Алматыда ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы (ПжБХҒО) базасында Балалар кардиохирургиясы және интервенциялық кардиология бөлімшесі, сондай-ақ сүйек майын трансплантациялау бөлімшесі бар республикалық онкогематологиялық орталықтың тұсауы кесілді. Дүние жүзінің ең соңғы әлемдік стандарттарына сай заманауи технологиялармен жарақтанған орталық Қазақстан мен кіндік Азияда теңдесі жоқ әрі тұңғыш рет ашылып отырған емдеу орны.
Шынында да, бұл қуанышты оқиға Қазақстан медицинасы тарихындағы ең жарқын күндердің бірі болып қалары хақ. Иә, еліміздің педиатрия саласында осындай жағымды жаңалық отандық медицинаның өркениетке қол жеткізгендігін айғақтап отыр.
Салтанатты жиынға арнайы келген Денсаулық сақтау вице-министрі Аида Құрманғалиева алдымен Мемлекет басшысының елімізде денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуына айрықша көңіл бөліп отырғанын, сондай-ақ барлық мемлекеттік бағдарламаларда ана мен бала денсаулығы ең маңызды басымдықтардың бірінен саналатынын айтты.
– Бүгінде республикада жыл сайын 600 бала қан ауруының ең күрделі түрімен ауырса, олардың 130-ы лейкоздың ауыр түрімен алғаш тіркелгендер. Енді, міне, осындай күрделі емді өз елімізде, өз мамандарымыз жасап, сүйек майын ауыстырудың нәтижесінде онкогематологиялық терапияның тиімділігін арттыратын боламыз. Ең бастысы, емді қажет ететін балалардың бәріне қолжетімді болмақ. Мәселен, биыл ақ қан ауруына шалдыққан 7 бала мемлекет квотасымен шетелде операция жасатып қайтты. Бұған шамамен 1,5 млн. доллар қаржы жұмсалды. Әрине, мұндай емді қажет ететін балалар әлі де көп. Сондықтан, жаңа орталықтан үлкен үміт күтеміз, – деді вице-министр.
Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жуырда ашылған қалалық неонатальды орталығында бүгінге дейін 19 жүрек ақауына операция жасалса, елімізде тағы сондай жоғары деңгейдегі кардиохирургия және интервенциялық бөлімнің бой көтеруі – отандық медицинаның жетістігі екенін екпін түсіре айтты.
Сондай-ақ ПжБХҒО-ның директоры Сәуле Мүкішеваның соңғы жылдары Қазақстанда балалар мен ересектер арасындағы онкологиялық аурулармен ауырған жандарға қайырымдылық көмегін көрсетіп жүрген, бүгінгі қуанышты жиынның құрметті қонағы «Масимовтың сауықтыру орталығы» ЖШС президенті Қажымқан Мәсімовті көпшілікке таныстыруының өзіндік себебі бар екен. Бұғанға дейін еліміздің бірқатар облыстарында қатерлі ісікті ерте анықтаудың оңтүстік кореялық «Цитофаст» медициналық құрал-жабдығын сыйға тартумен қатар, олармен жұмыс істейтін мамандарды шетелде оқытып әкелген Қажымқан ағамыз гематологиялық орталықтың ашылу салтанатында көрімдікке жаңа микроавтобустың кілтін табыс етті. Сонымен қатар ол жаңадан ашылған орталықтың тоғыз дәрігерін Кореяға жіберіп, өз салалары бойынша білімдерін көтеріп қайтуға жағдай жасаса, бірінші қабаттағы ойын бөлмесін түгелдей жасақтап, көздің жауын алатын ойыншықтармен жайнатып қойыпты.
– Жаз шыға балалардың таза ауада ойнап, демалуы үшін орталық ауласында көлеңкесі бар орындықтар жасаймыз. Алдағы уақытта да орталықтың аяғынан тұрып кетуіне шамамыз келгенше атсалысатын боламыз, – деді ол.
Келген қонақтардың ішінде ПжБХҒО-ны он үш жыл басқарған, еліміздің балалар хирургиясы саласының дамуына орасан зор үлес қосқан академик Камал Ормантаев та өз қуанышымен бөлісті.
– Онкогематология – өте күрделі ауру. Ол дәрі-дәрмекті көп қажет етеді. Біздер мынандай онкогематологиялық орталықтың ашылуымен мақтануымыз керек. Рас, соңғы он жыл көлемінде елімізде медицина саласына айтарлықтай көңіл бөлініп, керемет заманауи ғимараттар ашылып жатыр. Хирург ретінде балалар кардиохирургиясының дамып отырғанына қуанып отырмын. Балаларға қазіргі заманғы аппараттар керек. Өйткені, балақайлар ауырған жерін айта алмайды. Ал диагностика аппараттың сапасына байланысты болса, емдеу – диагнозды дәл қоюға тікелей қатысты. Оған қоса мамандарымыз да соған сай болғаны абзал, – деді академик.
Лента қиылып, ғимаратқа оң аяғымызбен аттадық. Алдымен гемопоэтикалық дің жасушасын трансплантациялайтын бөлімді аралағанда, құдды теледидардан ғана көретін керемет клиникасын аралап жүргендей әсерде болдық. Жарық та тап-таза бөлмелерде дүние жүзінің ең соңғы заманауи әлемдік стандартқа сай аппарат құрылғылары сонадайдан көз тартады. Науқас үшін өте күрделі кезеңдерді қамтитын, донор жинайтын бөлмеден бастап, операция жасалатын, одан әрі екі ай көлемінде өте дәлдікті, сақтықты қажет ететін трансплантациядан кейінгі палаталар бәрі-бәрі көңілге бір жылы әсер қалдырды. Мұнда жаңа туған нәрестеден 17 жас аралығындағы балаларға сүйек майы трансплантациясы жасалады десек, келесі жылы он балаға осындай күрделі операция жасау жоспарланып отырған көрінеді. Ең бір айта кетерлігі, мұндағы донор жасушасын он жылға дейін сақтай алады. Сондай-ақ дәрігерлердің алаңсыз жұмыс жасауына да барлық жағдай жасалған.
Келесі қабаттағы Кардиохирургия және интервенциялық кардиология бөлімін Президенттің Болашақ бағдарламасымен Мәскеуде оқып келіп, арнайы дайындықтан өткен жас маман Гүлжаһан Ескендірқызы басқарады. Онда екі операциялық блок, өздеріне тиесілі жан сақтау бөлімі бар. Жаңа туылған салмағы бір килолық шақалақтан бастап, ем қабылдайтын бөлімде бала үшін барлық жағдай бар. Туа бітті ақауы бар нәрестелер презентханадан бірден осы бөлімге әкелінеді. Аталмыш бөлім жылына төрт жүзге жуық операция жасауды жоспарлап отыр.
Дәл бүгін Онкогематологиялық орталықтың жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Күлән Омарова бұрындары тек армандайтын құрылғыларды, дәрігерлерге, әсіресе науқастарға жасалған керемет жағдайларды көріп, қуанышында шек жоқ. Өйткені, ол кісі барлық саналы өмірін Қазақстандағы онкогематология саласының дамуына үлес қосып, оның ыстық-суығына көніп келе жатқан санаулы ғалымның бірі.
– 1993 жылға дейін Кеңес Одағындағы емдеу тәсілі бойынша лейкозбен ауырған балалардың бірде-біреуі тірі қалған жоқ, – деді қонақтарды бөлімшемен таныстырып жүрген Күлән Омарқызы. – Ал 1993 жылдан бастап, яғни германиялық емдеу әдісін енгізгеннен бері екі мыңнан аса бала құлан-таза жазылды. Яғни, осы емнен балалардың 75 пайызы айығып шығады. Қазақстандағы бұл емдеу әдісі балалардың ақ қан ауруын емдейтін халықаралық стандартқа сай. Ал емге көнбейтін сол қалған рецидивтік жиырма бес пайызды енді сүйек майын ауыстыру арқылы аман алып қалу мүмкіндігі туып отыр. Ең бастысы, біздер сүйек майын трансплантациялау сияқты күрделі операция жасауға дайынбыз. Өйткені, трансплантациялаудан кейінгі ауруды алып шығу ең күрделі кезең. Кімде-кім бұл бағдарламаны біліп, бұрындары онымен емделмесе қиынға соғады. Ал біздің он тоғыз жылдық тәжірибеміз бұл ретте өз септігін тигізері сөзсіз.
Гематологиялық орталықта әрқайсысы 25 төсектік 2 қатерлі қан ауруына арналған, 1 жалпы гематологиялық бөлімше бар. Ең кереметі, ондағы әр бөлмеде бір-екі баладан жатып ем алады. Өйткені, ондай науқас балалар өте ұзақ, әрі жанға бататын ем қабылдайтын болғандықтан, анасымен оңаша жатуы екі жаққа да пайдалы. Бөлмелерде науқастарға барлық жағдай жасалған. Әрине, мұндай күрделі ем балаға да, оның ата-анасына да оңай тимейді. Сондықтан бөлімшеге психолог маманы тартылып отыр. Астанада Бала мен ана ұлттық орталығында гематологиялық бөлімнің ашылуына орай, орталықта көп жағдайда оңтүстік аймақтан келетін балалар емделмек.
– Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығында 150 орны бар қосымша жаңа ғимараттың ашылуы – «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жасалған игі іс-шараның бірі, – деді бізге орталық директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Мүкішева. – Бұған дейін ақ қан ауруына шалдыққан балаларға сүйек майын ауыстыру операциялары тек шетелде жасалып келді. Бұл науқас үшін қымбатқа түсетін. Мәселен, мұндай отаны Германияда жасатсаңыз, 300 мың еуроға тарта қаражатты қажет етеді. Ал бізде трансплантация 100 мың доллар көлемінде. Былай қарасаңыз, олармен протокол бойынша еміміз де, препараттарымыз да бірдей. Бар айырмашылық – оларда сол ауқымды қаржының 80 пайызы дәрігерлер мен басқа қызмет көрсететін адамдарға жұмсалса, біз тек химиялық препараттарға кететін қаражатты есептеп отырмыз.
Сондай-ақ, ол ғылыми орталық толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылатынын, мұнда білімі мен білігі мықты кадрлар жасақталып, шетелде тәжірибеден өтіп келгенін мәлім етті. «Қазір елімізде 5 мың бала жүрек ауруымен ауырса, оның үш мыңы операция жасауды қажет етеді. Амандық болса, бір жылдан кейін басқа органдарды ауыстыру, яғни бауырды трансплантация жасауды қолға алмақпыз. Өйткені, бұл да бүгінде күрделі міндеттің бірі. Біз енді соған талаптанып, мамандарымызды дайындау үстіндеміз. Ол да орталықтың ең басым бағыттарының бірінен саналады», дейді орталық басшысы.
Жалпы жаңа медициналық мекеме құрылысына 8 млрд. теңгедей қаржы жұмсалса, оны заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 1 млрд. 800 млн. тенге қаржы бөлінген екен.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.