• RUB:
    4.82
  • USD:
    443.35
  • EUR:
    475.54
Басты сайтқа өту
Президент 17 Тамыз, 2018

Қазақстан Президенті «Журавлевка 1» ауыл шаруашылығы кешенін аралап көрді

359 рет
көрсетілді

Ақмола облысына келген соң Мемлекет басшысы дәнді және майлы дақылдар алқабын аралап, егін ору науқанына дайындық барысымен танысты.

– Астықтың уақтылы жиналуын қамтамасыз ету қажет. Бізге ауа-райы қолайлы болып тұр. Егін ору уақытының созылуы едәуір шығын келтіретіндіктен, бұл жұмыстарды жеделдету керек, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері мен ауыл шаруашылығы саласының перспективалары жөнінде мәлімделді.

Қазақстан Президенті агроөнеркәсіп кешеніне озық ғылыми жетістіктерді және цифрландыру үдерісін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

– Шортанды ауданында тәжірибе ретінде алқаптардың электронды картасын енгізу, егістік жағдайына спутниктік мониторинг жасау, тұқымды ретімен егіп, тыңайтқыштарды дифференциалды түрде себу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға, сондай-ақ шығынды 20 пайызға төмендете отырып, астық өнімділігін 5 центнерден асыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанда және шетелде құрастырылатын техникалардың үлгілері қойылған ауыл шаруашылығы машиналарының көрмесін аралап көрді.