Жерді тиімді игеруде инновациялық тәсілдерді қолдану – ауыл шаруашылығы саласын дамытудың негізгі тетігі. Бұл тұрғыда еліміздегі А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бірқатар бастаманы қолға алып отыр. «Атамекен-Агро» компаниясымен бірлесе отырып өткізілген ғылыми-өндірістік тәжірибеде соның бірқатары көрсетілді.
Алғаш рет кең көлемде өткізілген тәжірибе Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының Корнеевка ауылындағы шаруашылықта ұйымдастырылды. Онда шаруаларға кәдімгі қара топырақты алқапта жоғары сапалы астық сапасын қамтамасыз ететін жаздық бидайды себудің оңтайлы мезгілін анықтау, жаздық бидайды өсіру кезінде азот пен фосфордың тиімді мөлшерін есептеп шығару, сонымен қатар «А.И. Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС селекциясы мен басқа да ғылыми мекемелер шығарған жаздық бидайдың будандастырылған сұрыптарын іріктеп алып, оның бейімделгіштік қасиеті мен экологиялық тұрақтылығына баға беру, өңделген егістік жерлерге агрохимиялық зерттеулер жүргізу шаралары көрсетілді. Сондай-ақ шаруалар егістік алқабына азотты тыңайтқыштар сеуіп, бидайдың өнімділігін арттырудың тиімді тәсілін тапқаны айтылды. Мұндағы басты мақсат өсімдік шаруашылығын әртараптандырып, сапалы тұқым шығару болатын.
Бараев орталығының ғалымдары мен жергілікті диқандар осыған дейін шағын аумақтарда ғана тәжірибе жүргізген еді. Бұл жолы 500 гектар жерге жаздық бидай түрі егілді. Мәселен, бұл жерден бұрын гектарына 25 центнерден өнім алынса, Бараев орталығының берген ұсыныстарын орындау арқылы енді гектарынан 40 центнер өнім алуға мүмкіндік туды.
– Бұл тәжірибе Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған, 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есе арттыру туралы тапсырмасын орындауға бағытталған, – дейді ғалымдар.
А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы АӨК-ті цифрландыру аясында да бірқатар жұмыс атқаруда. Мәселен, тәжірибелік егістіктерде дәлме-дәл егіншіліктің озық инновациялық технологияларын енгізуде. Дәлме-дәл егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндірістің тиімділігін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік бермек. Мұндай технологияларды енгізу дифференциалды қолдану есебінен тыңайтқыштар мен қорғаныс құралдарын тиімді пайдалануға жол ашады және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін орташа есеппен 15%-ке арттырады.
Жақында А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығындағы тәжірибелік шаруашылықтар негізінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған кезекті «Neo Nomad» іскерлік ойыны өткенін айта кетейік. Ойынға фермерлік шаруашылықтардың 50-ден астам өкілі, ғалымдар, аграрлық университеттердің студенттері, сондай-ақ дәлме-дәл егіншілік саласында өнімдерін ұсынатын компаниялар, аудандық мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында цифрландыру агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеудің төрт бағытын дамытудың негізгі құралы болатыны айтылды.
Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру бәсекеге қабілеттілікті және еңбек өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және салаға инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер береді. Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін экономикалық тиімділік шамамен 40 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»