Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саммит басталмас бұрын Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті. Кездесу кезінде Президенттер Халықаралық Аралды құтқару қоры саммитінің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президенті жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер екі тараптың да стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендігінің айқын көрінісі саналатынын айтты.
– Мемлекеттеріміз арқылы өтетін Әмудария мен Сырдария өзендері бассейндерінің мәселелерін талқылаймыз. Бұл екі өзен біздің балаларымыз бен немерелерімізге өмір сыйлайды. Осы проблемаларды бірлесе талқылаудың маңызы зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан басшысы саммиттің Түрікменстанда дер кезінде өткізіліп отырғанына тоқталып, Халықаралық Аралды құтқару қорының бұған дейінгі саммиті 2009 жылы өткенін атап өтті.
– Мен бауырлас Түрікменстанның даму барысын жіті қадағалап отырамын. Түрікмен халқына барлық жақсылықты тілеймін, – деп түйіндеді Қазақстан Президенті.
Ал Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіріп, Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының отырысына шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс айтты. Және Қазақстан Президентін Бесінші Каспий саммитінің табысты өтуімен және тарихи құжат – Каспий теңізіне қатысты конвен- цияға қол қойылуымен құттықтады.
Екі ел көшбасшылары Жол картасын іске асыру, көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздік мәселелерін қарастырды.
Соңында Гурбангулы Бердімұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевты және барша Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан» –
Түрікменбашыдан