Жылқының еті мен қымызы бойға – қуат, ойға шуақ екені рас. Дегенмен ел тұрғындарының бәрінің бірдей қазы кертіп, бал қымызға балбырауға мүмкіндігі жете бермейтіні де шындық. Амал жоқ, халық дүкен сөресінде тұрған сапасы күмәнді азық-түлікті тұтынады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің деректеріне сүйенсек, сауда сөрелерінде самсап тұрған түрлі тағамның арасында құрамында денсаулыққа зиянды қоспалары көп, дұрыс сақталмаудың кесірінен бұзылып кеткен азық-түлік те аз емес.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті соңғы 7 айдың ішінде азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін тексеру мақсатында арнайы мониторинг жүргізген болатын. Нәтижесінде ел сүйсініп тұтынатын шұжық өнімдерінің сапасыз дайындалғаны анықталды. Мәселен, жақында ғана аталған комитет «Царицыно» ААҚ, «Курников» АӨК, «Микояновский мясокомбинат» ЖАҚ, «Омский бэкон» АҚ сынды компаниялардың өндіру талаптарын жүйелі түрде бұзғанын, таңбалау техникаларының регламенттерін сақтамағанын анықтады.
– «Микояновский мясокомбинат» ЖАҚ өндірісінің «Южные» және «Сытные» шағын шұжықтарында натрий нитриттерінің үлес салмағы артқаны, патогенді микрофлора және ішек таяқшалары тобының бактериясы бар екені белгілі болды, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Яғни бұл шұжықтар адамның ішек ауруларын қоздырып, иммунитетін төмендетеді. Аталған ресейлік компания өз елінде шұжық шығарушы кәсіпорындар көшбасшыларының қатарында екенін де айта кетейік.
Қазақстанға шұжықтың ондаған түрін экспорттайтын ресейлік тағы бір кәсіпорын «Омский бэконның» өнімдері де комитет жасаған қара тізімді толықтырды. Себебі «Популярная», «Бутербродная», «Южная», «Сельская», «Заречная», «Походная» атты өнімдерінде натрий нитриттерінің үлесі 2-3 есеге көп екені, левомицетинді 2 есеге жуық артық қосқаны, микробиологиялық көрсеткіштерді бұзуға жол бергені белгілі болды. Айта кетейік, натрий нитраты ағзаға тым көп түскен жағдайда түрлі қатерлі ауруларды тудындатуы мүмкін.
Жоғарыда айтылған компаниялардың «Утренние», «Русская», «Бистро», «Натуральный», «Крестьянский» сынды тартылған еттері, жартылай фабрикаттарының да сапасында кінәрат бар.
Сауда сөрелерінде аз күн тұрса да тез бұзылатын, құрамында түрлі қоздырғыш бактериялар жылдам көбейетін тағамдардың бірі құс еті. Сол себепті оның санитарлық-химиялық көрсеткіштері басқа өнімдерге қарағанда қатаң тексеріледі. Өкінішке қарай, тексеру сайын теріс фактілер жиі тіркеледі. Айталық, сальмонеллез, стафилоктоз қоздырғыштары бар, ылғалы шектен тыс мол ондаған тонна өнімді тиісті мекемелер тауып, сатылымнан аластап, айыппұл төлетіп, импортын шектеген фактілер аз емес. Құс жұмыртқасын жарамдылық мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан сөрелерден алмайтын сауда орындары көп.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті биыл дүкендер мен базарларда толып тұрған «Брянский бройлер», «Чебаркульская птица», «Нагайбаксий птицеводческий комплекс» сынды кәсіпорындардың мұздатылған құс етінің тиісті талаптарды өрескел бұзғанын анықтады. Анықтамаған жағдайда сальмонелла және ішек таяқшаларымен бүлінген ет тұрғындардың дастарқанынан орын алуы әбден мүмкін еді. Құс еті үнемі қатырылған күйде сатылады. Ал тағамтанушылардың айтуынша, мұздатылған өнім шикі азықтардың ішіндегі ең қауіпті түрі екен. «Буштың сирағынан» бас тартқанымызға біраз болса да, әлі күнге сөренің бәрін отандық өнімдер жаулап үлгерген жоқ. Ал шетелден әкелінген құс етінің құрамында фосфоттар түріндегі қоспалар жиі кездеседі. Шетелдік компаниялар өнімдерінің ұзағырақ сақталуы үшін осындай қадамға барады, біздің елдің заңнамасында құс етіне оны қосуға тыйым салынғанын ескере бермейді. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин:
– Құс етіне қосылған ерітінділер ағып кетпейді. Етті қатырғанда су қосса, мұзға айналады. Мұздың көлемі суға қарағанда үлкейетіндіктен етті жыртып жібереді де, фосфаттар бүкіл өнімнің бойына тарап кетеді, – дейді.
Өнімнің дұрыс таңбаланбауына бейжай қарауға болмайды, бұл халықтың денсаулығына тікелей байланысты фактор.
– Өндіруші таңбада көрсетпеген компоненттердің тамақ құрамында болуы адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай өнімдер, әсіресе жүрек-қан тамырлары мен эндокринді аурулардың, аллергиялық реакциялардың ушығуына ықпал етуі әбден мүмкін, – дейді Ж.Бекшин.
Бұл орайда «ФинИнвест», «Приосколье», «Витебская бройлерная птицефабрика», «Куриное цартсво Брянск» сынды шетелдік кәсіпорындардың құс етінен әзірленген жартылай фабрикаттары таңбалау талаптарына қайшы келеді.
Мал мен құс етінен бөлек, халық жиі тұтынатын, әлеуметтік маңызы бар тағы бір азық-түлік түрі – сүт өнімдерін айтпай кете алмаймыз. Тағы да Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті анықтаған деректерге тоқталайық. Жуырда комитет 79 түрлі сүт өнімін тексере келіп, оның 18-інен алынған сынама тиісті талаптарға қайшы екеніне көз жеткізді. Жарнамасы жер жаратын «Президент» сары майы, «Валио», «Омира Оберланд», «Шадринское» брендіндегі сүттерден кінәрат табылды. «Сапа» тұтынушылар құқын қорғау ұлттық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кеңесшісі Әлиақпар Мәтішевтің айтуынша, қырғызстандық, ресейлік өнімдер ғана емес, отандық «Адал» мен «Одаридің» сүттері де оншалықты адал емес көрінеді.
Бүгінде қоғамның көзі ашық, тұтынатын азық-түліктерінің сапасына мән беруге тырысады. «Ауру – астан...» екенін білетін жұрт дүкен сөрелерінен азық-түлікті алмас бұрын таңбалануын тексеріп жататынын жиі байқаймыз. Тиісті мекемелер де халық денсаулығын қолынан келгенше қорғауға тырысып жатыр деген үміттеміз. Алайда, тіркеліп жатқан теріс фактілердің көбейіп бара жатқанын ескерсек, ішер ас пен судың сапасын әлі де болса қатаңырақ тексеру артық етпейтін сыңайлы.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»