• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
05 Қыркүйек, 2018

Ыстықкөлде «Номад» амфитеатры ашылды

503 рет
көрсетілді

Ыстықкөл облысының Бостері ауылында (Шолпаната қаласынан 10 шақырым) «Номад» амфитеатрының ашылу рәсімі өтіп, «Көшпенділер әлемі» этнофестивалы өтті.

Құттықтау сөзінде Қырғызстанның Премьер-министрі Мұхаммедқалый Абылғазиев: «Фестивалдың негізгі мақсаты – көшпенділердің этномәдени дәстүрін дамыту және кең тарату болып есептеледі. Әрбір елдің мәдениеті өзінше қайталанбас және бірегей. Олардың өзара қабысуы руханияттың баюына үлесін қосады», деді.

Сондай-ақ  Башқұртстанның премьер-министрінің орынбасары Саламат Сағитовтың құттықтауы көрермендердің жүрегінде туысқандық жылы сезімді ұялатты. Оның жалынды сөзін қатысушылар ду қол шаплақтаумен қоштап отырды. «Башқұрттарда «от көрші» деген сөз бар, бұл ежелден келе жатқан ұғым, түбі бір түркі ата-бабаларымыз бағзы замандарды ошағында оты өшіп қалса көршісінен тамызық алып келген», - деп башқұртстандық мейман көшпенділер ойындарының түркі елдері үшін маңызы зор екенін белгіледі.

Этнофестивалда Қазақстанның, Ұлыбританияның (Шотландияның), Венгрияның, араб өлкелерінің, АҚШ-тың, Сальвадордың, Эквадордың, Доминикан Республикасының, Колумбияның, Түркменстанның, Түркияның, Өзбекстанның, Жапонияның, Ресейдің (Алтай, Башқұртстан, Удмуртия, Қалмақ,  Саха-Якут, Тыва, Шор) барлығы 30-ға жақын мемлекеттің музыканттары өздерінің халықтық сазды әуендерін, билерін сахнаға алып шықты.

Белгілей кетсек, «Номад» («Көшпенділер») амфитеатры Қырғызстандағы белгілі кәсіпкер Асқар Салымбековтың қаржысымен құрылды. Көшпенділер ойындарын өткеруге жүзге жақын кәсіпкерлер жәрдемін беріп отыр. Солардың тағы біреуін Ташқұл Керексізовтың есімін Премьер-министр М.Абылғазиев өзінің құттықтау сөзінде атап өтті.

Назарбек Байжігітов,

Қырғыз Республикасы,

Шолпаната қаласы