Біз – ежелден мал бағып өскен елдің ұрпағымыз. Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырынан бастап, бірқатар текті және шекті малдың бағымы мен күтіміне дұрыс қарап, осы саладағы ветеринарлық нормалар мен талаптарды сақтап жүргенімізге де ешкім шек келтіре қоймас. Ал мұхиттың арғы жағындағы ел – Америкадан әкелінген, алдындағы азықты қомағайланып, жалмай беретін Ангус секілді асыл тұқымды ірі қара малдың жай-күйін терең бағамдай алдық па? Өкінішке қарай, қазіргі күні бұған оң жауап қайтара алмай, қап деп сан соғып қалған жайымыз бар.
Бұлайша өкінішті раймен сөз саптауымызға «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты шет елден жеткізілген асыл тұқымды аналық 253 бас ірі қара малдың бір күнде қынадай қырылғаны болып отыр. Бұл оқыс оқиға Ақтөбе аймағында әрі тұтастай ел ішінде әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің таралуына түрткі болды. Ангус атауын иеленген асыл тұқымды малдың жаппай өлім-жітімге ұшырауының басты сыры неде? Өткен жұма күні оқиға орын алған Хромтау ауданындағы Қопа ауылына арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау комитетінің өкілдері мен сала мамандары бұл сауалға барынша нақтырақ әрі тұжырымды жауап қайтаруға тырысты.
Бұл орайда ең алдымен айтайын дегеніміз, алғашқыда жұртшылық арасында асыл тұқымды аналық мал аусыл, сібір жарасы секілді аса қауіпті індеттердің салдарынан қырылып қалған жоқ па екен деген ой мен күдік басым түскен-ді. Әйтсе де Республикалық ветеринарлық зертхананың Ақтөбе филиалы жүргізген жедел-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бұл жорамалдарды жоққа шығарады. Өйткені аталған мәселеге қатысты алынған сынамаларда аса қауіпті індетті мал ауруы таяқшалары кездеспеген. Оның есесіне, мамандар мен сарапшылар 253 бас асыл тұқымды ірі қараның халық арасында есекмия деп аталып кеткен улы шөптен жаппай уланып, тырапай асқаны жөніндегі ұйғарымға келіп отыр.
Шаруа қожалығының жетекшісі Оразақ Самұратовтың мәлімдеуінше, қолдан ұрықтандыру үшін бордақылау кешеніне қойылған асыл тұқымды аналық малдарға «АкТеп» ЖШС-не келісімшарт бойынша мал азығы мен жем-шөбін әзірлейтін 8 бригаданың бірінен әкелінген шөп берілген. Оған есекмия араласып кеткен көрінеді. Мал мен жердің жағдайын жақсы білетін көнекөздердің айтуынша, аталған улы шөп далалық алқаптың барлық жерінде емес, тек өзен-көлдердің аңғарлары мен арналарында өседі. Оны жергілікті мал жемейді. Сонда арнайы бригада әзірлеген жем-шөптің құрамына есекмия қалайша араласып кетіп жүр? Бұл сауалдың жауабы әзірге белгісіз күйінде қалып отыр. Қазіргі күні мәселенің мән-жайын одан әрі тереңірек зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда Қопа ауылында уланып өлген малдың еті мен қаңқасы залалсыздандырылып жойылған. Әйтсе де осымен бүкіл істі біттіге санауға болмайтыны аян. Ең бастысы, Ақтөбе аймағында орын алған оқыс оқиғадан еліміздегі тұтастай мал шаруашылығы саласының өкілдері ащы сабақ алуға тиіс. Бұл жайт ең алдымен малды азықтандыру мен жем-шөптің сапасын қадағалау мәселесінде жауапсыздық пен селқостық көріністері орын алғаны айқын аңғарылады. Осы орайда еліміздегі мал бордақылау мен семірту кешендерінде мал азығының сапасы мен құнарын қадағалайтын арнайы мамандар тобын жасақтау қажеттігі де айқын көрінеді.
Екіншіден, соңғы жылдары тиісті өкілетті органдар мұхиттың арғы жағынан мал сатып алу мәселесін шектен тыс асыра пайдаланып жүргеніне де біржақты қарауға болмайтынын Ақтөбеде орын алған оқиға дәлелдей түседі. Оның есесіне, отандық асыл тұқымды мал санын өсіруге көбірек көңіл бөлінсе, ұтыла қоймасымыз анық. Өйткені «сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» демей ме дана халқымыз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Хромтау ауданы,
Қопа ауылы