– Тоқсан жылдық той құтты болсын!
– Той тойға ұлассын!
Ел аузындағы сөз, ақжарма тілек осы.
Кешегі кеңес заманында Еңбекшілдер аталып келген, Алаштың ақиығы Біржан салдың кіндік қаны тамған қасиетті топырақ 2017 жылдың 13 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Біржан сал ауданы болып аталған болатын. Ақ түйенің қарны жарылған қуанышқа жалғыз аудан тұрғындары ғана емес, жалпақ жұрт бірге қуанған. Бүгін, міне, мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген Мәңгілік Елдің мерейлі бір пұшпағында көп көңіліндегі қуаныштар атой салған ауданның тоқсан жылдық тойы.
Тойшы қауым Біржан сал бабамыздың алыстан көз тартатын еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Аудан орталығында мәдениет және демалыс саябағы ашылды. Сөз арасында саябақтың бұрын да болғандығын айта кетелік. Бүгінгі кейпі замана талабына сай жаңғырған, жасарған түрі. Мазмұнмен байытылған, мол мағына үстелген. Рухани жаңғыру үрдісімен қайта жаңғыртылған мәдени нысан ел сұранысын толайым ескергендігі байқалады. Арқа төсіндегі той ән-жырсыз болушы ма еді. Әсем әуен Көкшенің көркем қыраттарынан асып, Оқжетпестің шырқау биігіне ілініп қалғандай.
Біржан сал атындағы Мәдениет сарайындағы салтанатты мәжіліс «Біржан сал елі» фильмінің тұсаукесерімен басталды. Ауданның тоқсан жылдық тарихын толайым қамтыған фильм бес тараудан тұрады екен. От-жалынды отызыншы жылдарды, зұлмат соғыс пен тың көтеру тұсындағы ауыр еңбекті, тәуелсіздік жылдарындағы теңдессіз өсу жылнамасын көз алдыңа жайып салғанда, ғажап бір әсерге бөленесің. Көрермендер де өздерінің аталары мен әжелерін, адал еңбектерімен ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтарды танып қуанысып отырды.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтауын жеткізген оның орынбасары Қанат Ыдырысов Біржан сал ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысындағы толайым жетістіктерді жұптап айтып берді. Талай тарихи тұлғаларды тәрибелеген бұл аудан қазақ мәдениетінің алтын бесігі болуымен қатар, Елбасының стратегиялық бағыттарын жүзеге асыруда өзгеге өнеге көрсетіп келеді. Бұл ауданда заманауи агрокешен құрылып, индустриялық-инновациялық үрдіс мақсаткерлік сипатқа ие болып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өркен-Атансор» темір кенішін, «KazBeej LTD» озық үлгідегі ірі қара бордақылау кешенінің ашылуы ән-жырдың алтын бесігі атанған өңірдің бүгінгі әлеуетін танытса керек.
Жиында бір топ еңбек адамына облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Аудан әкімі Ермек Нұғыманов жиналған жұртшылықты толағай тоймен құттықтап, елдің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жатқан азаматтарды арнайы дайындалған мерекелік медальдармен марапаттады.
Ән Меккесінде екі күн бойы шырайлы салтанат сәтімен сабақталып, ұлттық спорт түрлерінен жарқын жарыстар ұйымдастырылды.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы