Егемен Қазақстанның дамуына 1995 жылғы жаңа Конституция үлкен ықпал етті. Елбасы 1995 жылдың 30 сәуіріндегі Үндеуінде елге не үшін жаңа Конституция керектігін және оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттілігін халыққа жете түсіндіріп берді.
Сол кезде Әділет министрі Нағашыбай Шайкеновтің басшылығымен жұмыс тобы құрылып, Елбасы оның жұмысын тікелей өз бақылауына алды. Мемлекет басшысы, оған қоса сарапшылармен бірге Конституция баптарын талқылауға бастан-аяқ қатысқандығын ел біледі. Оның үстіне Президентке әлем елдерінің конституциялық құрылымы, билік тармақтарының өзара қатынасы, саяси партиялардың жұмысы, адам құқығына, жекеменшікке берілетін кепілдік және т.б. мәселелер жөніндегі көптеген әдебиеттерді қарап шығуға тура келді.
Елбасы заңгерлерге өзге мемлекеттердің конституциясын құр көшіре салмай, керісінше, басқа елдердің тәжірибесін талдау негізінде Қазақ елінің саяси дәстүрі мен құрылымына сай келетін Негізгі заң жобасын дайындау керектігін ұдайы ескертіп отырды. Осының нәтижесінде қазір Конституцияның барлық баптарынан біздің халқымыздың ұстанымы мен дәстүрлеріне және болашақтағы әлеуетіне сәйкес келетін өз болмысымыз байқалады.
1995 жылдың 22 мамырында Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын қарау және заң тұрғысында бағалау үшін ол арнайы құрылған консультативтік кеңеске жіберілді, ал 30 маусымда жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Қазақстандықтар өздеріне елдің ең маңызды құжатын жасауға қатысу сеніп тапсырылғанын түсіне отырып, мәселеге айрықша жауапкершілікпен қарады. Бір айға созылған талқылаулар барысында олар бас құжатқа 30 мыңға жуық өзгерістер мен толықтырулар ұсынды. Осы ұсыныстар ескеріле келе, Конституция мәтініне 1100 түзету енгізілді. Ал 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум өткізілді. Жалпыхалықтық іс-шараға ел азаматтарының 81,1 проценті қатысып, олардың 90 процентке жуығы жаңа Конституцияны мақұлдап дауыс берді.
Осындай жолмен Қазақ елінің мемлекеттік құрылысы сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан демократияшыл, зайырлы, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет, президенттік республика деп жарияланды.
Президент ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын нақтылайтын ең жоғары лауазымды тұлға, халық пен билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтардың құқығы мен еркіндігінің кепілі болып табылады.
Ата Заңымыздың негізінде жоғары заң шығарушы орган – Сенаттан (жоғары палата) және Мәжілістен (төменгі палата) тұратын Парламент болып белгіленді.
Республиканың Жоғары сот органы – жалпы юрисдикциядағы соттардың қызметін бақылайтын және сот практикасындағы кез келген мәселені түсіндіретін Жоғарғы сот. Жоғарғы сот мүшелерін Президенттің ұсынысы бойынша Сенат сайлайды, ал жергілікті судьяларды Президент тағайындайды.
Ел Президентінің талабы бойынша жаңа Конституцияның соңғы мәтініне еліміздің базалық принциптері болып есептелетін қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі жолындағы экономикалық даму, қазақстандық патриотизм ұғымдары енгізілді.
Жалпы Парламент атқарушы және заң шығарушы билік тармақтары арасындағы тұрақты тепе-теңдік қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда. Парламенттегі екі палатаның әрқайсысы заңдарды дәйекті түрде талқылау жолымен заң жобаларын пысықтаудың тиімді ішкі тетігін жасауға қол жеткізді. Парламент кәсіби және құзыретті заң шығарушы орган ретінде республикалық және аймақтық мүдделердің үйлесуін қамтамасыз етуге, заңды жобалау жұмысында жоғары сапаға жетуге қабілеттілігін көрсетті.
Мемлекеттік механизм жетілді және соған сәйкес аумалы-төкпелі жағдайларға қарай, билік құрылымының да үнемі жаңарып тұруын өмірдің өзі талап етті. Мәселен, Президент 1998 жылғы Жолдауында Конституцияға бұрын жария етілген саяси ырықтандыру арнасында бірнеше түзету енгізуді ұсынды. Бұл түзету, атап айтқанда, сайлау жүйесін жетілдіруге, әділ және еркін сайлауды қамтамасыз етуге, саяси партиялардың рөлін арттыруға, Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, азаматтық қоғамды жан-жақты дамытуға, баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға, барлық билік органдарында әйелдердің өкілдігін арттыруға қатысты болды.
Қазақ елінің Ата Заңы 1995 жылдан бастап мемлекеттік құрылысты жаңартып, экономиканы реформалауда елеулі табыстарға жетуге септігін тигізді.
Осы арқылы Конституциямыздың негізгі қағидаларына сүйене отырып демократиялық қоғамның негізін қаладық, әлемдік нарықтық экономикадан өз орнымызды таптық. Ең бастысы, демократияның ең маңызды институты – парламентаризмді дамыту үшін барлық жағдай жасалды. Қос палаталы Парламент уақыт сынынан абыроймен өтті. Мұны Ата Заңымыздың игілігі мен шарапаты деп есептеймін.
Керімсал ЖҰБАТҚАНОВ,
Қазақ-орыс халықаралық университеті «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі