1991 жылы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 150 жыл толу құрметіне орай Қостанай қаласында облыстық мемориалды музейдің ашылуы. Аталмыш мекеменің ғылыми қызметкері Шынар Досмағамбетованың айтуынша, сол жылдары жаңадан ашылған музейдің дерекқорын толықтыру мақсатында арнайы экспедициялық топ жасақталып, олар Орынбор қалалық құжаттама архивтік орталығына барып, ағартушының өмір-тарихы мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер жинаған екен. Аталмыш сапар барысында табылған дүниенің бірі – Балғожа бидің немересі Ыбырайға жазған хаты.
Балғожа би Жаңбыршыұлы ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде патшалық Ресей тарапынан енгізілген «Сібір қазақтарын басқару ережесі» тұсында елге қызмет қылған адам.
Бұл кісінің халқы үшін жасаған үлкен еңбегі – ХІХ ғасырдың 40-жылдарының ортасында Орынборда қазақ балаларына арнап ашылған жеті жылдық мектебіне 1850 жылы тамыз айында немересі Ыбырайды оқуға беруі. Алтынсарин бұл мектепті 1857 жылы үздік бағамен бітіріп, болашақта үлкен ағартушы болды. Мына хатты Балғожа би немересі Ыбырай осы мектепте оқып жүрген кезінде жазған екен.
Үміт еткен көзімнің нұры – балам, Жаныңа жәрдем берсін Құдай тағалам. Атаң мұнда анаң мен есен-аман, Сүйіп сәлем жазады бүгін саған. Атаңды сағындым деп асығарсың, Оқуға көңіл бөлсең, басыларсың. Ата-анаңды өнер білсең, асырарсың, Надан боп білмей қалсаң, ах ұрарсың.
Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің? Қолыңа құрық алып кетер едің. Тентіреп екі ауылдың арасында Жүргенмен не мұратқа жетер едің?! Жоғарыдағы үш шумақ нақыл туралы Ыбырай атамыз өзінің естелігінде «бұл өлеңді оқу жылдарында дәтке қуат, жаныма медет тұттым, есейе келе оны өмірлік тұмар етіп ұстандым» дейді. Онымен қоймай Ы.Алтынсарин 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» атты кітабына «Балғожа бидің баласына жазған хаты» деген тақырыппен осы өлеңді енгізген.
Бұл жерде Балғожа би немересіне жазған нақыл сөзін өзі білетін араб графикасының қадым жазу (төте әліпбиден бұрынғы) үлгісімен хаттағаны анық. Өйткені ол заманда кириллица әрпі қазақ қоғамына таныс емес-тін. Ал атасының хатын кириллицаға түсіріп, кітапқа кіргізіп, одан қалды архивтік мұра ретінде сақталуына мұрындық болған Ыбырайдың өзі сияқты. Соған қарағанда, қазақтың әдеби мұрасын тарихта тұңғыш рет кириллицаға түсіріп, оның әліпбилік нұсқасын жасаған адам – Ыбырай Алтынсарин.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»