Жақында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрлігінің медиа-орталығында өткен брифингте айтылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты заңнаманы жетілдіру мәселелеріне арналған баспасөз жиынына Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту департаментінің, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті мен «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ өкілдері қатысты.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту департаменті директорының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, бұл саланы реформалау мақсатында министрлік «Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеген.
Бұл құжатта үш Кодекс пен 12 заңға өзгеріс енгізу көзделген. Оның ішінде бірнеше түбегейлі түзетулерді атап өтуге болады. Біріншіден, әр көппәтерлі үйде меншік иелерінің бірлестігін коммерциялық емес ұйым түрінде құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу қарастырылған. Екіншіден, пәтер иелері мен жергілікті атқарушы органдардың, басқару органдарының, менеджерлер мен сервистік компаниялардың өзара қарым-қатынасын реттеу үшін тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылмақ. Үшіншісі – эксплуатациялық шығындардың ең төмен мөлшерін белгілеу. Сондай-ақ тұрғын үйлерді ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы жинау тетіктерін регламенттеу жайы, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін кеңейту және тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметтерін реттеу мәселелеріне түзетулер қарастырылған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасының негізгі жаңалықтарының бірі тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу. «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов бұл жүйе ТКШ саласында бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті, яғни қызмет көрсетуші компания мен тұрғын үй иелері арасындағы өзара қарым-қатынастың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ олардың қаражатты жұмсауын және басқарушы компаниялар мен энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындардың қызметін бақылайды. Барлық алынған ақпараттар саланы тиімді басқару үшін мемлекеттік деңгейде талданады және халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасына тікелей әсер етпек.
Заң жобасы Мәжіліске осы қыркүйек айында енгізілмек.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»