«Елдестірмек елшіден...» деген мақал тегіннен-тегін айтылмағаны белгілі. Екі мемлекеттің арасын жақындататын бірден-бір құрал – елші және елшілік. Ол Отанының мүддесін қорғап қана қоймай, өзі қызмет атқаратын мемлекеттің заңдарына бағынып, халқы мен тіліне, салт-дәстүріне құрмет көрсетуі қажет екені айтпаса да түсінікті.
Өкінішке қарай, еліміздегі кей мемлекеттердің елшіліктері қазақ тілін білмейтіні немесе оған шорқақтау екені жасырын емес. Оларға телефон шала қалсаңыз, көбі өз ана тілінде және орысша ғана ақпарат бере алатынын айтады. Осы орайда мына нәрсені айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 83,1 процент қазақшаны жетік біледі. Бұл – ресми статистика. Ендеше дипломатиялық корпус өздері қызмет ететін мемлекеттегі негізгі халықтың ана тілінде қызмет көрсету тиіс екенін қайталап айтудың қажеті шамалы.
Кез келген ақпаратты іздеу үшін интернетке жүгінеміз ғой. Әсіресе шетелге шығу үшін елшіліктердің сайттарын жиі ақтарамыз. Сондықтан олардың ресми сайты – мекеменің заманауи келбеті іспетті. Ал Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерінің басым бөлігі бұл тұрғыда ұятты болып тұр.
Шетелдік елшіліктерге тиесілі кей сайттардан қазақша сөзді емге таппайсыз. Мысалы, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі орыс және ағылшын тілімен шектеліпті. «Тұманды Альбионның» әлемдегі бүкіл өкілдіктерін бір доменге жинаған. Алайда бұл қазақша ақпарат таратпауды ақтамайтыны анық. Салыстырып қарасақ, ағылшындардың Өзбекстандағы дипломатиялық корпусы өзбекше сайрап тұр. Олардың Әзербайжандағы елшілігі де жергілікті ұлттың ана тілінде мәлімет таратады.
Германияның сайтында да мемлекеттік тілімізде еш ақпарат жоқ. Салыстырып көру үшін олардың Өзбекстандағы елшілігінің сайтын ашқан болатынбыз. Онда орыс, неміс тілдерімен бірге өзбекше де бүкіл ақпарат ұсынылған. Соған қарағанда, Ташкенттегі немістердің жергілікті ұлттың тіліне құрметі жоғары болғаны ғой, сірә?!
Қазақ халқы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «тоғызыншы территорияға» жер аударылған немістерді құшақ жая қарсы алып, барымен бөліскені тарихтан мәлім. Сол кезден басталған достық қатынас бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестік нығайып, қанат жайған.
Сондай-ақ, қазақ пен неміс халықтарының қатынасы туралы сөз болғанда ең әуелі қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алар Герольд Бельгердің есімі еске түседі. Көзі тірісіне Гераға қазақ тіліне құрметін «Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім», деп айтып отыратын. Сөйткен Герольд Бельгердің атажұрты бүгінде елшіліктерінің сайтында қазақ тілінде ақпарат таратуға құлықты емес.
Оңтүстік Корея елшілігі де сайтында қазақ тіліне орын бермеген екен. Бұл елді ерекше атауымыздың өз себебі бар. Кеңес Одағы тұсында корейлердің Қазақстанға күштеп қоныс аударылғаны мәлім. Сол заманда өздерін пейілі дархан қазақ халқының бауырына басқанын корейлер әлі күнге аузының суы құрып әңгімелейді. Талай тағдыр тауқыметін көрген ата-бабаларымыз тағдырлас халықтың қайғы-қасіретін тереңінен түсінді.
Қазіргі таңда Қазақстандағы корей диаспорасы тату-тәтті өмір сүріп, жергілікті ұлтпен етене араласып кеткен. Мемлекетіміздің даму жолында тер төккен корейлер жетерлік. Бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Кимнің ел спорты үшін сіңірген еңбегі орасан. Мәнерлеп сырғанаушы марқұм Денис Тен Сочи Олимпиадасының қола жүлдегер атанды. Жамбылдың жампозы Алексей Ни талай жыл ауыр атлетика құрамасын баптап, Көк байрақты көкте желбіретуге мол үлес қосты. Бұлардың бәрі – Қазақстандағы корей диаспорасының өкілі. Өкінішке қарай, осындай тарихи байланысқа қарамастан Оңтүстік Корея дипломаттары сайттарында қазақ тіліне тілімдей «жер» тауып бере алмапты.
Қазақстан және Қытай арасындағы қарым-қатынастың тамыры тереңге кеткен. Онда миллионға жуық қандасымыз тұрады. Елімізде қытайлық компаниялар кәсібін жүргізіп отыр. Сауда-экономикалық байланысымыз жылдан жылға нығайып келеді. Осыған қарамастан Шығыстағы көршіміздің дипломатиялық сайты орыс тілімен шектелген.
Сайтын қазақша сөйлетуді жөн көрмеген елшіліктер тізімі мұнымен бітпейді. Испания, Израиль, Жапония секілді азуын айға білеген мемлекеттердің Қазақстандағы өкілдігі сайттарында да Абай мен Шәкәрімнің тілінде жазылған мәлімет жоқ. Солтүстіктегі көршіміз Ресейдің елшілігі де өз ана тілімен шектелген. Иран, Сауд Арабиясы, Үндістан, Пәкістан секілді ынтымақтастығымыз жарасқан мемлекеттердің дипломатиялық корпусы да қазақшаны қатырмаған. Тіпті, түбіміз бір деп есептейтін Түркия, Венгрия және Қырғызстан елшіліктері де сайттарын орысша сөйлетіпті. Бауырлас халықтың дипломаттардың ана тілімізге құрметі осындай болса, мұхиттың ар жағындағы Бразилия, Канада секілді мемлекеттерден қазақша мәлімет сұрау ұят секілді.
Алыстан ат терлетіп келген шетелдіктерден қазақшаға судай ағып тұруды талап ете алмаймыз. Алайда жергілікті халықтың тілін жетік меңгерген маман жалдап, сайттағы қателерді түзету немесе қазақша қызмет көрсету қиын шаруа емес. Ендеше, елшіліктердің бұл әрекетін бейқамдыққа балаймыз ба, әлде қалай? Қазақстанда дипломатиялық қызмет атқарып жүргендер «тоғызыншы территорияның» негізгі түп қазығын құрайтын халықтың дәстүрі мен тілін құрметтеуі тиіс емес пе?!
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстандағы кейбір елшіліктер бос орынға үміткерге орыс және сол елдің тілін білуді талап етеді. Ал еліміздегі халықтың 80 пайызы сөйлейтін қазақ тілін білуі міндетті емес. Парадокс.
Қазақ тіліне қырын қарайтындар саны мұнымен аяқталмайды. Елімізде жұмыс істеп жүрген кейбір халықаралық ұйымдар да жергілікті халықтың ана тілінде ақпарат таратуға асығар емес. Мәселен, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкілдігінің сайтында ағылшын және орыс тілдерінде ғана мәліметтер бар.
Әйтсе де, халықаралық ұйымдар ішінде қазақшаға судай ағып тұрғандары жетерлік. Мысалы, Халықаралық түркі академиясының қазақша нұсқасынан қажетті мәліметтің бәрін табуға болады. БҰҰ-ның негізгі сайты да Абай мен Шәкәрімнің ана тілінде сөйлейді.
Қазақстандағы шетелдік елшіліктердің бәрі мемлекеттік тілге шорқақ деуден аулақпыз. Кей елдер қажет мағлұматтардың бәрін қазақ тілінде тізіп қойған. Мәселен, Франция елшілігі сайттарында мемлекеттік тілімізге ойып тұрып орын беріп, сапалы әрі мазмұнды мәлімет таратады.
Абайдың тіліне америкалықтар да бейім. Сайттарында дүркін-дүркін қазақша мәлімет таратады. АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол мырзаның елімізге деген ықыласы өте жоғары. Ол өзі бас болып мерекелерде ана тілімізде құттықтау жолдайды. Еліміздегі бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп жүретін тәжірибелі саясаткер.
Бауырлас әзербайжандар да ана тілімізге ерекше көңіл бөлген. Айта кетерлігі, олардың сайттары әзербайжан және қазақ тілінде ғана жүргізіледі екен. Осыдан-ақ бауырлас мемлекеттің елімізге деген ыстық ықыласын аңғару қиын емес. Өзбекстан елшілігінің сайты да қазақшаға судай ағып тұр. Талай мәрте тілдік түйткілді басынан өткерген Латвия және Бельгия елдерінің дипломатиялық сайты қазақша сөйлейді.
Елшіліктің қызметі сайтындағы мәліметтің қазақша таралуымен бағаланбайтыны белгілі. Олардың мақсаты – екі мемлекетті жақындастырып, өзара ықпалдастықтың көкжиегін кеңейту. Алайда осы әріптестік сол мемлекеттің негізгі құндылықтарын құрметтеуден басталатын еді ғой?! Ендеше, «тоғызыншы территориядағы» шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері ана тілімізге қырын қарамайды деген үміт басым. Осы мәселені Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өз назарына алып, шетелдік дипломатиялық корпус арасында қазақ тілінің қанат жаюын қадағалайды деп сенеміз.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»