Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бақыт Беделханұлының «Ауадағы жазу» жыр жинағына «Рух» халықаралық бәйгесінде поэма аталымы бойынша бас жүлде алған «Рух» поэмасы, өлеңдері мен толғаулары, «Ұлым, саған айтам», «Тағдыр тақтасы» атты поэтикалық драмалары енген.
«Адам өмірге келгенде бір жұтым ауаны тұншыға жұтып, шыр ете қалады. Сол жұтқан ауаң ең соңғы сәтіңде де тұншықтырып барып «уһ» деген деммен бір-ақ шығады. ...Ал ауадағы жазулардың құдіретін кеудеңдегі сол бір жұтым тылсым ауаның тілімен оқи аласың» деген автор мына дүниенің сырына ақын жүрегімен үңіліп, шер толқытқан сөзін ақ қағазға өрнектейді.
Ақын деген – жүрегі нәзік, әсершіл жұрт. Өр сөйлеп, өктем көрінгендерімен, дәл ақындардай дүниеге алаңдап, әр бүршік жарған талдан бастап, сарғайып үзілген жапырақтарға дейін жан ауыртып, тебіренетін жан жоқ шығар. Ал ұлт тағдыры, ел намысы дегенде мүлде басқаша түрленіп, айбаттанып, айбынданып шығатын сөздері рухтың мықтылығынан, өзектің беріктігінен болса керек. Бақыт Беделханұлының жыр жинағынан осы нәзік жүрек пен өр рухты байқайсыз. Оның толғаулары мен өлеңдеріндегі тақырып өзектілігі әрдайым алдыңғы орында тұрады.
Бақыт Беделханұлының поэзиясындағы рух сарыны өткен мен бүгіннің арасын еркін жалғап, терең тыныстап тұрғандай. Заман көшінде адам жүрегі қалай ауытқыса, адам тілі қалай бұзылса да, ақын тілі, ақын жүрегі бұзылмауға тиістей көрінеді. Өтірік пен өсекке, жалпақшешейлік пен жәдігөйлікке қарсы дәрмен іздесек, поэзияға келіп бас қойып, саялайтын болғандықтан да, ақын атаулыға ерекше талап қоятын болсақ керек. Ал осы оқырмандарының талабына өлеңімен жауап бере алатын ақындардың қатарынан Бақыт Беделханұлын іздеп тұратынымызды жасырмаймыз. Поэзия әлемін емен жайлап, дүбірлетіп жүрген ақынның самала жырларының ұшқыны жүрегімізге жігер, жанымызға жылу береді.
Кейде жырауша, кейде лирикалық лепте төгілетін өлеңдеріндегі бір ерекшелік – еркіндігінде. Еркін сөз, еркін ой, еркін пішін – ерекше өлең. Оны ақын ерекшеленейін деп жазбайтын болса керек.
* * * «Ұлым, саған айтам» поэтикалық драмасында қозғалған мәселе күнделікті сіз бен біз бетпе-бет келіп жүрген ахуал. Дәстүрді бағаламайтын ұрпаққа деген наз, өткенін ұмытқан жасқа деген өкпе, ағайыншылықты естен шығарған бауырларға деген реніш, пенде баласының дүниеқоңыздығына деген жүрек арызы оған дейін қанша мәрте айтылды. Бірақ гәп осы мәселелердің қалай айтылғанында. Қазақтың қайғысы көбіне пыш-пыш әңгімемен, шәй үстіндегі сұхбатта қозғалады. Үлкен мәселе ретінде халық алдына қойып, «бұл мәселені шешетін мен емес, сендерсіңдер ғой» деп үлкен мінбеде тұңғыш рет айтылғандай. «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым» деуге дәрменіміз жете ме енді... Түптеп келгенде гамлеттік сұрақты қояды. Қазақ болу ең алдымен адам болу екенін өз өмірінен мысал етіп көрсеткендей. Жақсы бала бол, жақсы әке бол, сонда ғана жақсы азамат бола аласың. Автор кейіпкерлері арқылы бүгінгі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді қозғайды.
«Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасы Асанәлі Әшімовтің өмірі мен өнер жолына арналған. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында қойылған бұл драма өнер адамының тағдыры мен жан дүниесін оқырмандары мен көрермендеріне жарқыратып көрсеткен.
Бұл кітап құрылымы жағынан да толық ойластырылып, мазмұндық тұтастықты бұзбай, мағынасын оқырманға толық жеткізетін пішінде шыққан екен. Оқырмандарға қуанарлық олжа болады деп ойлаймын.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»