• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Тамыз, 2018

Бұлқынған бұла бұлақтар

639 рет
көрсетілді

«Ғылым мен өнер коды» тақырыбында медицина және денсаулық сақтау саласындағы инновациялық технологияларға арналған ашық республикалық монументалды мүсін сайысының аясында әдемі кеш ұйымдастырылды. «CuItural DiaIogue» қоғамдық қоры мен SANTO компаниясы «HeaIing wit Heart» жобасы аясында Бинашовтар әулетінен шыққан мүсінші Гүлфия Мелдешпен кездесу өткізді.

Бұл кездесулердің қатысушы­лары «Ғылым мен өнер коды» атты ашық республикалық мүсін сайысына нобайлар мен макеттер жасап жатқан Қазақстан мүсіншілерінің шығармашылық шеберханасына барады. Сайыс мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы инновациялық технологияларды бейнелейтін үздік нобайларды көтермелеу. Орнатыл­ған мүсін Шымкент қаласындағы Қазақстандағы фармацевтикалық өндірісінің көшбасшысы болып табылатын SANTO компаниясының нышанына айналмақ.

Ұйымдастырушылар сайысқа қатысуға 56 кәсіби мүсіншіні жинады. Жүлделі орынға Алматы мен Астананың ғана емес, Атырау, Өскемен, Шымкент қалаларының суретшілері де күш сынасты. Мүсін сайысына қатысуға сегіз мүсінші қыз ниет білдірді. Негізі, қыздардың мүсінмен айналасуы өте сирек кездесетін құбылыс. Ағаш ою, мәрмәр және гранитті өңдеу, қола құю нәзік жандар үшін өте ауыр жұмыс саналады. Гүлфия Мелдеш бұл туралы «Қыздар еш уақытта тайсалмай, өзін көрсете алатын қызмет түрін таңдағаны дұрыс деп ойлаймын. Біз өз қабілетімізге сенуіміз керек. Сонда ғана басқалар бізге сенеді!» деді. Гүлфия кездесу­дің соңына қарай құралмен жұмыс істеуді және қоланы тегістеп ажарлау әдісін көрсетті. 

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Тілеуберді Бинашев Алматы көркемөнер мектебін 1981 жылы бітірген. Ол монументалды жұмыстарында ұлттық өнер эстетикасына негізделетін ортаазия­лық пластикасының көркем тілін кеңі­нен құлпыртып пайдала­на­ды. Салттық бағана түрінде жасал­ған, буындардың ауыспалығын білдіретін Тілеубердінің «Жетіата» атты композициясы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының топтамасында сақтаулы.

Әке өнерін көріп өскен қызы Гүлфия Мелдештің скульптураға деген салқар сезімі бір сәт суыған емес. Қыздың өнерге деген ынтызарлығы ауып, Қазақ көлік және байланыс академиясының қасындағы Мұха­меджан Тынышпаев, Шу станса­сындағы Тұрар Рысқұлов, танымал актер Асанәлі Әшімов мүсіндерінің авторы болуы да бекерден-бекер емес. Бүгінде өнеріне буырқанған шабыт қосып, тосындау кейіптерді бейнелеуі, тың тұрпатты мүсіндерді сомдауы таңғалдырады. Әкесі Тілеу­бер­дінің саз кеше әспет­тейтін өне­рін көріп өссе де бала күннен осы қажыр-қайратты талап ететін қиын маман­дықтың өзіне баурағаны жұмбақ.

Бұлқынған бұла бұлақтар... Керім бір дүние... Сазарған саз бал­шық­тан өзгеше өрнек салып ой толғау сылқым сырларға жетелейді. Алды­­ңыздағы арнасын ашып бұл­қын­ған ғажайып мөлдір бұлақ кәусар арна­ларға айналып, жазиралы жаға­лауларға жеткенде өрнекті өнер толқытып жібереді. Ей, дейсіз сонда... бұлқынған бұла бұлақтар... ғажап­тығына таңдай қағасыз... нет­кен ғажап дүние... әткеншек тербеткен бозбала мен бойжеткен өмірдің алдыңыздан шығар сырлы күйінде жетелей береді.

Мүсінші үйінің ауласындағы қар­балас бір өмір өзегі, неге екенін, үзі­ліп түскендей болып қалып қойды...  

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ, 

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ