«7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша алғашқы жарна 20-дан 10 процентке төмендетілмек. Таяуда бағдарламаның бас операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы осындай жағымды жаңалықпен бөліскен еді. Біз бірден ұйым өкілдеріне хабарласып, аталған жайттың анық-қанығын білдік.
«Иә, бұл – шынайы ақпарат. Енді Елбасы бастамасымен қолға алынған бағдарлама негізінде алғашқы жарна есебіндегі 20 проценттің 10 процентін ғана төлеп, баспаналы болуға мүмкіндік бар. Бірақ бағдарлама түбегейлі өзгеріске ұшырап отырған жоқ. Яғни бұл барлық азаматтар үшін емес, тек белгілі бір әлеуметтік топқа арналған және жергілікті әкімдіктер арқылы жүзеге асырылады», деді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы коммуникациялар қызметінің өкілі бізге берген жауабында.
Жуырда газетімізде жарияланған мақалада («Жалған бағдарлама жарға жықпасын», «ЕҚ», 23 тамыз 2018 ж.) соңғы кезде «7 – 20 – 25» бағдарламасына ұқсас атауды жамылып, жарнамасын жасап жатқан түрлі бағдарламалардың көбейіп кеткені туралы мәселе көтерілген еді. Яғни жарнамаларды таратып отырған құрылыс компаниялары мен тұрғын үй кооперативтері ғаламтор мен әлеуметтік желілерде «0-20-25», «5-19-25», «5-10-25» сынды түрлі акциялар ұйымдастырып жатқанымен олардың баспаналы болуды армандаған халыққа ұсынып отырған талаптары мүлде басқаша. Мысалы, атауы айқайлап тұрғанымен, несиені 25 жылға емес, 25 айға ғана беруі мүмкін. Немесе «20» саны алғашқы жарна емес, несие бойынша үстеме мөлшерлеме болуы әбден ықтимал. Сондықтан жоғарыда аталған жаңалыққа да сәл күмәнмен қарағанымыз рас. Алайда бұл жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жасалатын тиімді жоба екені белгілі болды. Мәлім болғандай, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ «7-20-25» бағдарламасы аясында жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлеріне қаржылық жүктемені азайту мақсатында «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдерін әзірлепті. Өнімдер «Баспана» ипотекалық ұйымы және жергілікті атқарушы органдар арасындағы ынтымақтастыққа негізделіп, аталған санаттағы азаматтарға
«7 – 20 – 25» ипотекасының алғашқы жарнасын екі есеге азайтуды қарастырады.
«Біз «7 – 20 – 25» бағдарламасына жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің қатысуына ерекше зор мән береміз. Оларға алғашқы жарнаны жинау қиын екені жөнінде көптеген ұсыныс-пікір келіп түсті. Сол себепті, барынша қолдау мүмкіндіктерін қарастырдық. Мұндай әлеуметтік шешімдерді іске асыру үшін әкімдіктер тарапынан қолдау күтеміз», дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдері жайында берген түсіндірмесінде.
Шындығында әлеуметтік маңызы зор бағдарламаның тиімділігі, артықшылығы қаншама айтылғанымен, осы бір алғашқы жарнаның 20 процент болуы жас отбасылар үшін ауырлау болып отырғаны өзекті мәселе еді. Бұл талай жиында қаралып, талқыланған-ды. Енді міне, бұл тығырықтан шығудың да бір жолы табылғандай.
Бүгінде «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдері бірінші болып Шымкент қаласында қанатқақты режімде жұмыс істей бастаған екен. Тараптар тиісті меморандумға 2018 жылдың 3 қыркүйегінде қол қойды. Меморандумға сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі қайтарымды негізде бастапқы жарнаны субсидиялау үшін ағымдағы жылы 500 миллион теңге және 2019 жылы 1,5 миллиард теңге бөлмек. Әкімдіктің қолдауы 2 мыңға жуық жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерін қамтиды деп жоспарлануда.
Айтқандай, «Баспана» ипотекалық ұйымы өкілдері бүгінде жалпы «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша ең жоғары сұраныста аумағы 62 шаршы метр екі бөлмелі пәтерлер екені анықталғанын айтып отыр. Сонымен бірге «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқылы сатып алынатын баспананың орташа құны да есептелген. «Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 14 миллион 68 мың теңгені құрайды. Қарыз алушының ортақ сипаты да белгілі болған. Ол – Қазақстан Республикасының азаматы, жас шамасы 24 пен 40 жас аралығында, отбасының ай сайынғы табысы 200 мың теңге көлемінде», дейді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ Сыртқы байланыс қызметі бастығының орынбасары Айбар Олжаев.
Сондай-ақ бүгінде «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетіндер қатары күн санап артып келе жатқанын айта кету керек. Мәселен, осыдан бір ай бұрын, яғни 13 тамыз күнгі жағдай бойынша, Қазақстан халқынан бағдарламаға қатысуға 15,4 миллиард теңге сомасына 1323 өтініш келіп түскен екен. Оның жалпы сомасы 9,7 миллиард теңгені құрайтын 843 өтініші банктер тарапынан мақұлданған.
Ал Ұлттық банктің кеше, 10 қыркүйек күні жарияланған ақпараттық хабарламасында «7 – 20 – 25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде қарыз алуға 26,7 млрд теңге сомасына 2 255 өтініш қабылданғаны айтылды. Оның ішінде 18 млрд теңге сомасына қарыз беруге 1 514 өтініш мақұлданған. Яғни өтініштер саны екі еселенген. Ал «7 – 20 – 25» бағдарламасының «Жас арман» және «Қамқор баспана» бағыттары бойынша әзірге ешқандай өтініш қабылдана қойған жоқ. Оның нақты талаптары қазіргі күні әкімдіктермен келісіліп, нақтыланып жатыр.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»