Бұған дейін Түрікменстанда Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан президенттерінің қатысуымен Халықаралық Аралды құтқару қорының саммиті өткенін хабарлаған болатынбыз. Іргелі жиын туралы әлемдік баспасөз жарыса ақпарат таратты. Осы орайда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының аталған маңызды іс-шараға қатысты шетелдік ақпарат құралдарындағы жарияланымдарын ұсынып отырмыз.
Әзербайжанның Azernews.az агенттігі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитінде сөйлеген сөзіне баса назар аударған. Сайттың мәліметінде Елбасының Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құруды ұсынғаны атап көрсетіледі.
«Қазіргі жағдайда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру мәселесіне оралуы маңызды. Оны құру трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану барысында ирригация мен гидроэнергетика арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді Президент саммит отырысында.
Сонымен қатар Azernews.az Елбасының ХАҚҚ Атқару комитетін тұрақты қоныстандыру мәселесін көтергеніне де тоқталды. Сайттың пайымдауынша, бұл ұйым қызметінің тиімділігіне оң әсерін тигізеді, төрағалық етуші тарап ауысқан кезде оның қоныс аударуы барысында жұмыстардың тежелуіне жол бермейді.
Бұдан бөлек, Елбасы жиында сөйлеген сөзінде «Арал теңізі бассейні су ресурстарын басқару, бөлу, есепке алу және мониторинг жүйелерін автоматтандыратын уақыт жетті. Бұл елдердің суды пайдалану ашықтығын қамтамасыз етіп, өзара сенімді нығайтады», деген болатын.
Ұлттық жаңалықтар қызметінің (НСН) хабарлауынша, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитінде Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп, Арал теңізінің мәселесін шешуде ынтымақтастық жасауға әзір екенін жеткізді. Бұл жолғы жиын араға тоғыз жыл салып өтіп отыр. Бұған дейін 2009 жылы ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанда бас қосқан болатын.
Жалпы, Арал теңізі бассейнінде бес мемлекет – Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан қоныс тепкен. Сондай-ақ Ауғанстан мен Иранның кішігірім бөлігіндегі өзен сулары осы бассейн құрамына кіреді.
690 мың шаршы километрді алып жатқан аумақтың мәселесі қазіргі таңда өзекті болып отыр. Өйткені Арал теңізінің суы тартылып, бірқатар түйткілдер туындатты. Түрікменстандағы жиын осы мәселелерді талқылауға арналды.
Халықаралық қоғамдастық тарапынан XX ғасырдың басты апаттарының бірі саналған Арал теңізінің тартылуын жою мақсатында 1993 жылы Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылған-ды.
Regnum.ru агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Халықаралық Аралды құтқару қоры саммитінің осы жолғы жиыны үлкен маңызға ие. Сайт бұған бірнеше себеп келтіреді. Біріншіден, жыл сайын теңіздің тартылуы салдарынан 80 миллион тонна тұз бен зиянды химиялық заттар ауаға таралады екен. Екіншіден, осының алдындағы жиын 2009 жылы өткен еді. Яғни, ұзақ мерзімнен кейін Орталық Азия мемлекеттері аталған мәселеге қайта жиналып отыр.
Сондай-ақ агенттіктің деректеріне сай, іс-шара қорытындысы бойынша, қорға мүше мемлекеттер қаржы институттары, халықаралық ұйымдар, бизнес қауымдастық өкілдерінің Арал теңізі мәселесіне назарын аудартудан үміттенеді.
Қазіргі таңда Аралды құтқару жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, 2013-2017 жылдар аралығында 500 жоба жүзеге асқан.
Шолуды дайындаған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»