Қасиетке толы қара жердің қойнауында адамзат баласына қажетті көптеген өсімдік пен дәнді дақыл өседі. Ғалымдардың мәлімдеуінше, жержаңғақтың құрамы пайдалы дәруменге өте бай, ол көптеген дертке ем болатын дақыл. Жержаңғақ егетін шаруалар еліміз бойынша аз деуге болады. Алайда қара жердің құпиясын ұғынатын, одан шығатын өнімнің табиғатын түсінетін диқандарымызға жержаңғақ өсіру әлі де болса таңсық сияқты.
Жамбыл өңірі ауыл шаруашылығына қолайлы аймақ болғанымен, мұнда да жержаңғақ өспейтін. Жергілікті халықтың күнделікті тұтынып отырған жержаңғағы өзбек жерінен жеткізіледі. Осы олқылықтың орны толып, бұдан былай өңірде жержаңғақ өсірілмек. Нақты айтсақ, Шу ауданының Қорағаты ауылында орналасқан «Анар-1» өндірістік кооперативі осынау шаруаға өткен жылдан бері бел шеше кірісіпті. Аталған агроқұрылым жержаңғақ өнімін өткен жылы 25 гектарға еккен болса, биыл бұл көрсеткішті екі есеге дейін арттырыпты.
Кооператив басшысы Ербол Ерғазиев бізге таңсық өнім түрін әуелі жеке бақшалығына егіп көргенін айтты. Бұл әңгіменің басы да негізінен ала шапанды ағайындардың осы Қорағаты ауылына келуінен, өздерімен бірге жержаңғақ әкелуінен басталған екен. Құрылғанына он жылдан астам уақыт өткен аталған агроқұрылым жержаңғақты әуелгіде шағын алқапқа егіп көріп, оның өнімінің мол екеніне көз жеткізген соң ғана әрі қарай алқапты ұлғайтуға тәуекел етеді. Осыған дейін жержаңғақ өсірудің қыры мен сырын меңгеріп алған Ербол Ерғазиев алдағы уақытта осы шаруашылықты жалғастыруға ниет етіп отыр.
Оның айтуынша, жержаңғақ тұқымы бірнеше түрге бөлінеді екен. Ал аталған өндірістік кооператив өзбек ағайындардың жержаңғағын егіп отыр. Бұл өнім түрі төрт айға жуық уақыт ішінде піседі. Тәжірибе ретінде жержаңғақтың аргентиналық және краснодарлық тұқымдарын да егеді.
– Негізінен аргентиналық және краснодарлық жержаңғақ тұқымдарына күн көзінің көбірек түскені жақсы. Тәжірибеміздің жетіспей жатқанынан болар, әйтеуір өткен жылы өнімді аз жинадық. Биыл тәжірибемізді одан әрі арттырып, жаңа тұқымның қалыпты өсуін бақылауда ұстап келеміз. Биыл әр гектардан шамамен 25-30 центнерден өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Е.Ерғазиев.
Аталған агроқұрылым өткен жылы өнімді аз алғанымен, оған деген сұраныс көп болыпты. Шаруасын одан әрі шалқытқысы келген кооператив өткен жылғы өнімнің көбін тұқым ретінде алып қалған. Сонымен қатар аталған агроқұрылым мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде несие алыпты. Демеушілердің көмегімен шаруашылыққа қажетті трактор, дән сепкіш, қатараралық кескіш, жаңбырлатып суаруға арналған құрылғы және тағы да басқа керекті дүниелерді сатып алып, тірлігін тіктеп отыр.
Қазір егістік алқабында жержаңғақ жапырақ жайып, жайқалып тұр. Қазақ даласына таңсық көрінетін бұл дақылдың топырақпен бауырласып, ауа райымен үйлесіп тұрғаны да керемет. Жиналған дақылды өткізу мәселесі де оңынан шешіліп келе жатқанға ұқсайды. Себебі кезінде Қорағаты ауылына жержаңғақтың тұқымын алып келген өзбектер екі тонна дақылға тапсырыс беріп қойыпты.
Шынында да сырттан келген өнімді екі есе бағасына сатып алып тұтынғанша, өзімізден арзан бағаға алып пайдаланған дұрыс қой. Бұл қарапайым халық үшін де олжа. Қалай болғанда да, берекелі істің бастауы Жамбыл өңірінде басталып, өзге жақтарда да жалғасын тауып жатса, тіпті ғажап.
Хамит Есаман,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы