Қазақстан мен Татарстан арада сенімді қарым-қатынас орнаған бауырлас елдер екені белгілі. Осы орайда Татарстан президенті Рустам МИННИХАНОВПЕН сұхбат барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық пен ТМД-дағы Ислам экономикасының келешегі туралы әңгімеленді. Сонымен қатар Р.Минниханов «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы мен Қазақстандағы татар-башқұрт этномәдени бірлестіктерінің қызметіне көзқарасын білдірді.
– Рустам Нұрғалиұлы, сізді Қазақстанға жиі сапарлайтын қонақ деп білеміз және Қазақстан мен Татарстан арасындағы достық пен ынтымақтастық сөзбен ғана емес, іс жүзінде де нығайып келеді. Оның бір дәлелі – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазан қаласына сапары. Мұндай жылы ниетті қарым-қатынастың сыры неде?
– Бұл ынтымақтастық 1997 жылдың 25 тамызында бекітілген Татарстан мен Қазақстан Үкіметтері арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық қағидаттары туралы келісімге негізделеді. Ұзақ жылдар бойы Ресей-Қазақстан қарым-қатынасы аясында Қазақстан Татарстанның тұрақты экономикалық серіктесі болды. Мұны екі ел арасында жиі болатын жоғары деңгейдегі сапарлар айғақтайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылдың сәуірінде, 2004 жылдың маусым-шілде айларында, 2005 жылдың тамызында және 2018 жылдың маусым айында Татарстан Республикасына келді. Өз кезегінде Татарстан делегациялары да Қазақстан аймақтарына жиі барады. Мәселен, 2017 жылдың 11-12 маусымында Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Татарстан делегациясын бастап бардым. 2018 жылдың 3-5 шілдесінде біздің өкілдік делегация Астанадағы Ислам экономикасы форумына және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ашылуына қатысты. Мұндай кездесулер қос республикадағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың ынтымақтастығына серпін береді, соның нәтижесінде, тауар айналымы да арта түседі. Мәселен 2017 жылы Татарстан мен Қазақстан арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артып, 702,9 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен бірге біз өзара тауар айналымын арттыратын үлкен мүмкіндіктерді көріп отырмыз, демек, әлі де біз ұмтылатын биіктер бар.
– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласында сізбен кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын және өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу қажеттігін атап өтті. Осы мақсаттарды жүзеге асыру қалай жоспарланып жатыр?
– Бүгінде Қазақстан Татарстан үшін сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды бағыты болып отыр. Біздің республикалар тілі, мәдениеті, діні бойынша үндесіп жатыр.
Біз қазақстандық серіктестермен автокөлік, кеме жасау, тікұшақ жасау, мұнай-газ химиясы, жоғары технологиялар және өзге де салалардағы экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан мұнайды өндіру үшін алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланатын ірі мұнайлы ел. Татарстан экономикасында да мұнай-газ және химия кешені маңызды рөл атқарады. Осылайша, ынтымақтастықты кеңейтуде бұл саланың келешегі мол.
Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатқан татарстандық кәсіпорындар арасында «КамАЗ», «Татнефть», «ТАИФ», «Қазан тікұшақ зауыты», «А. Горький атындағы Зеленодольск зауыты», «KМПО» АҚ, «ЕлАЗ» АҚ, «КЭР-Холдинг» компаниялар тобы және «Татспиртпром» АҚ бар.
2018 жылдың І тоқсанында тауар айналымының өсімі 60%-ті құрап, шамамен 200 млн АҚШ долларына жетті. Осындай тығыз ынтымақтастық арқылы ортақ тапсырманы жүзеге асырамыз – жақын арада екіжақты сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізе аламыз. Татарстанның кәсіпорындары Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және ортақ көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға қызығушылық білдіріп отыр. Сонымен бірге білім беру саласындағы қарым-қатынаста үлкен әлеует бар.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлемдік нарықта жұмыс істеу дайындығына қандай баға берер едіңіз? АХҚО аясында Татарстан мен Қазақстан ынтымақтастығы қалай жүзеге аспақ?
– «ЭКСПО» аумағында АХҚО құрылуы – Қазақстан дамуындағы маңызды шешім Астананы әлемдік қаржы орталығы ретінде қалыптастыру жолдарының бірі. Бұл Қазақстан үшін қаржылық капиталға қол жеткізудің ең үздік тәжірибесі, сондай-ақ қаржылық технологияларды апробациялау мен енгізуге арналған бірегей орта.
Қаржы орталығы аясында қазақстандық әріптестерімізбен исламдық банкинг саласындағы өзара ынтымақтастықты дамытқымыз келеді. «Астана» қаржылық форумы аясында Татарстан Республикасы Инвестициялық даму агенттігі АХҚО-мен өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл бізге исламдық қаржыландыруды іс жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді және Ислам экономикасы орталығын құру жұмысына үлкен көмегін тигізеді.
– Сіз Қазақстанға келген әрбір сапарыңызда мұндағы татар-башқұрт этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесуге тырысасыз. Олардың қызметі туралы не айтасыз?
– Қазіргі уақытта татарлардың ең үлкен диаспораларының бірі – 200 мыңнан астам татар Қазақстанда тұрып жатыр. Әрине, татарлар өздерінің бірлігімен ерекшеленеді, олар ана тілін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін сақтап қалуға бағытталған көптеген этномәдени жобаларды жүзеге асырып жатыр. Орал қаласында Ғабдолла Тоқай орталығы мен музейі құрылды.
Семейде «Ертіс моннары» атты татар әндерінің жыл сайынғы фестивалі өтеді, татар өнер-мектептері жұмыс істейді. Одан бөлек, Қазақстанда әуесқой татар ансамбльдері мен театр ұжымдары жұмыс істейтінін, мерзімді басылымдар шығарылатынын білемін.
Петропавл, Алматы, Павлодар, Өскемен, Астана қалаларында татар жексенбілік мектептерінің қызметі де назар аударуға тұрарлық. Татарстан аумағынан тыс елдерде тұратын татарлар республикада болып жатқан барлық оқиғаларға – біздің жетістіктерімізге, мәдени мұра нысандарына, ана тілімізді сақтауға қатысты мәселелерге қызығушылық танытуда.
Сұхбат «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінен ықшамдалып алынды