Ұлттық киноөнеріміз Еуропа жерінде ұлықталады. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі дирекциясының ұйымдастыруымен Венеция қаласында отандық кинокартиналардың таныстырылымы өтті. Аталған ауқымды жоба Италияның кинематографиялық, аудиовизуалды және мультимедиалық өнімдерінің ұлттық ассоциациясының (ANICA) қолдауымен жүзеге асып отыр.
Еуропадағы тарихы тереңнен тамыр тартатын көне фестивальдердің бірі, биыл осымен 75-ші мәрте ұйымдастырылып отырған Венеция халықаралық кинофестивалінің өту мерзімімен (Mostra Internazionale d’Arte Cinematografica) тұспа-тұс келген айтулы іс-шара қазақ кино мәдениетін әлемдік өнер кеңістігінде танытуға үлкен жол ашпақ.
– Бұл шара біздің киномыз бен мәдениетіміздің дамуына әсер ететіндіктен, қазақ кинематографистері мен мәдениет қайраткерлері үшін өте маңызды оқиға болып отыр. Осыған орай, көркем өнерді бағалай білетін Венеция қаласына шақырып, біздің кинематографиямызды таныстыруға мүмкіндік бергені үшін итальяндық ANICA халықаралық департаментінің басшысы Роберто Стабилеге алғысымды білдіремін. Біздің шарамыз тарихы терең және беделді Венеция кинофестивалі өтіп жатқан уақытта ұйымдастырылғаны көңіл қуантады, – деп халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева мәдени жоба жайында өз пікірін білдірді.
Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени, рухани достық қарым-қатынастың айқын үлгісін танытар айтулы шара аясында соңғы жылдары түсірілген отандық кинофильмдер еуропалық көрермен назарына ұсынылады. Атап айтар болсақ, режиссер Э.Байғазиннің «Өзен», Х.Ахметовтің «Әруақ», Дж.Веспаның «Әміре», Б.Қалымбетовтің «Талан», Р.Әбдірашевтің «Алмас қылыш», С.Құрманбековтің «Оралман», Т.Теменовтің «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы», Ж.Жетіруовтің «Шыңырау», Е.Тұрсыновтың «Жат», А.Сатаевтың «Анаға апарар жол» және «Ол» атты қос бірдей кинокартинасымен қатар, анимациялық туындылардан: А.Әбілдиновтің «Күлтегін», А.Бейсембаевтың «Jumper», Т.Майдан, Т.Төлеуғазының «Мұзбалақ» фильмдерінің ресми трейлерлері көрсетіледі.
Сондай-ақ шара барысында Мәдениет және спорт министрлігі құрылтайшысы болып табылатын Орталық Азиядағы ең ірі кинофорумдардың бірі – «Еуразия» кинофестивалінің әлемдік деңгейдегі таныстырылымы өтеді. Венецияға баратын делегация құрамында Болат Қалымбетов, Тоқтар Қарсақбаев, Талғат Теменов бастаған режиссерлер мен актер Санжар Мәдиев және өзге де кино саласының мамандары бар. Өнер қайраткерлері итальяндық киносүйер қауымға қазақ өнері мен мәдениетін кең ауқымда таныстырып, ұлттық құндылықтарымыз жайында тұщымды әрі жан-жақты ақпарат беретін болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, айтулы өнер сапарының тағы бір қуанышты жаңалығы – дәл осы уақытта өтетін 75-і Венеция кинофестивалінің «Көкжиек» атты конкурстық бағдарламасында Қазақстан атынан Эмир Байғазиннің «Өзен» картинасы бақ сынаса, «Қысқа метражды фильмдер» аталымында режиссер Эльдар Шибановтың 19 минуттық туындысы сайысқа түсетін болады. Италияның ең көне де ауқымды кинофестиваліне қатысуға жолдама алған қос фильмнің де жұлдызы жанып, жүлдегерлер қатарынан көрінетініне халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева зор сенім білдірді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»