Ақтау саммитінің еншісіне бұйырған тарихи шешім – Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы сөз жоқ, бес мемлекеттің ортақ мүдде орайындағы үлкен жеңісіне, өзара сенім мен ынтымақтастықтың әлемдік ауқымдағы жарқын үлгісіне айналды.
Бұл құжат барлық тараптан толық ратификацияланғаннан кейін оны жағалай орналасқан елдердің теңіздегі және тұтас өңірдегі ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге шығарып, Еуразия құрлығының экономикалық, мәдени-әлеуметтік өміріне тың серпін беретіні әлден-ақ болжанып отыр.
Бейресми тұрғыда «Каспий теңізінің конституциясы» деп атала бастаған Конвенция біз үшін Каспий өңіріндегі саяси тұрақтылықты сақтаудағы рөлімен құнды әрі сауда-экономикалық тұрғыдан зор мүмкіндіктерге жол ашатындығымен маңызды. Өйткені қабылданған Конвенция келешекте энергия ресурстарын өндіру, оны тасымалдау шараларынан бөлек, ауқымды, жаңа біріккен жобаларды жүзеге асыруға, көптеп инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Құжат Қазақстанның Орталық Азия елдерімен ықпалдастығын, транзиттік әлеуетін арттыруға айрықша ықпал ететін болады. Бұл орайда, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасының әлеуеті кеңінен ашылатыны анық. Күні кеше ашылып жатқан Құрық порты Қытайдан шығатын транзиттік жүк ағынын Қорғаста қабылдап алып, Каспий арқылы Еуропаға жалғайтын болады. Бұл аралықтағы алғашқы тасымал басталып та кетті.
Конвенция еліміздің теңізбен байланысты өндірістік-шаруашылық салаларына да тың серпін әкеліп, сауда мен туризм әлеуетін ұлғайтуға алғышарт жасап отыр. Əсіресе, мұнай-газ ресурстарына қатысты жобалардан бөлек, бұрын өз кезегін күтіп келген өзге де табысты жобаларды қолға алудың сәті түскелі тұр.
Жалпы, Конвенция Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, төтенше жағдайлардың алдын алуда, теңіздің табиғи қазынасын қорғап, оны тиімді пайдалануда, өңірдің экономикалық рөлін арттыруда, өңірдегі тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуде жəне басқа да көптеген маңызды істерде шешуші рөл атқаратын болады.
Сонымен қатар аталған Конвенция Каспий маңы елдері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, экономикалық байланыстарды үдетуге, бұған дейін жүзеге асырылып келген жан-жақты әріптестік қатынастарды тереңдете түсуге кеңінен жол ашады. Осы арада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит барысында көлік-транзит қуатын арттыру үшін тариф саясатын жетілдіруді, Конвенцияға қатысушы елдердегі тасымалдау жағдайын жақсартуды ұсынғанын, Каспий маңы мемлекеттерінің достық қарым-қатынастарын нығайтып, сондай-ақ бірлесіп тығыз ынтымақтастық орнатып, теңізге ұқыптылықпен қарау керектігіне назар аударғанын айта кеткен жөн.
Негізінде, Конвенцияны әзірлеу және оны бекіту барысында бес мемлекеттің де мүддесі, талап-тілегі барынша ескеріліп, соның нәтижесінде ортақ мəмілеге, тиімді уағдаластыққа қол жеткізілді. Дегенмен, Каспийге қатысты басты құжат қабылданғанымен, бұл бағыттағы жұмыстар осымен тоқтап қалмайды. Енді алдағы уақытта Конвенцияның талаптарын өз деңгейінде тиімді жүзеге асыру жəне өңірдегі әріптестіктің түрлі салаларына уақыт талабына сай бақылау жасау, қадағалау үшін қатысушы мемлекеттердің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар механизмі құрылмақ...
Каспий маңы мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелеріне, аймақтың қауіпсіздігіне, өркендеуіне мүмкіндік беретін барлық кешенді мəселелер қамтылған Конвенцияның қатысушы елдердің сенімді серіктестер болуы үшін жан-жақты әрі тиімді заңнамалық база түзетінін, сондай-ақ тараптардың ұстанымдарын нақтылайтын әлеуетке ие екенін ескере сөйлесек, ол бұдан былай Каспий теңізін бейбітшілік пен татулықтың аймағына айналдыру, елдердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, басқа мемлекеттердің қарулы күштерін өңірге енгізбеу мәселелерінде негізгі құрал, арқасүйер тірек болады.
Тағы бір тоқтала кетер жайт, Конвенция бес мемлекеттің балық аулау кəсібіне ерекше құқық береді. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Теңіздің балық аулау аймағынан тыс бөлігі ортақ су кеңістігі болып қала береді. Мемлекеттік теңіз шекарасынан тыс аумақта Каспий жағасындағы елдердің туы бар кемелері еркін жүзе беретін болады. Басқа теңізге жəне əлемдік мұхитқа шығу еркіндігі жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Əрбір мемлекет өз бөлігінің шегіндегі теңіз түбінің байлықтарына қатысты егемендік құқығын жүзеге асырады. Сондықтан теңіз түбі арқылы магистральды құбырлар мен кабельдерді жүргізу экологиялық талаптарды сақтағанда ғана мүмкін болатыны қарастырылған», – деді. Расында да, Каспий айрықша экожүйесі бар су бассейні. Біздер теңіз дегенімізбен, іс жүзінде өзге теңіз-мұхиттармен жанаспайтын тұйық су. Сәйкесінше, биоресурстары да сыртқы экологиялық факторларға аса сезімтал болып келеді. Сондықтан оның биоалуандығын сақтау мәселесіне бес ел бірдей жауаптануы тиіс.
Сонымен қатар Конвенция қағидаттарының сақталуы Каспий маңы елдерінің көлік инфрақұрылымының дамуына, өңірдегі транзиттік əлеуеттің артуына, теңіздің экологиялық жүйесі мен биологиялық ресурстарының қорғалуына барынша оң ықпалын тигізеді.
Қорыта айтқанда, Ақтау саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оның табысты өтуіне барлық қатысушы мемлекеттер белсене атсалысты. Онда тарихи мәні зор Конвенциядан бөлек, жағалау елдері үшін маңызды Каспий теңізінде терроризмге қарсы күрес жүргізу, өңірде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік саласындағы әріптестік, Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу, шекара ведомстволарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімдер мен хаттамаларға қол қойылуы да Ақтау саммитінің салмағын арттыра түсті.
Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»