардың балаларына демеушілік көмек көрсетіп келе жатқан «Аққайнар» шаруа қожалығының жетекшісі Сұлукүл Дәлібаева, Құлан ауылындағы «Сұлтан» орталық мешітінің салынуына демеушілік жасаған, сондай-ақ Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықта орта мектептің әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларының балаларына тұрақты көмек көрсетіп келе жатқан Т.Рысқұлов ауданының құрметті азаматы Сәбит Садықов, аудандағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық көмек берумен айналысып келе жатқан «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қонысбай Сағынбеков, I және II топ мүгедектеріне қайтарымсыз көмек көрсетіп келе жатқан «Тазалық» жеке кәсіпкерлігінің төрайымы София Канарова және Жақсылық ауылындағы Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектепке пән кабинетін жасақтап, сыйға тартқан Мұрат Бәйтіков сияқты кәсіпкер азаматтар «Жүректен жүрекке» аталымымен марапатталды.
Сондай-ақ аталған шарада «Жылдың үздік ұйымы» номинациясын аудан орталығы Құлан ауылындағы мектептер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тұрақты демеушілік көрсетіп жүрген «Құлан энерго-жылу» мекемесі жеңіп алса, «Ерен еріктілік» аталымына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және қараусыз қалған отбасы мүшелеріне демеушілік көрсетіп жүрген «ЭлАй – Құлан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марлан Әденов, ал «Батыл жүрек» номинациясына Әбжапар ауылындағы су тасқыны кезінде ауылдастарына азаматтық көмегін берген азамат Әлібек Әнтаев лайық деп танылды.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы