• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қыркүйек, 2018

Алматыда «Берекелі бизнестің сыры» атты кітаптың тұсауы кесілді

1424 рет
көрсетілді

Алматыда Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында су жаңа туындының тұсауы кесілді.  Оқырманға есімі белгілі жас жазушы Арман Әлменбеттің қаламынан өрілген «Берекелі бизнестің сыры» атты жаңа кітап қайрат қылып, еңбек етуге талаптанған азаматтарды арман биігіне талпындырып, талай жастың мақсат-жігерін шыңдай түсетін таптырмас туынды деп атауға болады.

Жасыратыны жоқ бизнес тақырыбын қамтыған қазақ тіліндегі танымдық кітаптар бүгінде жоқтың қасы. Жазушының қазіргі нарық заманында өте өзекті саналатын бұл тақырыпқа еркін қалам тербеуі  қазақ жастарының өз кәсібін  ашып, жеке іспен айналысуға деген қызығушылығының артқанын байқатады. Атында айтылып тұрғандай кітаптың болмысы бизнес бастаудың қыры мен сырына қанықтырып, бұл саланың қиындығы мен қызығынан хабар береді. Ел Тәуелсіздігімен бірге бизнес бастаған Ерлан Әшімнің кәсіптегі жетістіктерін, жүріп өткен жолдарын, құрған компанияларының  тарихын мысал ете отырып, тоқсаныншы жылдардағы қиын кезең, заманның өзгеруі, бизнестегі сауаттылық, батыстық білім мен қазақы құндылықтардың тоғысуы тұрғысынан мол дерекке қанықтыратын шығарма көркем әрі түсінікті тілде жазылған. 

Кітаптың біз байқаған басты артықшылығы сол – кәсіпкерлікке бет алған оқырмандарды ой тереңіне тартып, қандай жетістікке жетсең де ұлттық болмысыңнан, рухани қазынаңнан ажырамау мәселесін алда ұстап, ұлттық бренд қалыптастыру арқылы ел мәртебесін асқақтатуға шақырады. Автор ата-анаға деген ерекше құрмет, әке мектебі, бауырмалдылық, намыс, тазалық, тектілік, сенім, обал, сауап, жанашырлық, қазақы интеллект, ұлтжандылық, қарапайымдылық, қайырымдылық, адалдық сынды ең игі қасиеттерді сақтай отырып басталған кәсіптің шарапаты мол, берекесі басым болатынын оқырманға ұғындырғысы келеді. Рухани әрі материалдық құндылықтардың тізгінін тең ұстау адамдықтың адастырмас кілті екенін алға тартады.

 – Кітап белгілі кәсіпкердің бизнестегі асқан асулары мен аттаған  белестерінен сыр шертеді. Бұл еңбегімде көптеген іскерлік кітаптар сияқты құрғақ теориямен шектелуді жөн көрмедім. Тіпті  кітаптың бас кейіпкері бизнес саласындағы басты  ұғымдар мен теорияларды білмей-ақ екі компания құрған. Қалай дейсіздер ғой? Қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтар арқылы.  Оқырман бұл еңбегім арқылы бизнес жасаудың жолдарымен танысып қана қоймай, кейіпкерімнің бойындағы ұлтымыздың асыл құндылықтарына тәнті болса деймін. Берекелі бизнес бесіктегі тәрбиеден басталады. Мемлекет басшысы, кәсіпкерлерге ең алдымен халыққа жақсылық жасаңдар деген сөзді үнемі айтып келе жатыр. Әрбір іскер азамат халықшыл болса, ұлт мұратын басты орынға қойса, бұл нағыз «Рухани жаңғыру» болар еді деп есептеймін, – дейді автор.

Кітаптағы кәсіпкерлікке қатысты түрлі деректер, ой-пікірлер жас талаптанушылардың ғана емес, тәжірибелі кәсіпкерлер мен мамандардың да кәдесіне жарайды деп сенеміз.

 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ