• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қыркүйек, 2018

Павлодар облысында көшпелі отырыс өтті

197 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті энергетика саласын жаңғырту және инновациялық дамыту мәселелері бойынша Павлодар облысында көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

Комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев көшпелі отырыста Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институттық реформа жөніндегі бастамасын іске асыру тұрғысында «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында экономиканың келешегі зор салаларын дамыту туралы көптеген шаралар көзделгенін атап өтті. Ол ең алдымен электр энергетикасы және энергия тиімділігі салаларына қатысты болып отыр.

Сенатор A.Бейсенбаев Парламент өткен жылы және биыл электр энергетикасы саласындағы заңнамаға «бірыңғай сатып алушы» үлгісін енгізу арқылы негізгі құралдарды жаңғырту, қайта құру, кеңейту және жаңарту үшін энергия өндiрушi ұйымдарға салынған инвестицияларды ұзақ мерзімде қайтаруға кепілдік беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар түзетулер қабылдағаны туралы хабардар етті.

Отырыста сөз алған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәселенің маңызы мен өзектілігін атап, облыстағы электр энергетикасы саласының жай-күйімен таныстырды.

Сенатор Манап Көбенов өз баяндамасында электр энергетикасы саласының негізгі мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, электр энергиясын тұтыну өсіп келе жатқанда сұраныс пен ұсынысты теңестіру шаралары қолға алынбай отырғаны, жабдықтардың жаппай тоза бастауы мен электр қуаты қорлардың аздығы, жаңартылатын энергия көздерінің болмауы, сондай-ақ Солтүстік, Оңтүстік және Батыс энергетикалық аймақтары арасында байланыстың әлсіздігі туралы айтылды.

Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев электр энергетикасы саласындағы субъектілер қызметінің негізгі көрсеткіштерімен және осы саланы дамыту үшін мемлекеттік органдар қабылдаған шаралармен таныстырды.

Комитет отырысында «KEGOК» акционерлік қоғамы Солтүстік бөлімшесінің директоры Александр Дайнеко, «Екібастұз ГРЭС-1» бас директоры Мәди Әбішев те сөз сөйледі.

Кездесуге қатысушылар энергиямен қамтамасыз ету, өңірлік электр желісі компаниялары мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды ірілендіру, инвестиция тарту, өнімдерді экспорттау, сондай-ақ саланы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға байланысты мәселелерді талқылады.

Комитеттің көшпелі отырысында қатысушылардың айтқан пікірлері мен ұсыныстары ескеріле отырып, еліміздің  электр энергетикасы саласын қолдау және одан әрі дамыту үшін тиімді шаралар әзірлеу туралы қорытынды жасалды.

Комитеттің көшпелі отырысының аясында депутаттар «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1», «Өнеркәсіп машинасы комплект» мекемелерінде болды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының аймақтардағы туризм саласының әлеуетін дамыту қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында Баянауыл ауданында туризм кластерін дамыту жағдайы, өзекті мәселелері және келешегімен танысты.