Алдымызда қыс келе жатыр. Жылы киім алудың қарбаласы да жақын. Әсіресе ақ қар, көк мұзға лайық, жайлы аяқ киім таңдаудың жөні бөлек. Дәл осы мақсатпен дүкен сөресін, базар қоймасын жағалаған жұртқа аз-кем құлаққағыс қылып қойсақ деп едік...
Айтпағымыз, ASKHAT брендімен тігіліп, саудаға түсетін отандық етік жайлы. Бұл қыстық аяқ киім – Алматы облысының Кербұлақ ауданында, Сарыөзек кентінде тігіліп, дайындалатын нағыз жергілікті өнім. Іс басында Асқат Талғарбаев есімді жігіт жүр. Асқаттың өзі тағдырлы жігіт. Екінші топ мүгедегі, есту және сөйлеу қабілетінен туабітті айырылған. Басқа салған сынақтан сынып кетпей, өмір ағысына қарсы жүзе білген ержүрек! Қазір Асқаттың жеке фирмасы бар. Өзінің сүйікті кәсібін дөңгелетіп, жақсы адамдардың көмегімен үлкен бизнеске айналдыра білді.
– Асқаттың тіршілігі қол-аяғы балғадай, он екі мүшесі сау кез келген жігітті ойландыруы керек. Мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамастан, жігерлі-ақ. Өзі қолынан бізі мен тебені түспеген шебер екен. Ойласа келе, Асқатқа аяқ киім тігу мен жөндеу цехын ашуды ұсындық. Бұл істе тәжірибесі бар. Өндірісті ұйымдастыру үрдісімен таныстырып, бизнес-жоспарды әзірлеп бердік. Кейін сурдоаудармасы бар «Бизнес кеңесші» жобасына жазылды. Оқудан өтіп, жаңа білім алған соң мемлекеттік грант алуға өтінім берілді. Нәтижесінде, ASKHAT брендімен тігілген отандық аяқ киім тұтынушыларға жол тартты, – дейді бізге кәсіпкердің ісі жайлы әңгімелеген Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасы Кербұлақ аудандық филиалының басшысы Болат Тастанбеков.
Қазір Асқаттың аяқ киім тігетін цехында мүмкіндігі шектеулі тағы үш адам жұмыс істейді екен. Бір-бірін айтпай түсінетін төртеудің ісі де өнімді. Орта есеппен айына 40 жұп аяқ киім тігеді. Етік тігуге қажетті шикізат, былғары өнімін Шығыс Қазақстаннан тапсырыспен алдырады. Басқа қосалқы ұсақ-түйек заттар Ресейден келеді.
Шүкір, биыл ASKHAT брендімен тігілген былғары етікке сұраныс көбейіп тұр. Жақында Ақтөбе облысының кәсіпкерлерінен 2 мың дана етікке тапсырыс түскен. Шығыс Қазақстан облысынан да Асқаттың өніміне «құда түсушілер» табылуда. Кәсіпкердің ендігі арманы тігін цехын кеңейтіп, тапсырысты көптеп орындау болып тұр. Балалардың қыстық етігін тігіп, саудаға шығарсам деп ойлайды. Асқат өнімін өткізерде бөлшек саудадағы бағасын тым қымбаттатпауды өтінеді екен. Әрбір қазақ Сарыөзектегі шағын цехта тігілген етікті киіп жүргенін қалайды, ол үшін бағасы қолжетімді болғаны дұрыс дейді.
Айтпақшы, Асқат Талғарбаев былтыр «Бизнес кеңесші» оқу курсында оқыған 200-ге жуық кәсіпкердің бірі. Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының мұрындық болуымен осы курсты бітірген 120 адамға бизнесін жүргізу үшін 340,4 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген-ді. Нәтижесінде, кейіпкеріміздің шаруасы дөңгеленіп, ісі ілгеріледі. Ынта мен іскерлік оқу мен білімге ұштасса, нәтижесі оң болмақ. Адам мүмкіндігінің шексіздігін өз кәсібімен дәлелдеп жүрген Асқаттың тіршілігі соған дәлел...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Кербұлақ ауданы