• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Тамыз, 2018

Семейде Бейбітшілік акциясына 10 мың адам қатысты

530 рет
көрсетілді

Дүниежүзінде бейбітшілік орнатып, ядролық соғыс қатерін болдырмау аса маңызды. Қазақстанның бастамасымен, БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының қолдауымен 29 тамыз - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп белгіленген  болатын. 

Бұл бастама мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығымен тікелей байланысты. Атаулы күннің басты мәні – Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру мәселелері жөніндегі ұстанымына, сонымен қатар, жекелеген елдермен ядролық сынақтарға тыйым салу туралы Шарттың күшіне енуі үшін тез арада оны ратификациялауға деген үндеуді күшейту болып табылады.

Семейде осыған орай Бейбітшілік акциясы өтті. Қазақстан жариялаған ATOM жобасы аясында әлемнің бүкіл халқы дүние жүзіндегі ядролық қаруды сынаудың құрбандарын еске алу үшін жыл сайын бір минут үнсіздікке шақырады. Бір минут үнсіздік 29 тамыз күні сағат 11:05-те, бүкіл әлем бойынша әрбір елдің жергілікті уақытымен сағат тілі V – «Victory» - Жеңіс символикалық латын әрпін көрсеткен кезге белгілендіктен Семейде де «Өлімнен де күшті» монументі орналасқан аралдағы акцияға қатысушылар бір минут үнсіздікте болды.

Түйемойнақ аралындағы Бейбітшілік акциясы үрмелі аспаптар оркестрінің орындауындағы «Заман-ай» әні орындалды. Музыка аясында «Өлімнен де күшті» монументіне облыс әкімі Даниал Ахметовтың атынан гүл шоқтары қойылды. Митингке Семей халқымен бірге әкім Ермак Сәлімов, Жапон елінен келген Хиросима университетінің менторы Масахари Хошу мырза, қаладағы жасу буын өкілдер атынан Медғат Ілиясовтар қатысты.

- 1991 жылдың 29 тамызында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ  полигонын жабу туралы Жарлығы шықты,-деді қала әкімі Ермак Сәлімов,- Елбасымыз 29 тамыз «Ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күні» деп жариялаған кезден бастап, Қазақстан атом қаруынан бас тартатқандығын алпауыт мемлекеттерге үлгі етуде. Ядролық қарудан бас тарттық, сынақтар тоқтатылды, бұл миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалды. Семей ядролық сынақ полигоны жабылған соң Ресейдің «Жаңа жерінде», АҚШ-тың Невадасында,  Францияның Мороруа полигонында, Қтыайдағы Лобнор полигонында сынақтар тоқтатылды. Бүгінде мемлекетімізде полигоннан зардап шеккендерге көмектер көрсетілуде, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты жандандыру жолында Елбасы тапсырмасына орай тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы ядролық қарудан бас тарту идеясын жүзеге асыру бағытында жұмыстар атқарылуда, мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында «Бейбітшілік» сабақтары өткізіліп келеді. Халықтың әлеуметтік жағдайын оңалту дұрыс бағытқа қойылған.  Адамзатты қорғау үшін барлығымыз осылайша бірігіп күресейік дегім келеді.

Акцияға жаппай қарусыздану мен ынтымақты насихаттап жүрген халықаралық ұйымдардың жетекшілері, түрлі ұлттар мен этномәдени ұйымдар өкілдері қатысты.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

СЕМЕЙ