Елімізге бұл күндері «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының шақыруымен 250 миллионнан астам көрермені бар Euronews NBC телеарнасының репортерлері келді. Халықаралық телеарнаның Қазақстаннан жасалған алғашқы сюжеттері биыл қыркүйекте ең рейтингі жоғары «Adventure» бағдарламасы арқылы көрсетіле бастайды.
Қызықты саяхаттар, шым-шытырық оқиғалар, адреналин мен тамаша көңіл күйдің жалауы болып табылатын «Adventure» Қазақстан туралы 4 эпизодты қалың көрерменіне ұсынуды жоспарлап отыр.
Құрамында Marta Brambilla Pisoni, Thierry Winn мен Dmitry Lee сынды тәжірибелі журналистер бар команда қазірдің өзінде Бурабай курорттық аймағында қазақтың әлмисақтан келе жатқан аңшылық кәсібі туралы кадрларды түсіріп үлгерді. Жергілікті бүркітшілер саятшылық өнерімізді күллі әлемге насихаттағалы отырған шетелдік әріптестерімізге аңға құс салудың түрлі әдістерін көрсетіп, табиғатынан тәкаппар құсты қолға үйретудің қыр-сырымен бөлісті.
Қазіргі күндері бұл команда Алатаудың бөктерінде білек сыбанып, түсіру жұмыстарын жалғастыруда. Мұнда халықаралық телеарна өкілдері белсенді туризмнің мүмкіндіктері, яғни хайкинг, маунтайн байк пен даунхилл туралы барынша қамтылған эпизодтарды жинайды.
Euronews NBC телеарнасы журналистерінің айтуынша, түсірілім барысында тамаша табиғи ландшафттар, аспанмен таласқан Іле Алатауының бөктері, Алматы облысының ғажайып жерлері олардың тамаша сюжеттерді оңай табуына, табысты жұмыс істеуіне септесіп отыр.
«Қазақстан мені өте үлкен әсерге бөледі. Әдемі табиғат, мейірімді де қамқор адамдар бізді қоршап тұр. Демалыстың түр-түрін жақсы көретін туристер үшін таптырмайтын жер. Қысқасы, бұл елде немен айналысамын десең де бәрі табылады. Біз Алматыдағы түсіру жұмыстарын аяқтағаннан кейін Ақтау қаласына аттанамыз. Ол жақта джип-турларды түсіреміз. Тезірек жетсек екен деп, тағатсызданып жүрміз», дейді Euronews NBC телеарнасының тілшісі Marta Pisoni.
Қысқасы, алдағы күндері «Adventure» бағдарламасының журналистері Маңғыстау облысына аттанады. Аталмыш бағдарламаның қорытынды сюжеті тау шаңғысы туризмі туралы болмақ. Бұл үшін халықаралық арнаның түсіру тобы Алматыға желтоқсан айында қайта оралады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ