• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Бизнес 16 Тамыз, 2018

Қызылордада кәсіпкерлер көбейіп келеді

826 рет
көрсетілді

«Отанды өз өніміңмен қамтамасыз ете алмасаң, өзге елдің өркендеуіне қызмет етесің» деген қағида бар. Өкінішке қарай, Қазақстан аграрлы ел саналғанымен азық-түліктің, дайын өнімдердің денін сырттан тасымалдайды. Басқасы басқа, сонау алып мұхиттың ар жағында жатқан Бразилиядан ет алғаннан кейін өзге жағдайды айтпай-ақ қойыңыз. 

Дегенмен соңғы жылдары мем­лекеттік бағдарламалар аясында өндіріс орындары аяғынан нық тұрып келеді. Әзірге шетел өнімдерімен үзеңгі қа­ғысуға шамасы жетпегенімен, ішкі нарық­тың ындынын жабуға жетіп жа­тыр. Осы орайда жыл сайын өт­кізілетін үздік тауарлар көр­месі бүгінгі мен болашақтың бағ­да­рын көрсетіп келеді.

Қызылордада кәсіпкерлер көбейіп келеді

Жақында Қызылордада облыс әкім­дігі мен Кәсіпкерлер палатасының ұйым­дастырумен «Қазақстанның үздік тауары – 2018» облыстық көрме-бай­қауы өтті. Бір қуанышты жайт, отан­дық тауар өндірушілер қата­ры­ның жыл сайын өсіп келе жат­қа­ны байқалады. Мәселен, 2016 жылы көрмеге 17 кәсіпкер ғана тауарын қойса, өткен жылы олар­дың қатары 22-ге жеткен. Биыл 34 кәсіпкер қатысты. 

Облыс әкімі Қырымбек Кө­шер­­баев­ 2018 жылды «Жаппай кәсіп­керлік­ті қолдау жылы» деп жария­лағаны бел­гілі. Осы істі алға бастыру үшін өзін-­өзі тиім­сіз жұмыспен қамтыған және жұ­­мыс­сыз жүз мыңға жуық адам­ анықталған еді. Бүгінде олардың 27 мыңға жуығы жұмысқа орна­лас­тырылған. Кәсіпкерлікке ике­мі барларға «Бастау – Бизнес» жо­ба­лары арқылы жеке кәсібін ашуға көмек жасалған. Осы жұмыс­тардың арқасында кәсіп ашып, енді өз өнімін көрме-байқауға қойып жатқандар бар.

Сонымен облыстағы мына­ үз­дік тауар өндірушілер бәсеке­лес­терінен қара үзіп шықты. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойын­ша жеңім­паз болған үш кәсіпорын­ды айтып өтейік. Олар – «Қазақстан­ның «Кемикал» мұнай химиялық компаниясы» ЖШС, «Асем тас» ЖШС, «Жанзере» ЖШС. 

«Халыққа арналған үздік тауар­лар» аталымы бойынша үз­дік деп танылған «DALATEX» ЖШС айына 11 мың дана ерлер жей­десін тігеді. Кәсіпорында 40 адам жұмыс істейді. Осы аталымдағы тағы бір жеңімпаз «Нариман» жеке кәсіпкерлігі Шиелі ауданы, Бестам ауылдық округінде орналасқан. Музыкалық құралдар әзірлейтін кәсіпкер ай сайын 20 музыкалық құрал-жабдық жасайды. 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қызылорда қаласындағы «Сұлтан Сүйрік» ЖШС тоқыма өнімдерін шығаратын серіктестік жылына 10 мыңнан астам тұты­ну­шыға қызмет көрсетеді. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша «Аралтұз» АҚ жеңім­паз деп танылды. Арал ауданы­ның Жақсықылыш кентінде орна­ласқан кәсіпорын жыл сайын 500 мың тоннадан астам тұз өндіреді, серіктестікте 1213 адам еңбек етеді. «СПК Қызылорда балық» ЖШС 2012 жылы құрыл­ған. Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде орналасқан компания балық өнімдерін шығарады. Жы­лына 1260 тонна балық өнім­дерін өңдейтін зауытта 50 адам жұмыспен қамтылған. Ал «AB INVEST GROUP» ЖШС сафлор майын өндіреді. Кәсіпорын 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Шара соңында «Қазақстан­ның үз­дік тауары – 2018» облыс­тық көрме-байқауына өнімде­рін әкеліп, белсенді қатыс­қан кәсіпкерлерді Кәсіпкер­лер пала­тасының директоры Ғалымбек Жақ­сылықов алғыс хаттармен марапаттады. Облыстық көр­ме-байқау жеңімпаздары осы жыл­дың қазан айында Астана қала­сында өтетін республикалық көр­ме-байқауға қатысады.

Алматының компаниялары белсене атсалысты

Өткен аптаның соңында Алматы қаласының да үздік кәсіпкерлерінің есімдері белгілі болды. Мегаполистің жергілікті 60 компаниясы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-бай­қа­уына қатысып, өнімдерін ортаға салды. Олардың басым бөлігі – байқауға бірінші рет қатысып отырған жас кәсіпорын­дар.

Көрме түрінде өткен байқауда нан, сүт өнімдерін шығаратын, аяқ киім, сырт киім тігетін, тү­йе жүнінен тауар өндіретін, ауыл шаруашылығы, медицина және биологиялық препараттар өнді­ретін, жиһаз шығаратын компаниялар, туризмді дамытуға септігін тигізуге ұмтылған жер­гі­лік­ті кәсіпкерлер де бақ сынады. 

Бұрыннан белгілі өндіруші­лердің арасында Алматы тех­ноло­гия­лық уни­вер­ситетінің жеңіл өнеркәсіп және дизайн факуль­теті студенттерінің қолы­нан шыққан «Ұмай ана» жобасы бар. Туристерге арналған тәбәрік түріндегі жиынтықта төрт тілде жарық көрген Ұмай ана туралы аңыз кітап, сөмке, аудио-кі­тап және Ұмай ана қуыршағы ұсынылған. Сол сияқты академик Төре­гелді Шармановтың идеясы бойын­ша іске асып жатқан бие сүтінен жасал­ған шоколадтар да көрмеге келу­шілердің қызы­ғушылығын оятты.

Екі күнге созылған «Қазақ­станның үздік тауары» өңірлік байқауын сапа жолына түскен алматылық кәсіпкерлерді қай тұрғыда да құлшындыратын жарыс әрі үлкен жеңіске бастайтын жолдама деп те қарыстыруға болады.

Кәсіпкерлер үшін айтулы іс-ша­ра­ға «Атамекен» ҰКП Бас­қарма төр­ағасының орынбасары Елдос Рамазанов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, «Атамекен» ҰКП байқау­ларды ұйымдастыру жөнін­дегі басқарушы директоры Сал­танат Әбдікәрімова, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий Тілеумұратов, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры­ Бағдат Телебай, сондай-ақ бизнес-қоғам­дастық пен мемлекеттік орган­дардың өкілдері қатысты.

Сонымен мемлекеттік мекемелер мен «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер пала­тасы өкіл­­де­рінен құралған сараптау­ комиссиясының шешімімен Алма­ты қаласы бойынша­ «Қа­зақ­­станның үздік тауары»­ өңір­лік көрме-байқауы жеңімпаз­дарының тізімі төмендегідей бол­ды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар­лар» аталымында «Алматы электр-ме­ханикалық зауыты» ЖШС, «Алматы автотіркемелер зауыты» ЖШС, «Алматы көпір құрылысы зауыты» ЖШС топ жарды. 

«Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында «Семирами­да» тігін фирмасы» ЖШС, «Адал Плэнт»ЖШС, «Элтекс Алатау» ЖШС жеңіске жетті.

Алматының «Үздік азық-тү­лік тауарлары» атағына «ЭФКО Алматы» ЖШС, «Игели­ко­ва Д.М» ЖК, «Қызыл айдаһар» ЖШС лайық деп табылды. Осы арада заңнамалық өзгерістерге байланысты, биыл әрбір аталым бойынша теңдей үш жеңімпаз таңдалып, жүлде бірінші, екін­ші және үшінші орындарға бөлін­бегенін атап өту керек.

«Бүгін үздіктердің үздігі бас қосты. Бұлар – өнеркәсіп байра­ғы, Қазақстан бизнесінің элитасы саналатын компаниялар. Сараптау комиссиясының алдында қиын таңдау тұрды. Байқауға қа­тысып отырған әрбір компания же­ңім­паз атануға әбден лайық болды», деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палата­сының директоры Бағдат Телебай.

Алматы қалалық әкімдігінің өкіл­дері өңірлік байқауда жеңіс­ке жеткен алдыңғы қатар­лы іскерлер «Қазақстанның үз­дік тауары» республикалық бай­қауында да жүлделі орындардан табылатындығына сенім артып отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»