* * *
Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен Қазақстанның іскер топ өкілдері құттықтайды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. «Arcelor Mittal» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Лакшми Митталдың хатында былай делінген: «Бұл – соңғы 20 жыл бойы өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жаңғырту және нығайтуда үлкен жолды жүріп өткен ұлт үшін елеулі кезең. Қазақстанның табысы Сіздің айналаңызға топтасқан халықтың ұжымдық күш-жігерінің орасан нәтижесі болып табылады. Сізге және Қазақстан Республикасының халқына бейбітшілік, бақыт және гүлдену тілейміз». Ал «ENRC» компаниясының акционерлері Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимовтің құттықтау жеделхатында «Бүгінгі Қазақстан – өшпес рухани құндылықтарын қайта өркендетіп, бабалар дәстүрін келешекпен берік үйлестіре отырып, алға ұмтылған, өзінің бай әлеуетін іске асыру жолында қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Осының бәрі көп жағдайда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсаткерлік, жауапкершілік, дана және көреген қасиеттерінің арқасында мүмкін болды», деп атап өтілген. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Владимир Школьник құттықтау хатында Қазақстан жаңа өндіріс орындарын құрып, инновациялық-техникалық және технологиялық шешімдерді басшылыққа ала отырып, мемлекеттің гүлденуі мен әрбір қазақстандықтың игілігі үшін одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысын «Шеврон» корпорациясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Скотт Дэвис, «Kazzinc» ЖШС басшылары Никола Попович пен Геннадий Зилбберберг, «OKAN» компаниясының басқарма төрағасы Бекир Окан құттықтаған.* * *
Мемлекет басшысының атына зиялы қауым өкілдерінен, мекеме басшыларынан, кәсіпкерлерден және қарапайым азаматтардан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар мен жеделхаттар легі толассыз келіп түсуде, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Хат иелері еліміздің 20 жылда жеткен жетістіктеріне, Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалап, экономикасы тұрақты, халқы ынтымақты, әлемге танымал, іргелі ел құрып, өркендеудің қазақстандық жолына бастаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегіне кеңінен тоқталып, саралап көрсеткен. Жазушы А.Мекебаев өз құттықтауында: «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз Қазақ елі үшін Тәуелсіздік символына айналған ұлы тұлғасыз. Сонымен қатар, түрлі замандарда қилы қасіретті бастан көп кешкен ұлттың арасынан дараланып шығып, елін Тәуелсіздікке жеткізген дара тұлғасыз. Сіз ерекше көрегенділікпен бірнеше ғасырға созылуы мүмкін күрделі жұмыстарды 20 жыл ішінде атқара алдыңыз. Халқыңызды мұратына жеткіздіңіз», деп жазады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысын Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, өз ұжымдары атынан жүрекжарды тілектерін білдіріп, құттықтаулар жолдағандар қатарында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Б.Ақшолақов, көкшетаулық кәсіпкер Е.Құрманғалиұлы, т.б. бар. Хат иелері өз құттықтауларында Тұңғыш Президентіміздің еңбегінің нәтижесінде еліміздің 20 жыл ішінде экономикасы өркендеген, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді берік орнықтырған абыройлы мемлекетке айналғанын айта келе, Ұлт көшбасшысының тәуелсіздікті орнықтыру жолындағы қызметіне зор баға берген. Осындай мазмұндағы хаттар Ақтөбе облысы Ырғыз ауылының тұрғыны, зейнеткер Ж.Дербісов, Жамбыл облысы Бөлтірік шешен ауылының тұрғыны М.Рахметулла, Қазалы қаласының тұрғыны З.Баймаханова, Семей қаласының тұрғыны Е.Оразалиннен келді.