«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру бойынша республикалық Қоғамдық кеңес мүшелері – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов пен Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Алматы облысына келді. Олар осы сапар аясында өңірлік палата алаңында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
Кездесу барысында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін жер телімдерін қолжетімді ету, көтерме және тарату орталықтарын салу және басқа да мәселелер талқыланды. Әсіресе жер телімдері туралы ақпараттың қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының айтуынша, облыста қолданыстағы бас жоспардың материалдары мен егжей-тегжейлі жоспарлауды қамтитын қала құрылысы жобалары бойынша геоақпараттық деректер базасын құру қолға алынған. Мұндай жұмыс Қызылорда облысында, Астана мен Алматы қалаларында да жүргізілуде.
– Әкімдіктердің бас жоспарлар туралы, бос жатқан жер учаскелері жайлы ақпаратты онлайн арқылы қолжетімді етудің маңызы зор. Мысалы, 5-6 сиыры бар «Бастаудың» түлегі өз шаруасын кеңейтіп, тағы 10-15 сиыр сатып алуға ниеттенді делік. Оған жайылым керек. Ол жер учаскесінің немесе бос жатқан жер учаскесі туралы ақпараттың да жоқтығын біледі. Сондықтан кәсіпкерге барлық ақпарат онлайн режімде қолжетімді болуға тиіс. Кәсіпкерлер есіктерді қақпай, барлық қызметті бір жерден алуы үшін бұл алаңды өңірлік палаталар арқылы құру керек, – деді Абылай Мырзахметов.
Сондай-ақ ол қаржы ресурстарын алуды оңайлату, мемлекеттік сатып алуды жетілдіру, отандық тауар өндірушілерді қолдау және кадрларды оқыту туралы атқарылған және жоспарланған жұмыстар барысы туралы әңгімеледі.
Аймақтардағы фермерлерді алаңдатқан тағы бір мәселе – сауда желілерінің жоқтығы. Бүгінгі таңда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) елді мекендерде фермерлер өнімдерін өткізетін көтерме және тарату орталықтарын құруда. А.Мырзахметов айтқандай, фермерлер нарыққа шығу мәселесімен өздері ғана айналыспауға тиіс. Олар тек өнімді қоймаға өткізіп, тиесілі қаражатты алуға міндетті. Қазіргі таңда «Атамекен» мұндай орталықтар жүйесін құруды Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қолға алған.
Кездесу барысында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова кәсіпкерлікке ұзақ мерзімді келісімшарттарды енгізу қажеттілігі туралы мәселені көтерді.
– Біздің зауыт жол құрылысы материалдарын өндірумен айналысады. Нарыққа шыққанымызға 10 жыл болды. Тендерлер желтоқсан айында, кейде қаңтарда немесе ақпан айында өтеді, ал тапсырушы өнімді наурыз айында талап етеді. Осы аз уақыт ішінде келісімге қол қойып, шикізат сатып алып, өнімді дайындап, Қазақстан бойынша жеткізіп беруге міндеттімін. Қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Сондықтан бизнеске ұзақ мерзімді келісімшарттар өте маңызды. Сонда ғана жұмысымызды жоспарлай аламыз. Мектеп асханаларында, ауруханаларда да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан, олар да жыл сайын сатып алуды жариялауға мәжбүр болады, – дейді кәсіпкер.
Өз кезегінде Абылай Мырзахметов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бес жыл мерзімге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау туралы келісімге қол жеткізілгенін айтты.
Жиын соңында депутат Нұртай Сабильянов өңірлік бизнестің проблемалары мен ұсыныстары Парламенттің сессияларында қарлатынын айтты.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы