Халықаралық беделді ұйым ЮНЕСКО-ның бастамасымен алдағы 2021 жылы әлемде тұңғыш рет дүние жүзі халықтарының ұлттық этноспорт ойындарынан кіші Олимпиада өткізу туралы бастама көтерілген еді.
Осы ойынды өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі ынта-ықылас танытып, нәтижесінде өткен шілде айының басында ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорт түрлері мен ойындар комитетінің өкілдері Халил Ахмед Хан, Шамми Рана және Марселлин Дэлли мырзалар арнайы сапармен елордаға келген болатын.
Жоғарыдағы мақсатты шараның бастамашылары жақында Түркияның Эрзурум қаласында жалауын көтерген дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының «Түркі ойындары – 2018» фестиваліне жиналып, сонымен бірге Ыстанбұл қаласында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен «Кешенді ІV консультациялық кеңес отырысы» және «Дәстүрлі спорт түрлері мен ойындар бойынша достық тобы отырысы» атты аса маңызды басқосу өткізді.
Әлемде этноспортын дамытушы жүздеген мемлекет өкілдерінің басы тоғысқан аталмыш жиынға Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері қатысып, 2021 жылы өтетін әлемдік этноспорт ойындарын елімізде өткізу туралы ұсыныс айтты. Ұсыныс бірауыздан қабылданып, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен орайлас, ұлы дүбір этноспорт олимпиадасы елімізде өтетін болды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»