Т.Рысқұлов ауданының Құмарық ауылында тұратын Шәкен қарияның бүгінгі тірлігі жастарға үлгі. Жасы жетпістен асып кетсе де нәсібін кәсіптен айырып жүрген Шәкен Жапаралыұлы кезінде «Карл Маркс» ұжымшары аспандап тұрған шақта да шаруашылықтың әр саласында жұмыс істеп, табан ақы, маңдай терімен мал тапты.
Кейінгі жылдары қой да бақты. Ал Шәкен қарияның сол уақытта ауыл шетіндегі бір гектар алқапқа 400 түп алма ағашын отырғызғанын, содан ол ағаштарға есекке арба жегіп бөшкелеп су тасығанын жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Соңынан бірнеше шақырымнан өзі арық қазып, су жеткізген. Бүгінде сол көшеттер жайқала өскен алма бағына айналған.
Тіпті ағымдағы жылы қария алма бағынан 10 тонна өнім алып, ол өнімдерді Тараз және Қызылорда қалаларында саудалап қайтыпты. Ал қалған 2 тонна өнімді Өскемен қаласында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде өткізген. Ал Шәкен қарияның сол қалада оқып жүрген жамбылдық жастарға 45 килограмм алманы тегін үлестіріп жібергені де жомарттықтың белгісі.
«Еңбек ер атандырады» деген сөз бар. Ауылда тұратын нағыз еңбек адамы бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, қоян асыраумен айналысып отыр. Жылқы емес, қой емес, қоян баққан қарияның бұл әрекеті шынында да таңдандырады. Әйткенмен арманы асқақ, мақсаты айқын Шәкен Жапаралыұлы ұлы Дарханның есімін негіз етіп бүгінде «Дархан» шаруа қожалығын құрған. «Шағын бизнес ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуы тиіс» деген Елбасы сөзі – менің өмірлік ұстанымым. Көзін тапқан адам қандай кәсіпті болса да дөңгелетіп алып кетеді» дейді қарияның өзі. Кезінде өзі отырғызған алма бағының жанынан өз есебінен ені 10, ұзындығы 30 метрлік үлкен қоражай салады. Сөйтіп көктем келісімен қоянның «фландр» және «великан» тұқымдарын сатып алып, асырай бастайды.
Бүгінде қарт кәсіпкердің қорасында 200-ден астам қоян бар. Ал қыс мезгіліне қарай қоян басын 1000-ға жеткізуді көздеген қария болашақта оларды тіпті 4000-5000-ға дейін жеткізіп, сатпақ ниетте екен. Тіпті ол қоян етін саудалау үшін Астана және Алматы қалаларындағы бірнеше мейрамхана иелерімен де келісіп қойыпты. Енді қоянның етін ғана емес, терісін де кәдеге жарату мақсатында алдағы күз мезгілінде Қытай еліне барғалы отырғанын айтты. Шәкен ақсақал Аспанасты еліндегі тері өңдеу технологиясымен танысып, керекті құрылғыларын алып қайтпақ ниетте.
Тірлігіне тиянақты кәсіпкер өз шаруа қожалығының жанынан үй салып, жары Бүбіхан апа екеуі сонда көшіп барыпты. Қазаққа таңсық кәсіпті қолға алған Шәкен қария осынау тірлігімен-ақ ерінбей еңбек еткеннің екі бүйірі шығатынын көрсетіп отыр.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы