Еліміздің барлық жетістіктері егемен, демократиялық Қазақстанның жаңа дәуірін бейнелейтін Конституцияның мызғымас құқықтық іргетасына негізделеді. Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы он жылдығында күрделі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеріп, мемлекеттіліктің мызғымас негізін қалады. Бұл үдерісте, әрине, елінің болашақ тағдыры үшін өзіне зор жауапкершілік алған Елбасының саяси ерік-жігері және республикада ғасырлар бойы қалыптасқан этносаралық және конфессияаралық өзара іс-қимылдың бірегей тәжірибесі шешуші рөл атқарды. Қазақстан – өркениеттердің, мәдениеттер мен діндердің тоғысқан жері деп аталуы кездейсоқтық емес, мұның тарихи негізі бар.
Халықаралық мойындау және бітімгершілік бастамалар
Бүгінгі Қазақстан – саяси тұрақты, әлемдік қоғамдастыққа орнықты интеграцияланған, экономикасы серпінді дамып келе жатқан демократиялық мемлекет. Оның халықаралық аренадағы жетістіктері шын мәнінде таңғаларлықтай. Қысқа уақыт ішінде әлемнің 180 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатылды.
1991 жылғы 29 тамызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл оқиға ядролық қаруды таратпаудың және одан бас тартудың жаһандық процесінің маңызды кезеңі болды. 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен Ядролық қарудан азат әлемді құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады.
Қазақстан «жасыл» экономика жетістіктерін көрсетудің бірегей алаңына айналған ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге үміткер болған 162 елдің арасынан көрмені біздің елімізде өткізу құқығын жеңіп алды. Көрмеге қатысушылар мен көптеген туристер жаңартылатын энергия көздері саласындағы инновациялық шешімдермен, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен және оның туристік әлеуетімен танысты. Халықаралық қоғамдастық Астана қаласында өткен ЭКСПО көрмесінің нәтижелерін жоғары бағалады.
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды, көптеген беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты өткізу процесін іске қосты.
Қазақстанның бітімгершілік миссиясы ушыққан халықаралық дағдарыстар кезінде көрінді, біздің республика медиатор ретінде мәселенің шешілуіне белсенді атсалысты. Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасын талқылау үшін өз алаңын ұсынды, дипломатия тарихында «Астана процесі» деп аталған, Сириядағы қарулы қақтығыстарды бәсеңдетуге, бейбіт келіссөздер жүргізуге ұмтылған қадамдар оң нәтижесін берді.
Басты құндылық
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында белең алған оқиғаларды саралай отырып, сол кезеңде республиканың алдында тұрған ауқымды міндеттер деңгейін және қабылданатын шешімдер үшін жауапкершіліктің орасан болғанын түсінесің. Өтпелі кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев бүкілхалықтық қолдауға ие болып, елімізді қиын-қыстау кезеңнен алып шығу, билік институттарын қалыптастыру, халықаралық байланыстарды жолға қою, тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық даму бағдарларын анықтау сияқты ауқымы зор, күрделі міндеттерді шеше білді.
Жаңа мемлекеттіліктің негіздері Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияда (1990 ж. 25 қазан), «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық Заңда (1991 ж. 16 желтоқсан) және еліміздің бірінші Конституциясында (1993 ж. 28 қаңтар) қаланды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қолданыстағы Ата Заңның жобасын 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында ұсынды.
Қоғамдық келісім қағидаты біздің Конституциямыздың бірінші бабында бекітілді, бұл оның басымдығын айғақтайды және нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық қазақстандықтардың құқықтарының теңдігін қамтамасыз ететін нормалармен күшейтілді.
Өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылы Нью-Йоркте өткен Мыңжылдық саммитінде қабылданған Декларацияның дәйексөзін келтірді: «этномәдени көпқырлылық – адамзаттың аса құнды жетістігі, сондықтан әлемдік мәдениетті және барлық өркениеттер арасындағы диалогты белсенді түрде ынталандыру керек». Бұл жөнінде Мемлекет басшысы былай дейді: «Мыңжылдық саммитінде айтылған жайттың бәрі мен үшін жас кезімнен аксиома болатын. Мен кішісі де, үлкені де бар әр істің нәтижесі келісім мен өзара түсіністікке байланысты екенін жақсы білетінмін».
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясында атап өткендей, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жай ғана құрдастар емес, «тұрақтылықтың, жаңарудың және гүлденудің іргетасына айналған екі ұлы құндылық». Ассамблея мемлекеттік-құқықтық іргетастың беріктігін ұлттық сананың әр түрлі полюстерін шоғырландырушы, біріктіруші, табыстырушы бастауларымен қамтамасыз етеді.
ҚХА-ның конституциялық мәртебесі
Ата Заңға 2007 жылғы 21 мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан кейін Ассамблея Мәжіліске 9 депутат сайлау құқығы бар конституциялық мәртебеге ие болды. Ассамблеяның Парламенттегі кепілді өкілдігі демократияландырудың маңызды тетігіне айналды. Конституциялық кепілдік Қазақстанның этностарына жоғары заң шығару органында өз мүдделерін білдіруге және елдің бірлігі мен тұтастығына ықпал етуге мүмкіндік береді.
2008 жылғы 20 қазанда қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қоғамдық келісімнің негіз құраушы конституциялық қағидатын өміршең ету бағытындағы жұмыстың қисынды жалғасы болды. Заңның 3-бабында атап өтілгендей, Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.
Елде этносаралық үдерістерді тігінен де, көлденеңінен де басқарудың жаңа үлгісі қалыптасып, жұмыс істеуде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын, медиацияны дамыту, қайырымдылық қызметті үйлестіруді іске асыру бойынша мемлекеттік және азаматтық институттармен өзара тығыз байланыс орнады.
Этномәдени бірлестіктер – Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырушы өзегі. Олардың өсу қарқынын мынадай деректерден байқауға болады. 1995 жылы ҚХА бірінші сессиясына еліміздің түкпір-түкпірінен 40 этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда олардың жалпы саны 1111-ге жетті, оның ішінде 29-ы – республикалық бірлестік. Республикадағы 40 Достық үйі этномәдени бірлестіктер үшін ресурстық, мәдени және әдістемелік орталықтардың рөлін атқарады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалпыұлттық құндылықтарын одан әрі нығайту мен дамытуды қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргізеді. Қазақстандық этностарды шоғырландыруға ықпал ететін мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың саны артып келеді.
Рухани жаңғыру – жаһандық сын-қатерлерге жауап
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президенттің ел ішіндегі және әлемдік кеңістіктегі саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды ретке келтіруге және үйлестіруге бағытталған жарлықтары, заңдар және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылданды.
1997 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдау Қазақстанның нарықтық, әлеуметтік бағдарланған экономикасын құрудың алғашқы қадамы болды. Қазақстандықтар алдына қойылған міндеттерді ойдағыдай орындады. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын, индустриялық-инновациялық даму, «Ақпараттық Қазақстан – 2020», тілдерді қолдану мен дамыту, білім беруді дамыту, «Денсаулық» бағдарламаларын іске асыру бойынша дәйекті жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекет басшысы 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» деп атап өтті. Осындай жағдайда ғана біз «Қазақстан – 2050» стратегиясында көзделгендей, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосыламыз. Қазақтың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақалы осы орайда орынды айтылған.
Бүгінгі әлемдегі жағдай жедел өзгерістерімен, тұрақсыздығымен және болжау мүмкіндігін шектеуімен ерекшеленеді. Әлемдік тұрақсыздықтың жаңа тегеуріндері, сандық дәуірдің экономикаға ықпалы, экология және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, дүниетанымдық және құндылықтық дағдарыстар сияқты заманауи қатерлер біздің өміріміздің барлық саласының жаңаруының жоғары қарқынын қалыптастыруда. Сондықтан жаңғырудың табысты болуы жалпымемлекеттік, жалпыұлттық, жалпыазаматтық қолдауға байланысты. Өйткені қоғамның ішкі тұтастығы сақталған жағдайда ғана болашақты бағамдап, межелеген мақсатқа сеніммен ілгерілеуге болады.
Рухани жаңғыру біздің дамуымыздың, халықтың шығармашылық әлеуетін көтерудің, ғаламдық бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырудың кепіліне айналды. Оның басты мақсаттары мен бағыттары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында баяндалған. Мемлекеттік билік және азаматтық қоғам институттары жүйесіне интеграцияланған Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында рухани жаңғыру идеясын насихаттау мен ілгерілету рөлін атқарады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру, оның негізінде іске қосылған жобалардың сарқылмас тәрбиелік және рухани-адамгершілік әлеуетін көрсетті. Жаңа бағыттар пайда болуда. Барлық жобаларға студенттер мен мектеп оқушылары тартылған, көп істің басында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы тұр. Республикадағы киелі жерлерді ғылыми зерделеу және жүйелеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалпыұлттық маңызы бар 185, ал жергілікті маңызы бар 463 киелі объект анықталды.
«Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасына бастамашылық жасалды. Осы жоба арқылы қазақстандықтар қазақ халқының тарихын тереңірек танып, мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен жете танысады. Жобаның мақсаты – ұрпақтар арасындағы байланыстарды дамыту, жалпықазақстандық құндылықтарды және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және нығайту. Қазақ халқының үздік салт-дәстүрлері рухани жаңғырудың табысты жүзеге асырылуының маңызды алғышарты болуы тиіс.
Біз – қазақстандықтармыз!
Бүгінгі таңда Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Бір ғасырдан аса кезең ішінде столыпиндік реформа, революция, Азамат соғысы мен Дүниежүзілік соғыстар, жаппай депортациялау, бесжылдық құрылыстар және тың жерлерді игеруге байланысты республикаға қоныс аударған, бірақ ұлттық артықшылығы немесе өзгешелігі болуы туралы идеяларға қарсы орнықты иммунитеті бар азаматтық қоғам қалыптасты. Конституция «әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік және рулық» басымдықты насихаттауға немесе үгіттеуге жол бермейді.
Ата Заңда барлық этностар үшін ортақ азаматтық-құқықтық мәртебе айқындалған. Тегін орта білім беру, ЖОО-да оқытудың гранттық жүйесі, мемлекеттік қызметке және беделді компанияларға іріктеу критерийлері талантты және мақсатына жетуге ұмтылатын жастарға табысты болуға және қоғамдағы өз орнын табуға мүмкіндік береді.
Талантты жастарға жол ашу, биік мансапқа жету үшін жасалған қолайлы жағдайлардың және қоғамдық келісімнің конституциялық принципінің тиімділігінің көрнекі үлгісі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобасы – «Қазақстандағы 100 жаңа есім». Қоғамдық онлайн-дауыс берудің нәтижелері бойынша, әртүрлі ұлт өкілдері – қазақтар мен орыстар, украиндар мен белорустар, корейлер мен ұйғырлар, немістер, армяндар, еврейлер мен ингуштар жеңіске жетті.
Елімізде бірлік пен келісім нығайып, экономикалық, әлеуметтік табыстарға жетуге, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, әр азаматтың білім алуына, мамандығын, кәсіпкерлік қызметті таңдауға еркіндік берілуіне, ана тілін үйренуіне, мәдениетін, салт-дәстүрлерін, шығармашылығын дамытуына кепілдік беретін, біздің барша табыстарымыздың бастауы, тұрақтылық пен татулықтың берік тұғыры – біздің Конституциямыз. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығымен бірлесіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруға кірісті.
Бірінші кезеңнің жеңімпаздары аграршы Владимир Акулов, құрылысшы Гарик Бернецян, математик Олег Пименов, мектеп директоры Татьяна Немцан, опера әншісі Медет Чотабаев, саяхатшы Мағжан Сағымбаев, режиссер-сценарис Азиз Заиров, полиция қызметкері Юрий Хон, коньки спортынан әлем чемпионы Денис Кузин және басқа да көптеген қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосты. Олар – еліміздің алтын қоры, қазақстандық рухтың көрінісі, бірлік пен келісім идеясын насихаттаушылар. Бізде өз ісіне берілген, мақсатына лайық, жігерлі адамдар бар, ендеше, жаңа жетістіктер мен жеңістер де көп болады!
Леонид ПРОКОПЕНКО,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі