Ақтау қаласындағы Каспий саммиті алаңында Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау жөніндегі грамоталармен алмасу рәсімі өтті.
Тиісті хаттамаға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Түрікменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қол қойды.
Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартқа 2017 жылдың 18 сәуірінде Астанада Президенттер Нұрсұлтан Назарбаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов қол қойды. Бұл құжат екі ел арасындағы теңқұқылық, өзара сенім және жан-жақты ынтымақтастық негізінде стратегиялық әріптестік қатынастарды орнатады, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды Қазақстан-Түрікменстан ынтымақтастығының әлеуеті мен өзекті қажеттіліктеріне сәйкес сапалы жаңа деңгейге шығарады.
Аталған Шарт өзінің ережелеріне сәйкес үстіміздегі жылдың 11 қыркүйегінде күшіне енеді.
«Егемен-ақпарат»